Өткен жылы Отырар ауданына барып, бақуатты үйдің сейфінен 25 мың доллар мен 4 млн. теңгенің алтынын ұрлап кеткен сарыағаштық екі жас жігіт енді алты жылға дейін осы қылмыстары туралы ойланып, опық жейтін болды.
Арасан суымен аты шыққан ауданның 23 және 24 жастағы екі тұрғынының ұрлық жасау қанына сіңген қасиет сияқты. Өйткені, екеуі де бұрын сотты болған.
Отырар аудандық ішкі істер басқармасының тәжірибелі қызметкерлерінен жасақталған топ індетіп жүріп ұрылардың дерегін тапқан.
Біреудің ақ-адал ақшасын оңай сіңірмек болған екеу ақшаның бір бөлігіне автокөлік алып, бірталайын өз қажеттеріне жаратқан екен.
Ұрланған ақшаның біраз бөлігі заңды иесіне қайтарылды. Олардың үстінен Қылмыстық кодекстің 188-бабы бойынша іс қозғалып, қылмыскерлер алты жылға бас бостандығынан айырылды.
Ұрлық дүниенің сіңуі қиын. Тепсе темір үзетін екі жас мұны кеш түсінген сыңайлы.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.