үшін құтқарушыларға қар құрсауы кедергі емес
Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаментіндегі кезекші телефоны екі кештің арасында безілдеп қоя берді. Әулиекөл ауданындағы Дәңгірбай ауылында тұратын Чертоктар отбасынан телефон шалып тұр екен. Телефонның ар жағынан баланың шырылдаған дауысы естілді, отағасы да дегбірсіздене сөйледі. Бір жастағы нәрестесі – Илья қайнап тұрған суға күйіп қалыпты. Баланы тез арада аудандық ауруханаға жеткізу керек. Бірақ Дәңгірбай ауылы Әулиекөлден 80 шақырым жерде жатыр. Жолдарды қалың қар басып қалған, көлікпен де, тіпті, жаяу жүру де мүмкін емес. Мынандай дабылды хабардан кейін Солтүстік өңірлік аэромобильдік жедел-қорғау жасағының құтқарушылары «ТРЭКОЛ» арнайы жабдықталған көлігімен суыт жолға шығып кетті. Оларға жолай Әулиекөл ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі қызметкерлері және аудандық аурухананың медбикесі мен реаниматолог-дәрігері қосылды.
Құтқарушылар мен дәрігерлерге күннің күрт жылынуынан жентектелген қалың қармен түн ішінде екі сағат жүру оңай болған жоқ. Дәңгірбай ауылына бар мүмкіндігінше жылдамдата жеткен дәрігерлер балаға алғашқы медициналық көмек көрсеткен соң, оны ауруханаға жатқызу керек деп шешті. Құтқарушылар мен дәрігерлер көпбалалы отбасынан тек күйіп қалған нәрестені ғана емес, вирусты суық тию белгісімен ауырып отырған екі жастағы бүлдіршінді де қоса алып, қар құрсаулаған жолға қайта шықты. Үлкен жолдың үстінде анасы мен балаларды «Жедел жәрдем» көлігі күтіп тұрды. Ол емделушілерді аман-есен аудандық ауруханаға жеткізді.
– Түкпірдегі Дәңгірбай ауылындағы Чертоктар отбасында үпір-шүпір бес баланың үлкені бес, ең кішісі бір жас бір айда екен. Егер құтқарушылар түнделетіп жетпегенде, екі бүлдіршіннің де жағдайы қиын болар еді, – дейді Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Уәлихан Досанов.
Дәңгірбай ауылындағы бүлдіршіндерді қар құрсауынан тас жолға дейін аман шығарып берумен құтқарушылардың жұмысы біткен жоқ еді. Олар ананы балаларымен «Жедел жәрдемге» тапсыра сала, өздері әрі қарай Наурызым ауданының Дәмді ауылы маңындағы тас жолда көлігі тоқтап қалған жас жігітке көмекке жетуге асығып кетті. Құтқарушылар жігіттің көлігіндегі ақауды жөндеп, онымен Әулиекөл кентіне дейін қатар жүріп келді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан».
ҚОСТАНАЙ.