• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Ақпан, 2016

Алматыда ардагерлерге арнап гүл шоқтары қойылды

318 рет
көрсетілді

АЛМАТЫ. 15 ақпан. Кеңес әскерлерінің Ауғанстан жеріндегі майданнан шығарылғанына 27 жыл толуына орай, 28 панфиловшылар атындағы саябақта Мәңгілік алау мен интернационалист-жауынгерлерге арналған ескерткішке гүл шоқтары қойылды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Салтанатты шараға Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысының ардагерлері, Алматы қалалық ардагерлер кеңесінің өкілдері, Алматы гарнизоны әскери бөлімшелерінің басшылығы мен жауынгерлері және қала тұрғындары қатысты. Еске алу жиынында алдымен сөз алған Ауған соғысының даңқты батыры, «қара майор» Борис Керімбаев жиналған қауымды тарихи күнмен құттықтады, интернационалист жауынгерлердің ерліктері мен құрбандарының есімі ешқашан да ұмытылмайтындығын еске салды. Бұдан кейін сөз сөйлеген Ауған соғысының ардагерлері мен жұртшылық өкілдері 1989 жылы 15-ші ақпан күні Кеңес әскерлері Ауғанстан аумағынан біржола шығарылғанын, бейбіт адамдардың өмірін жойған қасіретті соғыстың 1979 жылдың желтоқсан айынан 1989 жылдың 15-ші ақпанына дейін созылғанын күңіреніп айтты. Қазақстан тарихының беттерінде бұл соғысқа 22 269 қазақстандық жауынгердің қатысқаны, оның 924-і қаза тауып, 1015 жауынгер елге мүгедек болып оралғаны, 19 жауынгердің із-түссіз жоғалып кеткені жазылды. Жиын соңында Алматы гарнизонының жауынгерлері мен әскери жоғары оқу орындарының курсанттары ардагерлерге құрмет көрсетіп, салтанатпен сап түзеп, адымдап жүріп өтті. Талғат Сүйінбай. Дерек, сурет: egemen.kz.