бауыр ауыстыру отасы сәтті жасалды
Өткен жылы күзде ҚР Ұлттық медицина орталығы жанындағы республикалық трансплантология орталығының басшысы, академик, медицина ғылымдарының докторы Жақсылық Досқалиев облыстық клиникалық аурухана базасында бүйрек ауыстыру операциясын жасап, БАҚ өкілдерімен болған брифингте 2016 жылы мұнда бауыр ауыстыру отасы жасалатынын айтқан болатын. Міне, бұл сәт те жетті.
Батыс аймағында алғаш рет Ақтөбеде бауыр ауыстыру операциясы жасалды. Оңтүстік Кореяның Сеул ұлттық университетінен келген Кванг Вунг Ли және академик Жақсылық Досқалиев бастаған ақтөбелік білікті хирургтер 38 жастағы әйелдің бауырын ауыстырды. Операция 7 сағатқа созылды. Науқастардың жағдайы жақсы. Бұл туралы облыстық ауруханада өткен баспасөз мәслихатында хабардар етілді.
Бауыр ауыстыру отасы бұған дейін Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жасалып келген екен. Студенттер мен дәрігерлер бауыр ауыстыру сәтін мәжіліс залындағы экраннан көрді.
Дерті дендеген әйел бұған дейін дәрі-дәрмектің күшімен өмір кешкен. Оған туған інісі бауырын беруге келіскеннен кейін Сеул университетінің дәрігерлерімен бірлесе отырып, апалы-інілі екеуіне медициналық тексеру жүргізілген. Базылбек Жақиев, Әбілғазы Жанәділ, Мұрат Жайқанов сынды ақтөбелік дәрігерлер мен медбикелер сол елге барып тәжірибеден өтіп келген. Қазір екі адамның да жағдайы қалыпты. Оңтүстік Кореядан келген профессор Кванг Вунг Лидің айтуынша, бауыры алмастырылған әйел әлі де үш аптадай ауруханада жатады. Ал туған әпкесіне бауырының 70 пайызын берген жігіт бәрі сәтті болса, 10 күннен соң үйіне оралады. Дәрігерлердің кеңестерін мүлтіксіз орындап, күтініп жүрсе, оның ағзасы алдағы 6 айдың ішінде толықтай қалпына келеді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиевтің мәлімдеуінше, болашақта облыста трансплантологиялық орталық ашылады деп күтілуде. Соңғы екі жылда бұл мақсатқа 250 миллион теңге бөлініп, күрделі операцияларға қажетті қондырғылар сатып алынып, дәрігерлер біліктілігін жетілдірген. Осы кезге дейін жасалған жеті бүйрек ауыстыру отасы сәтті өткен.
Бұдан былай ақтөбелік дәрігерлер бауыр ауыстыру операциясын өздері жасайды. Биыл осындай 5 ота жасау көзделуде. Дереккөздерінен мәлім болғанындай, жалпы облыста 128 адам бүйрек, ал 60 адам бауыр ауыстыруды күтуде екен.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.
Суретті түсірген
Хайредин Раушанов.