Гүлсім Бақытқызы Еңсепова... Ол еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Қазақ елінің көптеген мемлекеттермен тұңғыш рет дипломатиялық қатынас орнатуына өзіндік үлесін қосқан, Германия, Австрия, Венгрия, Беларусьте дипломатиялық қызметтер атқарған, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Бақылау және құжат айналымы, Ақпаратты қорғау басқармаларына басшылық еткен жоғары дәрежелі дипломат, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
Кейіпкеріміз өз биігіне оңай жолмен келе салған жоқ. Күндіз-түнгі табанақы, маңдай тердің қаншама жылғы жемісі бұл! Өрге шығу үшін әуелі шынығу, жаттығу керек болса, оның биік баспалдақтарға бірте-бірте сатылап жеткеніне көз жеткіздім.
Қараңызшы, 1973 жылы М.Сиранов атындағы он жылдық мектеп табалдырығын тұңғыш аттаған ол мектепті үздік бітіріп, сол жылы Алматы қаласындағы (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті) ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түседі.
Ол аталған оқу орнын да қызыл дипломмен тәмамдады. Алғашқы еңбек жолын 1988 жылы, яғни оқу орнының қабырғасынан түлеп ұшпай тұрғанда-ақ қазақ баспасөзінің қарашаңырағы – республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде тілші қызметінен бастады. Бесінші курстың студенті болса да, мүйізі қарағайдай журналистердің қолдары жетпей жүрген еліміздің бас басылымына жұмысқа орналасуын Гүлсім Бақытқызының табандылығы мен өзін тек біліктілік қырынан көрсете алғандығының жемісі десе болар. Осы уақыт ішінде ол редакцияны Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбай, Нұрлан Оразалин, Уәлихан Қалижанов сынды қаламгерлер басқарғанын және осындай шоқтығы биік тұлғалармен бірге қызметтес болғанын айта келіп: «Осы ағаларым университетті енді ғана бітіріп келген мені жазу өнеріне баулып қана қоймай, азаматтық ұстанымым, талғам-танымым мен зердемнің қалыптасуына да ерекше ықпал етті. Сондықтан да өзімнің еңбек жолымды бірден осындай дара тұлғалар діңгегі болған үлкен ортада бастауымды, олардың тәрбиесін көруімді маңдайыма жазылған бақ, тағдырдың ерекше сыйы деп білемін», – дейді ол өткенге көз жіберіп.
Бұл газетте жүріп ол сол кезде жабық тақырыпқа айналған «Түрме. Әйел. Тағдыр», «Шу бойын шулатқан шөп», «20 ғасыр індеті», «Ананың ажалы» деген атынан ат үркетін мақалалар циклын жариялады. Оның ұрпаққа тигізер зияны мен аталған індеттің жайлап бара жатқанын ойып, осып тұрып айтты. Ешкімнен тосылмай, тайсалмай, ащы да болса, ашық жеткізе білді. Бас газеттің Парламенттегі алғашқы тілшісі бола жүріп, қоғам өміріндегі келеңсіз жайттарды жан-жақты зерттеп, ізденісін одан әрі жалғап, зердесіне тоқи білді.
«Америка ашса құшағын», «Венгриямен байланыс», «Бакуде болған екі күн», «Иран иірімдері», «Шыңжаңда шырқалған ән», «Хафиз бен Сағди елінде», «Хоменеидің сенімді серігі», «Африканың аласапыраны» сияқты халықаралық тақырыптағы мақалалары тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы сыртқы саясаттағы еліміздің тәй-тәй басқан қадамдарын насихаттауға өзіндік үлесін қосты.
Еліміздің бас басылымында аға тілші, парламенттік тілшіге дейінгі баспалдақтан сүрінбей өткен кейіпкеріміз үнемі халықаралық тақырыптарда талдамалы мақалалар жазып, сол салаға көбірек қалам тартуы себепті оны 1993 жылы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі арнайы шақырып, дипломаттық жұмысқа ауысады.
Ол сөзге шебер, тілге мейлінше бай адам. Бірнеше тілде еркін сөйлей алады. Әсіресе, мектеп қабырғасында неміс тілін «беске» оқығаны болашақта да кәдеге жарады. Негізі, неміс тілі – философтар мен ақындардың, ғалымдар мен өнертапқыштардың тілі емес пе? Міне, сан қырынан сынасаң да, оның бойына тек жақсылық атаулыны жан-жақты игеріп алатыны еріксіз тәнті етеді. Біздің қазақ қызы! Мақтанасың, сүйсінесің...
Гүлсім Бақытқызы одан кейін Қазақстанның Германиядағы елшілігінде (Бонн қаласы) баспасөз-атташесі қызметінде болған, 1997-1999 жылдары арнайы жолдамамен Сыртқы істер министрлігі жанындағы Дипломатиялық академияда оқып, оны үздік аяқтаған. Осы Дипломатиялық академияны бітірерде Қазақстанның Австриядағы елшілігінде дипломат қызметінде тағылымдамадан өткен.
Содан кейін Астанаға жолдамамен келіп, дипломаттық жұмысын жалғастырды, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде еңбек етті. Қазақстанның Венгриядағы елшілігіндегі (Будапешт қаласы) қызметі кезіндегі дипломаттық белсенділігі өз алдына бір төбе!
Ол заман талабына сай заңгер болуды да мақсат тұтып, Қазақ гуманитарлық заң университетін құқықтану мамандығы бойынша қызыл дипломмен тәмамдаған. Сондай-ақ, қаламын қару еткен Г.Еңсепова «Фариза Оңғарсынова – публицист» атты диссертациялық еңбегін жазып, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын иеленді.
Министрліктегі жұмысынан қол үзбей жүріп қосымша Астанадағы Еуразия университетінің саясаттану және журналистика факультетінің доценті болып, студенттерге білім беру мен дәріс оқуға да уақыт таба білді.
Гүлсімнің тағы бір қыры – ғалымдығы. Оның таяуда ғана «Фолиант» баспасынан шыққан «Фариза – көсемсөздің патшайымы» атты ғылыми монографиялық кітабы қолымызға тиді. Біз ақынның әлемін бір қырынан ғана біліп, оны тек сөз құдіреті – поэзияға ғана байлап жүріппіз. Ғалым Гүлсімнің бір артықшылығы көп зерттеушінің ойына келмеген тың дүниені бірінші болып көре білді және дер кезінде оқырманға ұсынып үлгерді. Мұнымен бірге, монографияда ақынның көзі тірісінде баспа бетін көрмеген шығармалары қамтылғандықтан, ғылыми туындының құны мен бәсі одан сайын биіктей түседі.
Бүгінде ол Сыртқы істер министрлігінде дипломаттық қызметін абыроймен атқарып жүр. Бірінші сыныпты бірінші хатшы дипломаттық дәрежесі бар. Көптеген ғылыми және публицистикалық мақалалар жазған, 2 монографиялық оқулықтың авторы. Бақытты отбасының отанасы. Ақерке есімді қызы оқу озаты. Жұбайы Сейсенхан Маханбетов Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мәдениет қайраткері, «Ислам және өркениет» республикалық газетінің бас редакторы, белгілі журналист, танымал қылқалам шебері.
Міне, осы өзіміздің төл газетімізден түлеп ұшқан, журналистика саласынан шығып, дипломат қызға айналған Гүлсім Бақытқызының жеткен жетістіктері мен өмір соқпақтарын жас ұрпаққа үлгі ретінде ұсынуға әбден болады ғой деп ойлаймыз.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,
журналист.