• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Ақпан, 2016

Тек қана қыздар...

830 рет
көрсетілді

Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінде «Парасатты НЛО» (Нағыз лидерлер одағы) пікірсайыс клубының ұйымдастыруымен тұңғыш рет тек қыздарға арналған «Қазақ қызы» атты екі күндік республикалық пікірсайыс турнирі өтті. Қатысушылар тек қана қыздар болған турнирда шешім шығарып, әділ төрешілік ету – ер-азаматтарға бұйырды. Алғаш рет ұйымдас­тырылып отырған пікірсайыс додасына Алматы, Өскемен, Семей, Қызылорда қала­ларының жоға­ры оқу орындарынан, яғни ҚазҰУ, ҚазҰАУ, UIB, ҚазҰТЗУ, АЭжБУ, Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда мемле­кеттік университетінің пікір­сайысшылары қатысып, бар білімдерін ортаға салды. Жалпы, бұл турнир қазақ қыздарының ой-пікірін жан-жақты, еркін айтуға үл­кен ықпалын тигізді. Қай тақы­рыпқа болмасын көсіле сөй­леп, мәселені шешу жолын қарастырды. «Қазақ қызы» деген атқа лайық болу – әр қа­зақ қызының басты міндеті. Ол көркімен ғана емес, ақыл-парасатымен, шешендігімен, ұтқырлығымен ерекшеленіп тұруы қажет. «Қазақ қызы» атты респуб­ликалық пікірсайыс турниріне қатысқан командаларға сайыс барысында түрлі тақы­рыптар қарастырылып, өзек­ті мәселелер қозғалды. Пі­кір­сайысшылардың негізгі мін­деттері – қоғамның өзекті мәселелерін талқыға салып, сол туралы түсініктерді ке­ңейту болды. Әр топты жеке-жеке төрешілер бағалады. Турнир идеясының авторы Қыздар университетінің Па­ра­сатты нағыз лидерлер ода­ғының президенті Ардақ Әзім­хан, турнирдің бас төре­шісі магистратура студенті Сан­дуғаш Меңлібаева, ал бас ұйым­дастырушысы – Ғазиза Досым­бек болды. Турнирда «Бұл палата 1/3 статистикасына әйелдер кі­нәлі», «ЖаҺандануда барлық салт-дәстүрлерді ұстану ақта­лады», «Айша бибі әкесін тыңдағанда бақыттырақ болатын еді», «Зарина патшайым елін емес, сүйгенін таңдайды», «Феминизм қазақ қоғамында», «Қазақ тарихындағы есıмı алтын әріппен жазылған аруды атайды», «Саясатқа әйелдердің келуі мемлекеттің саяси және әлеуметтік мәселелердı шешуге оң әсерін тигізеді деп есеп­тейді» деген жеті тақырып ойнатылды. Сондай-ақ, пікірсайыс додасында «Пікірсайыс аруы – 2016» жеңімпазы С.Демирел университетінің студенті Ай­нұр Есенғалиева иемденіп, тәж бен бағалы сыйлықтар тап­сырылды. Пікірсайыс орын­­дарында американдық пар­ламенттік формат бойынша І орынды Ә.Мол­дағұлова командасы, яғни университеттің пікірсайыс клубының мү­шесі Аида Өте­місова мен Ха­лықаралық Бизнес универ­ситетінің студенті Ай­жан Әуелбек иемденіп, мақтау қа­ға­зы мен сыйлықтар тапсырылды. ІІ орынды «Тұмар ханым мен Темір ханша» тобы – М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің студенттері Ақнұр Сәрсенбек пен Ақерке Алтаева, ІІІ орынды «Қанатсыз періштелерден» – Ақерке Дәулет пен Семей қаласындағы С.Аманжолов атындағы меди­циналық университеттің сту­денті Еркежан Кәметаева ие­ленді. Аталмыш турнир алдағы уақытта да өз жалғасын таппақ. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан».