• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
13 Ақпан, 2016

Құрыш қадам

905 рет
көрсетілді

Ақпан айының алғашқы күндерінде Қытайдың Иу қаласынан шыққан жүк пойызы Қазақстан – Түрікменстан – Иран халықаралық теміржол дәлізі арқылы 10 мың шақырым жол жүріп, Тегеран қаласына жетті. Сөйтіп, Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардың ішінде транзиттік тұйық мемлекеттен құрлықтарды жалғаған «алтын көпір» – қуатты транзиттік мемлекетке айналды. Елбасының Қазақстанды әлеуетті еуразиялық көлік-логистикалық транзиттік хабына айналдыру жөнінде стратегиялық идеясы орындалды. Тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде Қазақстан бүкіл ТМД мемлекеттерін қосқандағыдан артық теміржол құры­лысын салыпты. Еліміздің төрт құбы­ласын байланыстыра түгендеген жаңа теміржол тораптарының ұзындығы 2558 шақырымға созылды. Ойлап қарасаңыз, 2558 шақырым теміржол магистралі! Бая­ғыда алып Кеңес Одағы ұзақ жылдар бойы тұрғызған БАМ-ның ұзындығы 4200 шақырымды құраған болатын. Ендеше, егемендік алған жылдар ішінде еліміз өз күшімен кіші БАМ құрылысын салып-ақ тастаған екен. АҚСУ – ДЕГЕЛЕҢ (ұзындығы – 187 шақырым) «Теміржол – экономиканың күре тамыры» кеңестер дәуірінде журна­лис­тердің жиі қолданатын осы бір қанатты сөзінің ақиқаттан алшақ еместігін өмір тәжірибесі тұжырымдады. Тұңғыш Президентіміз бұл тұжырым тұғырына сонау тоқсаныншы жылдардың өтпелі кезеңінде-ақ ден қойды. Егемен еліміздің ертеңі – Ұлы Даламыздың солтүстігі мен шығысын жалғастыратын болат магистраль ауадай қажет еді. Сөйтіп, «Қазақстан-2030» Стратегия­сының талаптарына сай 1998 жылы мамыр айында алғаш рет егемен Қа­зақстанның тарихында Павлодар об­л­ы­сының Ақсу қаласы мен Шығ­ыс Қазақстан облысындағы Дегелең стан­­сасын жалғастыратын теміржол құрылысы басталды. Елбасы Павлодар облысындағы жұмыс сапары кезінде осы шараның салтанатты ашылуына қа­тысты. Сонда ол солтүстік пен шы­ғысты жалғастыратын бұл жолдың ма­ңыздылығына ерекше тоқталған еді. Ақсу – Дегелең теміржолының пай­далануға берілуімен бұрынғы айналма қашықтық 600 шақырымға дейін қысқарды. Жаңа маршруттың жүк тасымалы алғашқы жылдары шығындарды 15-20 пайызға қысқартуға мүмкіндік берді. Ал, бүгінде бұл теміржол торабының еге­мен еліміздің экономикасына тигізіп отырған тиімділігін ауызбен айтып жет­кізу де қиын. Бұрын теміржол көлігі ар­қылы Ресей аумағына соқпай өте алмайтын Шығыс Қазақстан облысына тікелей байланыс жасауға жол ашылды. Өзгеге тәуелділіктен құтылудың өзі неге тұрады. Қазір «Ақсу – Дегелең» жоба­сы ел эко­номикасының қайта өрлеуінің көрсеткіші ретінде сипатталады. АЛТЫНСАРИН – ХРОМТАУ (ұзындығы – 404 шақырым) Егемен еліміздің екінші маңызды теміржол құрылысы – Қостанай об­лы­сындағы Алтынсарин стансасы мен Ақтөбе облысының Хромтау қа­ласын байланыстыратын теміржол магистралі. Бұл жолдың құрылысы 53 айдың шамасында салынып бітеді деп есептелінді. Бірақ теміржолшылар мен құрылысшылардың екпінді еңбегінің нәтижесінде мерзімінен бұрын аяқталды. Хромтау – Алтынсарин теміржолының ұзындығы 404 шақырымды құрайды. 2001 жылы маусым айында басталған бұл құрылысқа 33 млрд.теңге жұмсалды. Бұрын Астанаға бару үшін Ресей арқылы айналатын жолаушылар енді тура жолға түсетін болды. Аталмыш жол Ақтөбе облысының бұрын теміржолы болмаған Әйтеке би ауданы үстінен өтіп, елге жаңалық алып келді. Бұдан бас­қа республикамыздың солтүстік және орталық аймақтарымен батыстың арасындағы жүк қатынасы реті орташа есеппен алғанда 1,5 мың шақырымға қысқарды. Ақтау теңіз айлағы арқылы астық тасымалдау жеңілдеді. Хромтау – Алтынсарин аралығындағы жұмыс істейтін желілер учаскесі бойынша 2005 жылы 5500 мың тонна, 2006 жылы 7882 мың тонна жүк тасымалданды. Бүгінде Астанаға барып келу ақтөбеліктер үшін аса қиынға соғып тұрған жоқ. Бүгін жолға шыққан адам бірер күнде шаруа­­­сын бітіріп, қайта айналып келіп жатады. Соның бәрі тікелей тартылған теміржолдың арқасы. Алтынсарин – Хромтау бағытындағы теміржол тармағын салу жұмыстары 2003 жылдың 18 қазанында аяқталды. Алтынсарин – Хромтау бағытындағы теміржол желісінің 404 шақырымын магистральдық, 40,22 шақырымын стансалық жолдар иемденеді. Бұл теміржол магистралін салудың арқа­сында 13 станса мен разъезд, 11 кө­пір, 151 су құбыры жаңадан іске қо­сылады. Техникалық-экономикалық негіздемесіне сәйкес жоба құны 29751 млн. теңгені құрайды. Межеленген қаржының 25856 млн. теңгесі рес­публикалық бюджеттен, 4165 млн. теңгесі «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ-тың қаржысы есебінен бөлінді. «Қазақстан темір жолы ҰК» АҚ бас­шы­лығының пікірінше, Алтынсарин –Хромтау аралығындағы транзиттік бағыт­ты іске қосу нәтижесінде Қазақ­станның солтүстік-батыс бөлігіндегі теміржол же­лі­сін толыққанды қалып­тастыру жұ­мысы аяқталды. Соның нәтижесінде рес­публиканың батыс бөлігіне жүк тасымалдау, оның ішінде астық экспорттауға жұмсалатын тасымал құнын анағұрлым азайтуға мүмкіндік туды.   ШАР – ӨСКЕМЕН (ұзындығы – 150 шақырым) 2007 жылы желтоқсанның 10-ы күні жаңадан салынған Шар стансасы мен Өскемен арасындағы теміржол желісінің рельсі төселуінің аяқталуына байла­ныс­ты салтанатты рәсім болып өтті. Шар – Өскемен теміржол бөлігі құрылысының аяқталуымен Қазақстанның солтүстік-шығыс бөлігінде Қазақстан аумағынан тыс жерге шығуды, тиісінше кеден­дік және шекаралық бақылаудан екі мәрте өтуді болдырмайтын ұлттық те­мір­жол желісін құру аяқталды. Жаңа теміржол еліміздің экономика және көлік саласындағы егемендігін ны­ғайт­ты, теміржол тасымалының қа­шық­­­тығын және уақытын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік берді. Қазақстан­ның шығыс аймақтарының өнеркәсіп кәсіп­орындарының рентабельділігін және өнім өндіру мүмкіндігін жоғарылатуға қосымша алғышарттар жасады. Ендігі жерде аймақаралық және мемлекетаралық көліктік-логистикалық байланыстар оңтайланады, яғни тасы­малдаудың көліктік құрамдас бөлігі нығаяды. Сондай-ақ, жаңа теміржол желісінің және стансаларының ашылуына байланысты жаңа жұмыс орындары ашылады, қызметкерлерге жаңа тұрғын үйлер салынады. Шар – Өскемен жаңа теміржол желісі Кенді Алтайдың ірі теміржол торабын (Өскемен, Риддер, Зырян) ең қысқа жол арқылы Шар стансасының маңында транзиттік «Түрксіб» магистралімен жалғады және Шығыс Қазақстаннан Ресей жеріне кірмей, кеден рәсімдерін жасамай, өз теміржол торабымыз арқы­лы республиканың өзге аймақтарына баруды қамтамасыз етті. Сонымен қатар, тасымал қашықтығы бұрын қатынап жүрген Локоть стансасы (Ресей Федерациясы) арқылы барғаннан 311 шақырымға қысқарды. Ресей аумағына 82 шақырым кіру және қос кедендік тексерістен өту кедергілері жойылды. Жаңа теміржол желісінің пайдалануға берілуі республиканың оңтүстік облыстары арқылы Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Иран, Ауғанстан және басқа елдерге шығуға тікелей мүмкіндік беріп отыр. Бұл Қазақстан өнімінің сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті болуына игі ықпал ететіндігі даусыз. Шар – Өскемен теміржолы еліміздің экономикалық-әлеуметтік ахуалын ілгерілетуге мол септігін тигізді. Бұл аталған жаңа жолдар мемлекет ішінде тасымалдаулардың қашықтығын шамамен 700 шақырымға қысқартты. Сөй­тіп, шығысқазақстандықтар бұрынғы­дай Ресейге соқпастан және қосарлап кедендік бақылаудан өтпестен Астанаға, Алматыға, еліміздің басқа да қалаларына өз жерімізбен баратын болды. Жаңа жолдың жетістігі ретінде мынадай дерек келтірейік: бұрын бір Шығыс Қазақстан облысының аумағындағы Защита стансасынан Шарға дейін 26 сағат 37 минут жүретін болса, қазір бұл аралыққа жолаушы 4 сағат 4 минутта жетіп барады. Бұл құрылыс салыстырмалы түрде қысқа мерзімде – 41 ай ішінде салынып бітті. Жобаның құны 24 млрд. 299 млн.теңгені құрады. Пайдалануға берілген алғашқы қарқында-ақ мұнда тәулігіне 15 жүк пойызын, 3 жолаушылар пойызын өткізу қамтамасыз етілді. Үш жүзден астам адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Жобаның бір ерекшелігі, ол ТМД ке­ңістігі бойынша бірінші рет мемлекет-жекеменшік серіктестігі бойынша жү­зеге асырылды. Бұл – Қазақстандағы концессиялық негізде пайдалануға берілген алғашқы инфрақұрылымдық жоба.   ӨЗЕН – ТҮРІКМЕНСТАН МЕМЛЕКЕТТІК ШЕКАРАСЫ (ұзындығы – 146 шақырым) Маңғыстау облысындағы Өзен стансасынан Түрікменстанмен мемлекеттік шекараға дейінгі теміржол да қысқа мерзімде салынып, еліміздің сыртқа шығу қабілетін арттырды. «Өзен – Түрікменстан мемлекеттік шекарасы» теміржолы құрылысы бітуінің тек өңір үшін емес, тәуелсіз елі­міз үшін үлкен стратегиялық маңызы бар. Осы жол Қазақстанды Қытай, Ке­ден одағындағы әріптестеріміз – Ресей, Беларусь мемлекеттерімен бірге Парсы шығанағына және Иранның теңіз айлақтары арқылы халықаралық нарықтарға тікелей шығуға мүмкіндік берді. Сарапшылардың пікіріне сенсек, бұл транзиттен түсетін пайда болашақта еліміздің мұнай-газ саласының кіріс­терінен де асып түсетін болады. Бұл жолды салу қазіргі техника мен технология аса дамыған заманның өзінде оңайға соққан жоқ. Құрылысшылар таң қараңғысынан тұрып жұмысқа қосылып, күн қыза демалуға мәжбүр болды. Күннің аптап ыстығымен бірге үздіксіз бораған жел де оларға көп кедергі келтірді. Соған қарамастан көздеген меже орындалды. Жол пайдалануға берілген алғашқы жылдың өзінде тоғыз миллион тоннаға дейін жүк тасымалданды. Сегіз жүзден астам жаңа жұмыс орындары ашылды. Құрылыс салу кезінде екі мыңнан астам жол құрылысшылары жанқиярлық­пен еңбек етті, олар 146 шақырым жол төсеп, 7 жаңа стансалар мен разъездердің іргетасын қалады, төрт көпір салды, 68 жасанды құрылымдарды іске қосты. Желі бойы толығымен электр энергиясымен қамтамасыз етіліп, талшықты-оптикалық байланыс пайдалануға берілді. ЖЕТІГЕН – ҚОРҒАС (ұзындығы – 293 шақырым) Еліміздің көлік жүйесін дамытуда транзиттік әлеуетті пайдалануға үлкен мүмкіндік беретін Жетіген – Қорғас ха­лықаралық теміржол жобасының негізі Қазақстан мен Қытай мемлекеттері басшыларының кездесуінде қаланған болатын. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2006 жылғы желтоқсандағы ҚХР-ға мемлекеттік сапары аясында екі ел теміржолын шекаралық аймақтағы Қорғас стансасы арқылы жалғастыру мақ­­сатында Жетіген – Қорғас желісі құ­рылысын салу туралы меморандумға қол қойылды. Жетіген – Қорғас теміржол желісінің құрылысы – Қазақстанның көлік саласындағы ірі жобаларының бірі. Стратегиялық маңызды магистраль­дің іске қосылуымен Қазақстан-Қытай ара­сын­дағы екінші теміржол өткелі ашылды. Қазақстан Республикасының темір­жол желісі ресми түрдегі бірнеше еур­азиялық жер үсті дәліздерімен ха­лық­аралық көліктік бағыттарға шы­ғады. Оның ішінде Шығыс-Батыс бағ­дарымен (Қытайдың шығыс жаға­лауындағы) Ляньюнган теңіз портынан шығатын Қытай – Қазақстан көліктік дәлізіндегі орны ерекше. Достық –Ала­шаңқай шекаралық бекетінен бас­талып Қазақстаннан Ресейге (Озинки шекаралық бекеті арқылы, Новоресей портына, Брест шекаралық бекеті, Чоп, Петропавл стансасы, әрі қарай Санкт-Петербург) көлбей өтеді. Бұл көлік дәліздерінің теміржол инфрақұрылымын жетілдіруі Қазақстанның көліктік ке­шенінің еуразиялық халықаралық көлік бағыты желісіндегі бәсекелестігін ны­ғайтады. Жетіген-Қорғас теміржол желі­сінің ұзындығы 293 шақырым. Жоба бойынша 14 жол айырықтары ашылды. ЖЕЗҚАЗҒАН – БЕЙНЕУ (ұзындығы – 1038 шақырым) Кезекті ірі жоба Жезқазған – Бейнеу теміржолын салудың басты ерекшелігі, еліміздің батысын орталықпен қосу арқылы жол бойындағы шалғай ауылдар тіршілігіне жан берді. Көптеген жұмыс орындары ашылды. Кәсіпкерлікті дамытуға септігін ти­гізді. Теміржол бойында 13 станса және 30 разъезд ашылды. Алып құрылысқа барлығы 10 мыңнан астам адам тартылды. Жезқазған – Бейнеу теміржолы Еу­ропамен алыс-берісті ұлғайтып, еліміз­дің экспорттық әлеуетін арттырды. Жолдың жалпы ұзындығы 1038 шақырымға созылды. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесіне сәйкес «Жезқазған – Сек­сеуіл» және «Шалқар – Бейнеу» учаске­ле­рінің құрылысы ең оңтайлы нұсқа болып табылады. Теміржол инфра­құры­лымының ондаған жаңа нысандары Жезқазған – Сексеуіл, Бейнеу – Шалқар учаскілері мен Жезқазған – Бейнеу, Арқалық – Шұбаркөл желілерінде бой көтерді. АРҚАЛЫҚ – ШҰБАРКӨЛ (ұзындығы – 216 шақырым) Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Ақтөбе мен Маңғыстау облыстары­ның адам аз мекендейтін аумақтарында темір­­жол төселді. Аудандардың шал­ғайда орналасуы мен инфрақұрылым ны­сандарының салынбағандығын ескерсек, болат магистральдар аймақтарға жаңа тыныс, жаңа өмір әкелді. Жезқазған – Сексеуіл, Бейнеу – Шалқар учаскілерінде 18 бөлімше бекеті мен Арқалық – Шұбаркөл желісінде 7 станса пайдалануға берілді. Жезқазған – Бейнеу, Арқалық – Шұбаркөл теміржол инфрақұрылым нысандарында 2153 адамға тұрақты жаңа жұмыс орны ашыл­ды. Бүгінде 1464 адам қызметке қабылданды. Жезқазған электрмен жабдықтау дистансасы, Қазалы электрмен жабдықтау дистансасы, Сексеуіл жол дистансасы, Арқалық жол дистансасы салынып, іске қосылды. Шал­қар, Құлсары, Жаңаарқа, Құсмұрын, Қазалы белгі беру және байланыс дистан­сасы­ның қызмет көрсету шекара­сы кеңейді. Қолданысқа берілген бұл темір­жол­­дар Солтүстік – Оңтүстік, Шығыс – Ба­тыс арасындағы жүк ағынын оң­тай­­­­ландырды. Жаңа теміржолдар мем­лекетіміздің транзиттік әлеуетін арттырып қана қоймай, орталық және батыс Қазақстанның дамуына, аудандардың экономикалық белсенділігінің артуына өз үлесін қосты.   АЛМАТЫ – ШУ ТЕЛІМІНДЕГІ ЕКІНШІ ТЕМІРЖОЛ ЖЕЛІСІ (ұзындығы – 110 шақырым) «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ «Нұрлы Жол» бағдарламасы аясында елімізді транзиттік-көліктік, сауда, халықаралық деңгейдегі іскерлік хабына айналдырудағы Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытуға арналған көліктік инфрақұрылымдық саласын одан әрі дамыту мақсатында бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыруда. Бұл жобалардың ішінде Алматы-1 – Шу теліміндегі екінші теміржол желісі құры­лысы; Боржақты – Ерсай теміржол телімі; Құрық селосындағы паром кешені; Астана қаласындағы әуежайдың ұшу-қону алаңын қайта жаңғырту; «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА кешенді дамыту жобалары бар. Алматы-1 – Шу теліміндегі екінші теміржол желісі құрылысы оның өткізу әлеуетін еселеп арттырады. Кешенді құрылыстарды атқару келісімі «Жол жөндеуші компаниясы» ЖШС концорциумы және «Жол жөндеу» ЖШС-мен жасалды. Қазіргі таңда 30 мың текше метр топырақ қабаты сыдырылып, 73 мың текше метр топырақ қабаты төселді. Жолды айналып өтуге арналған электрмен жабдықтау, белгі беру және байланыс құрылғылары қайта құрастырылып, жабдықталуда. Төрт көпір мен шағын жасанды ғимараттар құрылысы салынды.   БОРЖАҚТЫ – ЕРСАЙ (ұзындығы – 14 шақырым) Батыс бағдардағы Каспий теңіз айлағының әлеуетін дамыту мақсатында Құрық айлағының өткізу қабілетін арттыру үшін Боржақты-Ерсай теміржол желісінің құрылысы салынуда. Бүгінгі таңда Боржақты-Ерсай темір­жол желісінің құрылысы жобасын жүзеге асыру барысында Құрық айлағы теңізі жағалауы нысандарына қажетті топырақ төсемдері жұмысы аяқталды. Қазірдің өзінде екі су өткізу құбырлары мен көлік өткізу жолдары құрылысы салынды. Жолдың үстіңгі қабатына 22 шақырымға қажетті рельс торкөздері жинақталды. Оның 16,6 шақырымы басты жол болып саналады. Онда 19 бағыттауыш бұрма төселді. Жол жиегіндегі ВЛ-10 кВ электрмен қамту желісі салынды. 29 шақырымға электр сымдары тартылды. Желідегі ВЛ-110кв элетр желісі қайта жабдықталды. Электрлендірілген орталық жабдықтау модульдық, бел­гі беру және байланыс бекеттері тұр­ғызылып, байланыс кабельдері төселді. Вахталық әдіспен жұмыс жасайтын еңбеккерлерге арналған өндірістік ғи­мараттар мен үйлер тұрғызылды. Үстіміздегі жылы Боржақты-Ерсай темір­жол желісі құрылысын аяқтауға толық негіз қаланды. 110 жылдан астам уақытқа созылған Қазақстан теміржолының тарихында соңғы 25 жыл ішінде салынған теміржол құрылысы еліміздің көлік транзиттік бағытында шынайы егемендікке қол жеткізген кезең болды. Соңғы жылдары салынған теміржол талаптары ұлан-ғайыр Қазақстанның төрт құбыласын түгел бір-бірімен байланыстырып, тәуелсіз экономикамыздың тамырларына толық қан жүгіртті. Сонымен бірге, төңірегі түгел құрлықпен шекараласатын Қазақстан тұңғыш рет Парсы шығанағы арқылы әлемдік мұхитқа жол ашты. Қытаймен байланыстыратын тран­зиттік теміржол дәлізінің маңызы да зор. Мамандардың айтуынша, 2020 жылға таман Еуропа мен Қытай арасындағы тауар айналымының көлемі 1 триллион долларға дейін жететін көрінеді. Қорғас – Шығыс қақпасы арқылы Аспан­асты елінің сарқылмас жүк тасқыны Еуропаға жол тартпақ. Ал Достық стансасы арқылы Каспий теңізімен Түркияға, Өзен – Түрікменстан арқылы Парсы Шығанағы елдеріне аттандырылатын болады. Ақиқатын айтқанда, тәуелсіз Қазақстан әлемнің ең дамыған елдерімен иық тірестіретін әлеуетті транзиттік хабқа айналды. Жол – тіршілік. Жол – табыс. Жол – болашақ. Транзиттік-логистикалық кө­лік жолдары әлеуетін арттыра отырып Қа­зақстан ертеңгі даму биігін тұғырлады. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».