АСТАНА. 13 ақпан. Бүгін Сербияның астанасы – Белград қаласында өтіп жатқан футзалдан Еуропа чемпионаты мәресіне жетеді. Турнирге алғаш рет қатысып, жартылай финалға дейін жеткен Қазақстан құрамасы қола жүлде үшін таласта алаң иесі Сербиямен сынға түседі. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Ойын Астана уақыты бойынша сағат 23:30-да басталады. «Қазақстан» ұлттық телеарнасы матчты тікелей эфирде көрсетеді. Трансляция 23:20-да басталады деп күтілуде.
Ал жарыстың финадық ойыны Астана уақыты бойынша сағат түнгі 02:00-де ойналады. Шешуші сында Ресей мен Испания құрамалары кездесетінін атап өткен жөн.
Айта кетейік, бразилиялық маман Какау жаттықтыратын Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне бірінші рет шығып отыр. Топтық кезеңдегі тұсаукесер ойында Ресейден 1:2 есебімен жеңілген отандастарымыз, екінші кездесуде Хорватиядан 4:2 есебімен басым түсті. Ал ширек финалда қазіргі Еуропа чемпионы Италияны 5:2 есебімен жеңіп, сенсация жасады. Жартылай финалда кәрі құрлықтың 6 дүркін чемпионы Испанияға лайықты қарсылық көрсетті. Алайда, сәттілік испандар жағында болып, біздің жігіттер қарсыластарына 3:5 есебімен жол берді.
Еламан Қоңыр.
Дерек: egemen.kz.
Сурет: uefa.com.