ҚЫЗЫЛОРДА. 15 ақпан. 11-14 ақпан аралығында Қызылорда облысы, Арал қаласында волейболдан 2000-2001 жылы туған жасөспірімдер арасында Асхат Ахановты еске түсіруге арналған республикалық турнир аяқталды. Бұл туралы облыстық спорт және денешынықтыру басқармасына сілтеме жасаған egemen.kz хабарлады.
Биыл бесінші мәрте ұйымдастырылған жарысқа Ақтөбе, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарынан 29 команда (ұлдар 14, қыздар 15 команда) қатысты. Командаларда 300-ге жуық спортшы болды. Төрт күнге созылған жарыстың қорытындысы бойынша ұлдар арасында Шиелі ауданының командасы қатарынан үшінші мәрте турнирдің жеңімпазы атанды. Екінші орынды Ақтөбе облысы Байғанин ауданының құрама командасы иеленсе, үшінші орынды Арал ауданының командасы еншіледі. Қыздар арасында Ақтөбе облысы Хромтау қаласының спортшылары мықтылықтарын дәлелдесе, күміс жүлде Сырдария ауданына, қола жүлде Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының командасына бұйырды.
Турнирдің үздіктері:
Ұлдар арасында
Үздік қорғаушы – Мамыр Алғиұлы (Байғанин ауданы)
Үздік байланыстырушы – Аят Рамазанұлы (Шиелі ауданы)
Үздік шабуылшы – Жандос Шамранов (Арал ауданы)
Қыздар арасында:
Үздік қорғаушы – Әмина Жұманова (Арал ауданы)
Үздік байланыстырушы – Сандуғаш Жолмырза (Хромтау қаласы)
Үздік шабуылшы – Гүлсім Кеңесбекова (Сырдария ауданы)
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом, медаль, кубоктармен марапатталса, номинация иегерлеріне диплом және естелік сыйлықтар табыс етілді.
Ержан Байтілес.
Дерек, сурет: Қызылорда облыстық спорт және денешынықтыру басқармасы.