Футзалдан Еуропа біріншілігіне тұңғыш рет қатысып, үшінші орынды жеңіп алған Қазақстан құрамасы осылай аталып отыр
Қазақстан футболының тарихына тағы жаңа жарқын бет қосылды. Бұл жолы шағын футболдың шеберлері ерледі. Бұрнағы күні түнде еліміздің құрамасы Сербияның астанасы – Белградта мәреге жеткен футзалдан Еуропа чемпионатының финалында алаң иелерін 5:2 есебімен ұтып, қола жүлдегер атанды.
Бас жаттықтырушы Какаудың шәкірттері осылайша өздері тұңғыш рет қатысып отырған құрлық біріншілігінде қола медальға қол жеткізді. Өзінің бастауын 1996 жылдан алатын бұл доп додасы шежіресінде дебютанттың бұлайша жоғары табысқа жетуі бұған дейін болмаған екен.
Ал үшінші орын үшін талас өте қызу басталды. Оның бірден аса тартысқа толы болғанын кездесудің бірінші таймында бар-жоғы бір гол соғылғанының өзі анық аңғартады. Бірақ командалар бір-бірлерінің аңысын аңдып, қорғанысты қолайлап отырған жоқ. Бұл жағынан аса белсенді қимылдаған жасақтар көрерменді ұдайы өзіне назар аудартып тұрды. Бұған бір жағы сербтердің жергілікті жанкүйерлердің демеуімен үздіксіз алға ұмтылулары әсер етсе, екінші жағынан қазақстандықтар өзінің тарихындағы ең алғашқы ірі халықаралық жарысынан жүлдемен оралуға бар күшін салды. Қонақтардың негізгі қақпашысы Игитаның диквалификациядан кейін осы матчқа қосылуы да біздің жігіттерді жігерлендіре түсті.
Осындай тартысты таласта қақпаға қарай көсілте доп ұру да оңай болған жоқ. Ондай сәт бірінші рет тек 9-минутта ғана мүмкін болды. Сербтердің 34 жастағы форварды Владимир Лазич біздің голкипермен жекпе-жек шығып, допты оның үстінен асыра тастады. Доп сол бойы торға қарай кіріп бара жатқанда, оны соңғы мәурітте Лео қайтарып үлгерді. Мұның соңын ала қазақстандықтар жақсы қарсы шабуыл ұйымдастырды. Олардың бұрыштамадан тастаған добын Михаил Першин қақпаға шірене ұрды. Бірақ ол қақпа бағанына тиіп кері серпілді. Ал таймдағы жалғыз гол 20-минутта соғылды. Оны қарсы қақпа бұрышынан саңылау тапқан біздің Дуглас түсірді. Ол сербтер дарбазашысы Миодраг Аксентиевичтің қателігін өте жақсы пайдаланды.
Екінші тайм енді қазақстандықтардың шабуылымен басталды. Ол және біздің жігіттердің есепті тез ұлғайта алуына ұласты. Сөйтіп, 21-минутта Серік Жаманқұлов өте қатты соққымен Аксентиевичтің сол жақ «бүйірін» бүлк еткізді. Осымен турнирдегі алтыншы голын соққан футболшымыз есепті 2:0-ге жеткізді. Осы голдан кейін сербтер тайлы-таяғы қалмай алға ұмтылды. Ал қазақтар қорғаныста ғана қалмай, бірінші мүмкіндік болған сәтте-ақ қарсы шабуыл ұйымдастыруға күш салды. Олар 29-минутта Александр Довгань шабуыл өтінде болған сәтте есепті ұлғайтудың бір мүмкіндігін жіберіп алды. Арада бір минут өткенде, Дуглас сол өкініштің орнын толтырып берді – 3:0. Бұдан кейін бұрынғыдан бетер ашынып кеткен алаң иелері қорғанысты мүлдем ұмытқандай болды. Олар дарбазашыны алтыншы ойыншыға ауыстырып, жаппай алға ұмтылып жатқан сәтте меймандар тағы да осыдан оңтайлы нәтиже шығарудың жолдарын қарастырып жатты. Мұны және көп күтуге де тура келген жоқ. Біздің жігіттер осылайша 32-минутта есепті 4:0-ге бір-ақ апарды. Оны қарсы жақ қақпасының бос тұрғанын пайдаланған Игита алыстан ұрып дөп түсірді.
Қазақстан құрамасы кездесудің 36-минутында таблодағы есепті 5:0 етті. Бұл жолы да Дуглас мергендігімен көзге түсіп, ойындағы хет-тригін жасады. Ол қақпашымен бірге-бір шыққан сәтін мүлт жіберген жоқ. Осыдан кейін қазақстандықтар біршама босаңсып қалды. Олар қалған 4 минутта сербтердің еркін ойнауларына мүмкіндік беріп қойды. Соның нәтижесінде алаң иелері екі доптың қарымтасын қайтарып үлгерді. Алдымен 38-минутта Стефан Ракич гол салды, сосын финалдық ысқырық естілуге екі секунд қалғанда Слободан Райчевич мергендігін танытты. Бір айта кететін жайт, осының алдындағы жартылай финалда Ресей құрамасынан овер-таймда ұтылған Сербия футболшыларының шаршап қалғаны да тез байқалды. Ал оларды өз үйінің төрінде тас-талқан етіп жеңген Қазақстан құрамасы осылайша тұңғыш рет Еуропа біріншілігінің қола жүлдесіне қол жеткізді.
Чемпионаттың алтын жүлдесі осының алдында, жартылай финалда Қазақстан командасын сүріндірген Испания құрамасының қанжығасына байланды. Испандар финалда ресейліктерді 7:3 есебімен ойсырата ұтты. Осымен Ресей құрамасы қатарынан үшінші рет чемпионаттың финалында қарсыластарына есе жіберіп, күміс медальды қанағат тұтып отыр.
Жеңіс құтты болсын, құрметті қазақстандықтар!
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ.