• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
03 Ақпан, 2016

Тума талант өнерімен тәнті етті

533 рет
көрсетілді

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының концерт залында жас талант, халықаралық байқаулардың лауреаты, 100-ден аса музыкалық туындылардың авторы, виртуоз пианиношы Рахат-Би Әбдісағин жеке концертін берді. Туған жерінде тұңғыш рет автор­лық кешін өткізіп отырған Рахат-Би жас та болса, алыс-жақын шет елдерге кеңінен танылып үлгерген аса талантты композитор һәм музыкант. Он алты жасында Еуропа мен Азияның алдыңғы қатарлы сахналарынан туындылары орындалып жүрген жас композиторға деген құрметі болса, керек, 2013 жылы Париж­де өткен француздың әйгілі композиторы Эрик Сатиге арналған мәдениет күндерінің ашылу салтанатын Рахат-Бидің «Aport pour Satie» атты туындысымен автордың орындауында бастап, ол туралы Батыс баспасөзі «қолына өнердің киесі қонған қазақтың ғажайып талантты ұлы» деп жарыса жазды. Мектеп табалдырығында жүрген кезінде Рахат-Би Әбдісағин Қазақ ұлттық өнер университетінде, Құр­манғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында, Назарбаев Уни­верситетте, Италияның Санта-Че­чилия академиясында және Алма­­тыдағы Оқушылар сарайында «Му­зыка жолы» атты концерт-лекция өткізіп, өнерсүйер қауымның шынайы ықыласына бөленген еді. 2015 жылы Дәстүрлі музыканың халықаралық кеңесіне мүше болып, Дәстүрлі музыканың дүниежү­зілік конференциясындағы ең жас лектор ретінде мойындалып, «Гар­мония шегі», «Математика және заманауи музыка», «Замана тұр­ғысындағы этнос» деп аталатын музыкатанушыларға арналған бірне­ше ғылыми еңбектерімен әлем­дік өнер майталмандарының арасында танымал бола түсті. Өзінің авторлық кешін жас пиа­нист «Жыл құстарының сарыны» атты туындысымен ашты. 2013 жылы Ялтада өткен А.Спендияров атындағы ІІІ Халықаралық композиторлар байқауында І орын иеленген бұл туынды туралы автордың өзі: «Адам қолымен талқандалған жерге жыл құстары қона алмауы – Табиғаттың жанайқайы. Тіршілік үшін бар жағдай жасалған өмірдің табиғи тербелісін, жарасымдылығын адам қолымен бұзу – қылмыс. Мен осындай бүгінгі өмірдің келеңсіздігін музыка тілімен, құстардың үнімен жеткізуге тырыс­тым» дейді. Тек өз туындыларын ғана емес, әлемге әйгілі Моцарт, Шопен се­кілді ұлы композиторлардың да шы­ғармаларын жоғары дәрежеде орын­дайтын Рахат-Би Венецияда итальяндық оркестр мен дирижер Пьетро Перинидің сүйемелдеуімен қайталанбас концерт беріп, осы өнері үшін халықаралық дипломға да ие болған. Рахат-Бидің «Қазақ рапсодиясы» атты туындысы дүниежүзілік «Discography» музыка топтамасына ен­гізіліп, осыдан тура 30 жыл бұрын Ғазиза Жұбанова мен Серік Еркімбеков және Тілес Қажығалиевт­ің туындыларынан кейін үзіліп қалған әлемдік көштегі қазақ өнерінің арқауын жаңғыртты. Жас таланттың «Өмірге талпыныс» («The Will to Live») атты шығар­масы әлемдік дәрежеде кеңінен насихатталған біртуар өнер туындысы. 2015 жылы Берлин филармониясында орындалғаннан кейін бұл шығарма Испанияның Аликанте, Телуаде се­кіл­ді өнер астаналарында насихатталып, күллі әлемге жол тартты. Осы қайталанбас туындысымен Рахат-Би Әбдісағин өзінің авторлық кешін түйіндеп, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік академиялық оркес­трінің сүйемелдеуімен қалың тыңдар­манын өз өнеріне сусындатты. Жас та болса әлемдік деңгейде танылып, ұлтымыздың музыка өнерін насихаттап жүрген Рахат-Бидің авторлық кешінде оркестрге Қанат Ома­ров көркемдік жетекші болса, ал Ерболат Ахмедияров дири­жер­лік қолдау көрсетіп, өнердегі жара­сым­дылықтың жалғасатынын танытты. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. Суретті түсірген Нұрманбет Қизатов.