Қазақтың үйлену тойларына арналған, бүгінде ұмытылып бара жатқан байырғы салт-дәстүрлері жөнінде жаңа бір деректер шықты. Осындай үш салт көрсетілген көне суреттерді әлеуметтік желіні пайдаланушы Марат Райымханов жақында өзінің Facebook-тегі парақшасында жариялады. Айтуынша, мұндай сирек кездесетін ерекше рәсімдерді ол АҚШ Конгресінің кітапханасы архивінен алыпты.
«Дала халықтарында ежелден қалыңдық қарау, яғни қыз көру деген дәстүр болған, – деп жазады Марат Райымханов осы орайда. – Соның бір нұсқасы қазақтарда жақсы сақталған. Осыдан келіп, «Қымызды кім ішпейді, қызды кім айттырмайды» деген сөз қалған».
Суретке қарағанда, қыз көруге келген болашақ күйеу жігіттің сыны мен сипатына да қатты мән берілген. Оның осыншалықты иілуінің өзі келешек қайын жұрты мен қалыңдығы алдына қол қусырып келіп тұрғанын байқатады.
Тойға қатысты келесі дәстүр ықтимал күйеу жігіттің ықтимал қалыңдығының шашынан сипауы арқылы көрініс береді. Осы арқылы оның болашақ жұбайын қаншалықты құрмет тұтып, сыйлайтыны аңғарылған.
Бұл салт қыз тек өз жүрегінен орын алған адамға ғана шашынан сипауға рұқсат етеді, дегенді білдірсе керек.
Суреттердің соңғысында «кемпір өлді» деген ритуал бейнеленген. Мұның жаңғырығы осы күнге дейін келіп жетті. Күйеу жігіт қалыңдығын алып қайтуға келген кезде оның алдынан бір кемпірдің құлай кетуі осылай аталады. Жолды бөгеп жатып алған ол тек өзіне арнайы сыйлық берілген кезде ғана «тіріліп», орнынан тұрып кетеді.
Бүгінде жәдігерге айналып, өткен күннің өрешегінде кетіп бара жатқан бұл көріністер халқымыздың кешегісінен біршама мағлұмат бере алатындығымен құнды болып отыр.
Руслан ИГІЛІК.