• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
05 Ақпан, 2016

Бата

1830 рет
көрсетілді

Оның басы дұға, бойы ғибрат, аяғы тілек, қалыбы тәрбие, негізі сенім Бірде қалың топ арасында тар жолды жиектеген екі қартпен қатарласып қалдым. Шамалары тоқсанға жетер-жетпес, бір-бірінен ажырап қалмас үшін алақандарын айқастыра мықтап ұстап алған. Ақ жаулығына оранған қарт әжей арагідік Алланы айтып, күбірлеп қояды. Бір-бірін сүйемелдеп, бірін-бірі демеп, қалт-құлт еткен күйде жетекшілерінен бір елі қалғылары жоқ. «Әй, шал, жетіп қалдық», деген әжейдің күш-қуатының әлі де бар екені байқалды. Ананың мейірімі көзінде, ықыласы көңілінде, ақылы сө­зінде болады емес пе, қазақы тақиядағы жүрісінен шаршаған қарт жұбайын жұбатқан әжеге бір адам: «Қарттарым-ау, аман-есен­сіздер ме, әлі қол ұстасып жүр екенсіздер, бұл бақыт қой. Қосағыңмен қоса ағар деуші еді үлкендер, сол батаға кенелген екенсіздер. Аман болыңыздар, Алла өмір берсін сіздерге», деп тамсана сөйледі. Бұл сөзге көңіл­дері көлдей болған қарттар сол арада арқа-жарқа ақ баталарын беріп жатты. «Батамен ел көгерер, жауынмен жер көгерер» деген қазақ едік. Бүгінде сол батаға бұрынғыдай мән берілмейтіндей көрінеді бізге, дастарқан басында шатып-бұтып бата қайырған сыңай танытқанымыз болмаса. Бала кезімізде үлкендердің қабағынан қорқатынбыз. Үлкен­дердің алдын кесу, қарсы келу, сөзіне құлақ түрмеу, ақылын тыңдамау, жөнсіз ренжіту, қарғыс есту деген мүлдем болмаушы еді. Үлкеннің көзі мен сөзінің өткірлігінен болар, үйге бір қария келе қалса, анамыздың етегі қорған-тын. Құрметтілігін даралайтын олардың ақ сақалдары еді. Абзал аталардың талғаммен айтатын әрбір сөзі бәрімізді тәнті ететін. Саналы ғұмырынан алынған сырлы әңгімелері баршаны ұйытатын. Ұлағатты батадан тұратын игі дұғаларына жұрт құштар келетін. «Жөн сөз – көңілді өсіреді, жөнсіз сөз – үмітіңді өшіреді» дегендей, ол дәуір батаның заманы еді. Ықыласын өрнектеген аталар кітап тілін білмесе де, асып-тасыған білімі болмаса да, ақ батасынан жаңылмайтын. Өйткені, жамандықты жанына жуытпаған, жақсылыққа ұмтылған жандар болатын. Сондықтан болар, ойлары алғыр, сөздері діттеген жеріне дөп тиіп жататын «Түсі игіден түңілме» деген әке-шешеміз түзу жолда түзу ақыл беретін әулиенің, мейірімі тасыған, жүзі жылы, иманы күшті діндардың, ел аузындағы шешеннің, сабыры салмақты басшының, рухы мықты батырдың, еліне сыйлы қарттың, жұртына қадірлі ақсақалдың дуалы аузына қарататын. Сол игілікті баталар халыққа ерекше құдіретті, сенімге күш беретін қастерлі жолдама еді. «Аталар сөзі – ақылдың көзі» деген өсиетпен өскен біздер, батадан бақ даритынын сезетінбіз. Сол уақыттың өрендері ақылдан парасатты, төзімнен қайратты, жүректен нұрлы, өмірде ілкімді болып өсті. Ал, қазіргі тұрмыс билеген заманда тағдырын уысында ұстап, тура жолынан адасқандарға батаның қадір-қасиеті жоғалғаны анық. Тарам-тарам болған мұңы­нан арыла алмай, мешітке келеді. Сонда, мешіт молдасынан бұрын, әуелі ата-ананың батасын алуды ұсынамын. Алайда, қазіргі үлкеннің пейілі тарылды ма, арадағы арна жоғалды ма, іштегі ниет таусылды ма, әйтеуір, ертеден келе жатқан ата салты күйінің әлсірегені байқалады. Бата – көңілдің көзін ашатын, атадан жалғасқан гауһар тас. «Жақ­сы сөз – жарым ырыс­тан» тәлім алған бабалар мұрасы. Адамзат рухына серпіліс беретін имандылықтың насихаты. Себебі, батаның басы дұға, бойы ғибрат, аяғы тілек, қалыбы тәрбие, негізі сенім. Ал сенім адамды ешқашан өлтірмейді. Дұға қаза мен тағдырды өзгертсе, бата адамға үміт беріп, ғұмырын ұзартады. Біреулер батаны діни наным-сенімге немесе өнерге теліп жатады. Оны ақыл-кеңестен тұратын аталар ғұрпы десем болады, бірақ өнер емес. Өйткені, батаның жөні мен жолы бар. Әлемнің көпшілігінде мұндай бата беру жоралғысы жоқ. Бата Бісмілләдан басталып, Ұлы Алланың мейірім шапағатына ұласқаны жөн. Бата беруші тас­тақ жерді басқан тағасыз аттай кібіртіктемеуі тиіс, адымында иман нұры мен оралымды ой, ұтымды ақыл қатар жүргені жөн. Түсінікті түрде мағынасы болғанымен, ұйқастың болуы шарт емес. Мәтінінің үнемі өзгеріске түсіп отырғаны жақсы. Яғни, батаның сөздері қайталанбай, бай тіліміздің шұрайлы сөздерімен өрілсе игі. Төрт немесе алты шумақтан тізілуі, қара өлеңге жалғасуы міндетті емес. Жаттанды ұран, жалаң сөз, құрғақ тіл шынайы батаға жатпайды. Ол – жүректен иірілетін тұнық сөз. Естіген жанды рухани ләззатқа бөлеуі тиіс. Батаны тілекпен шатыстырмау керек. Тілек кез келген жер­дегі кез келген адамның ниеті мен алғысы. Ал, бата өмірді көркемдейтін дұға, жанға шипа, жүрекке дауа, көңілге ем, сенім қаруы. Жастайынан батамен өскен бала батагөй болғандай, батаның рухы әрдайым биік және әркімге қажет-ақ. Ал тыңдаушысының құлағы қырағы болып, жүрегі қабылдаса, ары мен намысы оянады, сәті түссе, дер кезінде салынған ем ретінде сананы жаңартады. Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғам­барымызға бір сахаба келіп: «Дұға мен тілегім әрдайым қабыл болу үшін не істейін?» деп сұрағанда, «Жеп, ішер ас-суыңды тазала», депті. Бұдан Аллаға адал, жаны тақуа, жүзінде иманы, тілінде тәспісі, жүрегінде зікірі, шындық пен әділдікті қалаған, өтірік пен өсекке араласпаған, рухани таза адамның батасы қабыл екенін байқау қиын емес. Сонау дәуірдің баталары бүгінгі еліміздің өркендеуінде. Шәкәрім бабаның еңбегінде батасы қабыл болатын әулиенің Хәжажға берген ұлағатының өзі өмірлік ғибрат. Негізінде, мұндайда Жаратушы Алла, қасиетті бата, тақуа батагөй, бата алушының ортасында рухани байланыс жүреді. Кейбір баташылардың Алламен байланысы, ойында жігері, сөзінде сенімі, бойында тазалығы болмай жатады. Кейінгі кейбір азын-аулақ баталардың сиқы әзіл-қалжың мен күлкі, тіпті, сықаққа айналып, тым қатты мақтаудың аяғы жағымпаздық, соңы қарғыспен аяқталып жатады. Мәселен, «...Алла сені оңдасын... Саған жамандық ойлаған, Екі дүниеде оңбасын», деген сөздермен нәлеттейді. Діни тұрғыда, қарғыстың екі ұшы, яғни өзіне қайтымы болуы мүм­кін. Сондықтан, өткенімізді ұмытпайық. Бүгінгі өнген ұрпағымызды ата сөзімен өсіріп, бабалар бұлағынан сусындатайық. Даналар өсиетімен тәрбиелеп, ұлылар жолына ба­ғыттайық. Ата деп келген ұрпағына ақсақал­дарымыз ақ жарма батасын бере жүрсін... Нұрлан БАЙЖІГІТҰЛЫ, Шығыс Қазақстан облысының бас имамы. ӨСКЕМЕН.