ШЫМКЕНТ. 15 ақпан. Оңтүстік Қазақстан облысында «Қазақ еліне мың алғыс» монументі бой көтереді. Бұл туралы облыстық ассамблея хатшылығы таратқан мәліметке сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
«Кезінде тағдыр-талайымен Қазақстанға жүздеген ұлттар күштеп аударылды. Тумысынан ақкөңіл, барын қонағымен бөлісетін қазақ халқы оларға өз үйінің жартысын бөліп беріп, қолындағы барымен бөлісті. Аштыққа ұрындырмады. Бұл монументті тұрғызуға кешегі ата-бабаларының қазақ халқына рахметі үшін бүгінгі ұрпақтары ұйытқы болып отыр. Ал, 1 наурыз елімізде Алғыс күні ретінде аталып өтеді», дейді облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары, облыстық Ассамблея хатшылығының меңгеруші Мұратәлі Қалмұратов.
Бақтияр Тайжан.
Дерек, сурет: egemen.kz