Кеше Қарағандыдағы Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясының «Мейірімділік керуені» атты жалпыұлттық қайырымдылық акциясы аясында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының жанындағы Аналар кеңесінің «Бірге өмір сүру өнері» атты игі шарасы өтті.
Өткен жылдың 27 қарашасында Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясының қолдауымен қайырымдылық ұйымдары, меценаттар және донорлардың бірінші Республикалық съезі өткен. Сол жиынның қорытындысында «Мейірімділік керуені» акциясының тұсауы кесілген болатын. Аталған шара Қарағанды облысында да жұртшылық тарапынан кеңінен қолдау тапты деуге негіз бар. Соның бір дәлелі ретінде облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының осы жолғы «Бірге өмір сүру өнері» акциясын атауға болады.
Қайырымдылық шарасы аясында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясына хабарласқан ата-аналардың сал ауруына шалдыққан балаларына көмек көрсетілді. Бұдан бөлек, Аналар кеңесінің мүшелері «Құлыншақ» балалар үйіндегі жетімдерді өз қамқорлықтарына алу жөнінде бастама көтерді.
Ұйымдастырылуы жағынан жоғары деңгейде өткен қайырымдылық шарасына облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының басшысы Е.Құсайын, Аналар кеңесінің төрайымы С.Нұрмағанбетова, Жезқазған қалалық мәслихатының депутаты, меценат Б.Алтынбеков, «Құлыншақ» балалар үйінің директоры С.Бүркеева, Қарағанды облысындағы қалалық және аудандық Аналар кеңестерінің төрағалары мен мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері қатысты.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.