• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
09 Ақпан, 2016

Спортшы студенттердің сайысы

508 рет
көрсетілді

Алматыдағы «Сұңқар» халықаралық трамплиндер кешенінде VІ Ұлттық республикалық Қысқы Универсиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімі болып өтті. Келер жылы күллі дүниенің назары ауып, Қазақстанда өткізілетін ең дүбірлі шара – Бүкіл­әлемдік Қысқы Универсиада ойындарына жолдама алу мүмкіндігін тудырып отырған бұл республикалық аламанда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов еліміздің 34 жоғары оқу орындарынан жиналған спортшы студенттерді Универсиада ойындарының басталуымен құттықтап, оларға сәттілік тіледі. – Бұл VІ Ұлттық Универсиада Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр. Осы бір ширек ғасыр ішінде Қазақстан әлеуметтік-экономика саласында да, спортта да үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Бүгінгі Универсиада ойындарында еліміздің түкпір-түкпірінен келген мыңнан астам спортшы студент бақ сынап, өзінің физикалық әлеуетін сарқа жұмсайды. Ал жеңімпаз атанғандар 2017 жылы Алматыда өтетін ХХVІІІ Бүкіләлемдік Қысқы студенттік универсиада ойындары барысында ұлттық құрама команда сапында өнер көрсетіп, ел намысын қорғайтын болады, – деді Аслан Сәрінжіпов. Студенттік спорт федерациясының президенті Қайрат Зәкіриянов FISU (Халықаралық студенттік спорт федерациясы) ұйымының жіберген құттықтау хатын оқып беріп, алдағы Бүкіләлемдік Универсиадаға дайындықтың жоғары деңгейде жүргізіліп жатқандығын атап өтті. Ол өз сөзінде денсаулықтың мықты болуы медицинаға ғана емес, адамның өмір сүру салтына да байланысты екендігін жеткізе отырып, спортшы жастарға жеңіс тіледі, ел намысын қорғап, қазақ туын биіктерден желбіретуге шақырды. Сондай-ақ, спорттың қысқы түрлерінен өткізілетін аламанның ашылу салтанатына арнайы келіп қатысқан еліміздің айтулы спорт жұлдыздары Жақсылық Үшкемпіров, Елена Хрусталева және Ермахан Ыбырайымов спортшы жастарға қолдау көрсетті. Спорт мерекесінің ашылу рәсімі аясында студенттік көр­кемөнерпаздар ұжымдары және танымал Ringo тобының қатысуымен концерттік бағ­дарлама қойылды. Жетісу жерінде ақпан айының 6-17 аралы­ғында ұйымдастырылып отырған VІ Ұлттық Универсиада ойындарында студент жастарымыз қысқы спорттың 10 түрінен бақтарын сынайды. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ. Суреттерді түсірген Юрий БЕККЕР.