• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
13 Ақпан, 2016

Ауыл әкімдіктері қаржысыз қалмайды

293 рет
көрсетілді

Осы кезге дейін респуб­ликадағы ауыл әкімдіктерінің қаржысыз және бюджетсіз жұмыс істеп келгені жөнінде аз айтылған жоқ. Әрине, мәселенің бұлайша көтерілуі өте орынды да. Өйткені, қазіргі кезде қалада болсын, ауылда болсын, үлкенді-кішілі кез келген мәселенің түйіні ең алдымен қаражатқа келіп тіреледі. Бұл дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат. Сонда қалай, ауыл әкімдіктері алдағы кезде де құр алақан жүре беруі керек пе?! Жоқ, мүлдем олай бола беруге тиісті емес екені әмбеге аян. Ең алдымен айтайын дегеніміз, бү­гінгі күнге дейін бұл мәселенің құқықтық негіздері мен тетік­тері жасалғаны. Мемлекет бас­­шысының Жарлығымен бекітілген еліміздегі өзін-өзі бас­­қару тұжырымдамасы бұл бағыттағы қаржыландыру көз­дерін орнықтырудың басты кілті деуге болады. Қазіргі күні осы тұ­жырымдаманың екінші кезеңі жүзеге асырылуда. Бұл мерзім 2015-2020 жылдар аралығын қам­тиды. Осы қабырғалы құжатқа сәйкес биылғы жылдан бастап салықтың төрт түрін жергілікті өзін-өзі басқару органдарына беру қарастырылған. Әсіресе, мұ­ның ішінде жеке тұлғалардың мүлкі мен көлік құралдарына салынатын салықтың орны ерекше, әрі көздеген мақсат үшін ың­ғайлы да тиімді екені байқалады. Дұрыс, өте орынды делік. Сон­да оның іске асырылуы мен қаржыландыру тетігі қандай болмақ? Өңірдегі қаржы жүйесі ма­мандардың мәлімдеуінше, аталған салық түрлері ең алдымен аудандық және қалалық бюджеттерге түседі екен. Содан соң бұл сомалар трансферт түрінде жер­гілікті өзін-өзі басқару органдарына аударылатын көрінеді. Сайып келгенде, мұның өзі ауыл әкімдіктерінің бақылау шоттарына түсетін миллиондаған теңге ақ­ша деген сөз. Сөзіміз құрғақ болмауы үшін енді осыған Батыс Қазақстан облысы мысалында бірнеше деректі алға тартқанды оң санаймыз. Атап айтқанда, биылғы жыл­дың 1 желтоқсанына дейін өңір­дегі 151 ауылдық және кенттік округтердің бақылау шоттарына табаны күректей 87 миллион 200 мың теңге түсіпті. Іс енді ғана орнынан қозғала бастаған кезде мұны қанағат тұтуға тұратындай сома деуге болады. Осының басым бөлігін, яғни 53,5 миллион теңгесін трансферттік түсімдер түзейді. Аударылған қаражаттың дені Ақсай қаласы әкімдігінің еншісіне тисе, Зеленов ауданы ауыл­­дық округтері әкімдіктерінің үлесіне он миллион теңгеге жуық қаражат түскен. Осы бақылау шоттарынан жергілікті шараларды қаржыландыруға және ауылдарды абаттандыруға қажетті қаражат жұмсалған. Осы арада бұл мәселеге ойлы көзбен қарай білетін оқырман осы бір тізімге облыстың шал­ғай­дағы оңтүстік аудандарына қа­расты ауылдық округтердің енбегенін байқар еді. Неге? Мұ­ның басты себебін жоғарыда атал­ған салық түрлері түсімінің жеткіліксіздігінен және бұған дейінгі салықтық әлеуеттің төмен­дігінен іздегеніміз орынды. Дегенмен, көш жүре түзеледі дегендей, бұл істе алдағы кезде тиісті нәтиже мен ілгерілеушілік көріністері пайда болатынына сенгіміз келеді. Оның үстіне кен­шілер қаласы Ақсай мен облыс орталығының іргесіндегі Зеленов ауданында жеке тұлғалардың мүлкі мен көлік құралдары да шал­ғай аудандармен салыстыра қарағанда анағұрлым мол тір­келгенін де есепке алған жөн. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі мен ауыл әкімдіктері қыз­­метін құқықтық тұрғыдан байытудың тағы бір байыпты қадамы күні кеше, яғни биыл­ғы жылдың 2 қарашасы күні жа­салғанын екінің бірі біле бермеуі де мүмкін. Өйткені, дәл осы күні Мемлекет басшысы «ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне жергілікті өзін-өзі басқару мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң­ға қол қойған екен. Оның ерек­­шелігі мен басымдығы және артықшылығы неде? Біз бұл сауалды Батыс Қазақстан об­лы­­сы қар­жы басқармасы бас­шы­­сының орынбасары Ербол Шү­кірғалиевке қой­ған едік. Оның қайтарған жауабының түп-төркіні төмендегідей. – Мұнда негізінен Ұлт Жос­парында көрсетілген 97-ші және 98-ші қадамдарға байланысты ұсыныстар көрініс тапқан. Өз ретімен айтсақ, мұндағы ал­ғаш­қы қадамға сәйкес ауыл әкімін немесе жергілікті өзін-өзі басқару құрылымы жетекшісін тағайындау кезінде оның кандидатурасы көпшілікпен келісіледі. Оны орнынан босату мәселесі де осы тәртіпке сәйкес атқарылады. Мұның сыртында жергілікті маңызы жоғары ұшан-теңіз, өз шешімін күтіп тұрған мәселелер де бар емес пе?! Мұның бәрі бір күн­нің шаруасы емес. Бұл проб­лемалар кезең-кезеңмен іске аса беруге тиісті. Оны өзін-өзі басқару жүйесінің өкілдері дер­бес қарамай, тек жергілікті қо­ғамдық қауымдастық жиналы­сы­ның құзыретімен реттей алады. Ал 98-ші қадам шеңберінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін енгізу жүзеге асырылмақ. Мұны жоғарыда айтылған бақылау шоттарымен шатыстырмаған жөн. Екеуінің мағынасы жер мен көктей. Мұнда бірінші кезең алдымыздағы 2016-2017 жыл­дардың еншісіне енеді. Бұл кезде заңды тұлға­лардың көлік құралдары мен жер салығына аударатын тө­лем­дерінің көлемі көтерілмек. Осы ар­­қылы жергілікті өзін-өзі басқарудың салықтық әлеуеті барынша ұлғайтылмақ. «Ал бұдан кейінгі 2018 жылда не болмақ?» Қаржы саласы жетекшісінің біріне келесі бір сұрағымызды осылай қойдық. – Бұл сауалға өткен қараша айының басында өз күшіне енген заңмен жан-жақты танысқан, соның негізінде «100 нақты қадамдағы» 98-ші қадамға те­реңі­рек көз тоқтатқан кез келген адам толық жауап таба алады. Нақты айтқанда, дәл осы 2018 жылдан бастап екі мыңнан астам халқы бар әкім­шілік-аумақтық бөліністерде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізілмек. Сонымен бірге, бұл кезеңде азаматтар жергілікті бюд­жеттің жобаларын талқылауға мол мүмкіндіктер алмақ. Әрі олар ауыл, кент әкімдерінің тұр­ғын­дармен бірлесіп жүргізген қызметі мен іс-әрекетіне баға беру тетігіне тартылмақ. Бұл мәселе өз кезегінде қоғамдық құры­лымдарға қатысу арқылы орнығатын болады. Түптеп келгенде, жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамыту – ел экономикасын алға бас­тырудың басты бір жолы. Әрі жергілікті тұрғындардың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқатын көтерудің таптырмас нұсқасы. Сондай-ақ, мұның өзі әр адамның мемлекеттік қызметті жүзеге асы­руға қатысуын қамтамасыз ете алатын әлемдік норма. Бұл қағида елдер мен мемлекеттердің даму тәжірибесінде толығымен дәлелденген. Бұлай болатын себебі мемлекеттік басқарудың толғақты әрі түйінді мәселелері көп жағдайларда жоғары жақта шешіле бермейді. Керісінше, оның шешімі көбіне төменнен бастау алып жатады. Сірә, жергілікті өзін-өзі бас­қару органдары мен ел азамат­тарының және мемлекеттік би­ліктің дәл осындай өзара тиім­ді түрде іс-әрекет етуінің өзге ба­ламасы табыла коюы екі­талай болса керек. Ең бас­тысы, мұндай жағдайда еліміздің әр елді мекені мен ауылдарындағы ағайындарымыздың өмір сүру деңгейі көтеріле түсетіні анық. Ашығын айтқанда, аймақтағы және тұтастай мемлекеттегі тұрақ­тылықты баянды етудің бастау көзі де осы болмақ. Елбасының Үкі­­­метке және жергілікті атқару органдары басшыларына берген тапсырмасының басты мәні де осы арнадан тамыр тартатыны көтеріліп отырған мәселенің дұ­­­рыс­тығын одан әрі дәлелдей түседі. Ұзын сөздің қысқасы, Тәуел­сіздікке қол жеткізген жылдар­дан бергі кезеңдердегі бас­ты түйткілдердің бірі – ауыл әкім­діктерінің дербес бюджеті мен қаражаты болмай келгендігі белгілі. Әрине, әр нәр­сенің жүзеге асуының тиісті уа­­қы­ты болады. Міне, біз бүгін соңғы кезде республикада қа­был­­­данған заңды құжаттарға сүйене отырып, бұл мәселенің де шешімі табылғаны жөніндегі кеңейтілген ақпаратты оқырмандар назарына бергенді жөн көрдік. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан». Батыс Қазақстан облысы.