• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
09 Ақпан, 2016

«Тірегіміз – Тәуелсіздік, тілегіміз – Тұрақтылық, білегіміз – Бірлік»

379 рет
көрсетілді

Кеше Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған осы тақырыптағы кітап көрмесі және «Ақындар Тәуелсіздікті жырлайды» атты поэзиялық марафон өтті. Аталмыш көрменің негізгі мақсаты – Қазақстанның қазыналы тарихын, 25 жыл ішіндегі экономика, саясат және әлеуметтік саладағы жетістіктерін, әлемдік қауымдастыққа танылған мем­лекетіміздің қарышты, қарқынды даму кезеңдерін баяндау. Көрмеде бес институттық реформаны жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» – Ұлт Жоспарын және 2015 жылғы 30 қарашадағы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауын түсіндіруге баса назар аударылған. Қазақ мемлекетінің сан ғасырлық даму тарихындағы уақыт пен ұрпақтар сабақтастығын көрсету, сондай-ақ, жастардың патриоттық сезімін оятып, оң имиджін қалыптастыру шарапатты шараның негізгі міндеті ретінде айшықталған. Көрмеден бөлек, жырдан шашу шашқан ақындардың поэ­зиялық кеші де өткен тари­хымыздың өшпес тұстарын баян­дауға бағытталды. Бодан­дықтан бостандыққа дейінгі ғұмырымызды әр ақын әлінше жырлады. Ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Серік Тұрғынбеков тәуелсіздік дей­тін тәтті ұғымының мәні мен маңы­зын терең тебіреніспен қозғап, тыңдарманның ойын тарих кө­шіне ілестіріп әкеткендей күйге бөледі. Одан соң бүгінгі жас­тар поэзиясының жалынды өкіл­дері Ербол Бейілхан, Олжас Қасым, Ербол Алшынбай өлең­дерін өрлетті. Айтулы кештің тізгі­нін айтыскер ақын, «Дарын» мем­лекеттік жастар сыйлығының лау­реаты Дәулеткерей Кәп ұстап, әдебиет әлеміндегі ойлы оқиға­ларды ортаға салды. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан».