Джеки Чан түсірген фильм көрінісі болып шықты
Кеше айдың-күннің аманында Лондонның төрінде орын алған күшті жарылыс бастапқыда Британия астанасы тұрғындарының үрейлерін ұшырып жіберді. Оқыс оқиға Темза өзеніндегі көпірлердің бірінің үстінде жасалды. Сол жерде рейстегі бір автобустың күлі көкке ұшты.
Бірақ, «бақсам – бақа екен» дегендей, мұндай «террорлық шабуылды» жасап жүрген шын лаңкестер емес, басты рөлінде белгілі актер Джеки Чан ойнайтын шым-шытырық оқиғалы жаңа фильмді қоюшылар екен. Картинаның желісі бойынша екі қабатты қызыл автобус көпірдің үстіне келгенде «жарылып» кетеді. Аталмыш «теракт» Американың тегі қытайлық белгілі актердің тапсырысымен жасалған болып шықты. Лента «Шетелдік» деп аталады. Кино көрермендеріне түскен фильмдеріндегі трюктердің бәрін каскадердің қатысуынсыз өзі жасап шығатынымен танымал болған Джеки Чан мұнда да арнайы эффект беруді өз мойнына алыпты.
Жаңадан түсіріліп жатқан картина Стивен Лезердің 1992 жылы жарыққа шыққан «Қытайлық» деген романының экранға дайындалуы болып табылады. Бұл жолы мистер Чан өзінің әдеттегі комедиялық актер деген амплуасын өзгертеді. Себебі, түсіріліп жатқан фильмнің өзі экшн-триллер болмақ. Ал картинаның тұсаукесері қашан өтетіні әзірге белгісіз. Оны түсіру 2015 жылғы қазан айында басталыпты.
Мұрат АЙТҚОЖА.