• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
16 Ақпан, 2016

Гиннестің рекордтар кітабына енгізу көзделуде

301 рет
көрсетілді

Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде «Жібек жолы» ралли-марафонының жаңа маусымына байланысты баспасөз мәслихаты өтті. Онда раллидің биылғы бағдары, ұйымдастыру жұмыстарына қатысты мәліметтер, қазақстандық экипаждар және жобаға қатысты тағы басқа мәселелер сөз болды. Шараға қатысқан Мәдениет және спорт министрлігі спорт және дене шынықтыру істері ко­митетінің төрағасы Елсияр Қанағатов раллидің Қазақстан үшін маңызды жоба екеніне тоқталды. «Халықаралық деңгейдегі осындай ауқымды сайыстарды өткізу отандық спорттың дамуына өз септігін тигізеді. Соның ішінде осындай раллидің орны ерекше. Себебі, ол тек белгілі бір қалада емес, еліміздің бірнеше өңірін қамтиды. Нәти­жесінде авто-керуен өтетін жер­лерде инфрақұрылымдар дамып, шағын және орта кәсіптің өркендеуіне мұрын­дық болады. Сондай-ақ, біз­дің әсем табиғатымыз бен тарихи жерлеріміз ше­тел­дік қатысушылардың қы­зы­ғу­шылығын оятатыны сөз­сіз. Бұл өз кезегінде туризм са­ласының дамуына сеп болады», – дейді комитет төрағасы. Елсияр Қанағатовтың сө­зіне қарағанда, «Жібек жо­лы» раллиіне қатысушылар Қос­танай, Астана, Балқаш және Ал­маты қалаларын басып өтеді. Оған Автомобиль спорты федерациясы мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры қолдау білдіреді. Сонымен қатар, жиында «Жібек жолы раллиі» жобасының атқарушы директоры Сергей Гиря сайыстың биылғы бағ­дары мен қатысушылар санына тоқталды. Оның айтуынша, жоба 8 шілде күні Мәскеудің Қызыл алаңынан бастау алады. «Жібек жолы» алғаш рет 2009 жылы ұйымдастырылды. Содан бері жоба әлемдік спортта өз орнын айқындап, көпшіліктің назарын аударды. Биылғы жарыс 16 күнге жалғасады. Бұл – ралли тарихындағы ең ұзақ мерзім. Мәскеуден басталған керуеннің мәресі – Бейжің қаласы. Ол жерге 24 шілдеде жетеміз деп жос­парлап отырмыз. Қатысушылар екі аптаның ішінде 10 мың ша­қырымды жүріп өтулері тиіс. Оның жартысынан көбі жыл­дамдықты талап ететін арнайы учаскелер. Сондықтан «Жібек жолын» ұзақ уақытта қысқа бағдарды жүріп өтуіне байланысты Гиннестің рекордтар кітабына енгізу көзделуде», – деген Сергей Гиря биыл ралли-марафонға әлемнің әр елінен 120 команда қатысатынын айтты. Соның ішінде 15-ке жуық экипаж Қазақстанның намысын қорғайды. Бұдан бөлек, атқарушы ди­ректор техникалық қолдау ретінде марафонға 16 ұшақ пен тікұшақ ілесіп жүретінін жеткізіп, «Мұндай шара жарыс жолындағы елді мекендердің авиациялық инфрақұрылымын дамытуға таптырмайтын мүм­кіндік. Мәселен, Балқаш сынды шағын қалалардағы әуежайлар жарыс кезінде күніне бірнеше ұшақтарды қабылдайтын болады. Бұл балқаштықтар үшін үлкен тәжірибе болары анық. Сондай-ақ, әлемнің бірнеше еліне тарайтын алдыңғы қатарлы спорт арналары раллиді тікелей эфирде көрсетеді. Осы ретте көрсетілімнің 30 пайызы жер­гілікті жердің табиғатына арналатынын атап өткен жөн», – деді. Тағы бір айта кетер жайт, марафон кезінде Алматыға Еу­­ро­падан 1 мыңға жуық қо­нақ келеді деп күтілуде. Олар­дың басым бөлігін туристер мен журналистер құрайды. Демек, бұл ірі шаһар үшін қосымша табыс көзі болмақ. Ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, аталған ралли-марафоннан Қазақстан кем дегенде 3,5 миллион еуро табыс табады. Еламан ҚОҢЫР, «Егемен Қазақстан».