Өткен сенбіде Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізім бойынша «Бірлік» партиясы тарапынан Мәжіліс депутаттығына ұсынылған үміткерлердің құжаттарын қабылдады.
«Бірлік» партиясынан үміткер ретінде 8 адам ұсынылды. Олардың біреуі – әйел. Барлығы жоғары білімді, 4 үміткер ғылым кандидаты, біреуі – профессор. Үміткерлердің орташа жасы – 59. Олар Астана қаласынан, Ақмола, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан ұсынылған», – деді «Бірлік» саяси партиясы төрағасының орынбасары Төлеген Қуанышев.
Оның айтуынша, олардың арасындағы 4 үміткер бұған дейін еліміздің жоғары заң шығару органына сайланған. Көпшілігі мемлекеттік наградалармен марапатталған.
Айта кетейік, осы жылдың 5 ақпаны күні «Бірлік» саяси партиясының кезектен тыс ІІ съезі өткен болатын. Онда делегаттар Парламент Мәжілісіне сайлануға партиялық тізім бойынша ұсынылған үміткерлерді бірауыздан қолдаған еді.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан».