Аймақта үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асқан жобаның бірі – керамикалық күйдірілген кірпіш шығару зауыты.
«Максима логистикс Қазақстан» серіктестігі қолға алған керамикалық кірпіш шығаратын зауыт сәуір айынан бастап іске қосылды. Жалпы құны 300 миллион теңгені құрайтын өндіріс орны украиналық «Красный октябрь» компаниясының технологиясымен жабдықталған. Бүгінде мұнда екі түрлі пішіндегі М125 маркалы керамикалық кірпіш шығарылады.
Отандық өнім өндіруді қолға алған зауыт күніне шамамен 28 мыңнан астам керамикалық кірпіш шығарады. Қазір мұнда қырыққа жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауыттағы қызу тірлік түнгі 11-де басталып, таңғы 7-де аяқталады. Себебі, бұл уақытта тоқ көзін пайдалану тиімді дейді мамандар.
«Бұл кәсіпорынның қалыптасу кезеңіндегі қатаң экономикалық саясатының бірі деуге болады. Электр энергиясының сараланған тарифтерін қолдану шығынды едәуір азайтуға көмектеседі. Біздің зауыт осындай жоғары сапада керамикалық кірпіш өндіретін Қызылордадағы жалғыз кәсіпорын», дейді зауыт директоры Серік Бапалақов.
«Максима логистикс Қазақстан» ЖШС зауыты толығымен автоматтандырылған. Адам күшін аса қажет етпейді. Жылына 15 миллион дана кірпіш өндіруге қауқарлы кәсіпорында бүгінде қарқынды жұмыс жүріп жатыр. Шикізат арнайы каръерден алынып, зауытқа жеткізіледі. Содан кейін топырақ ұсақталып, ылғалдандырылады. Арнайы аппарат арқылы қалыпқа құйылып, кірпіш болып шығады. Ылғал кірпішті арнайы техниканың көмегімен пешке салып, 870 градуста қыздырады. Ыстыққа әбден күйдірілген керамикалық кірпіштің сапасы жоғары, ең бастысы, суыққа төзімді. Бағасы да көпшілікке қолжетімді.
Күн санап көркейіп, құрылысы қарқын алған аймақта аталған өнімге деген сұраныс жоғары. Кәсіп иесі алдағы уақытта өз өнімдерін пайдаланып, зәулім нысандар тұрғызбақ ниетте.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,
журналист.
Қызылорда облысы.