• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
17 Ақпан, 2016

Тараздың тәтті халуасы-ай!

400 рет
көрсетілді

Елбасы Н. Назарбаев шағын кәсіпкерлікке үнемі қолдау көр­сетіп келеді. «Ұлт Жоспары – қа­зақстандық арманға бас­тай­тын жол» мақаласында Нұрсұлтан Әбішұлы «Әлем елдерінің тәжірибесі көрсетіп отыр­ған­дай, табысты жұмыс істеп тұр­ған экономиканың маңызды қағидаты мемлекеттің шағын және орта кәсіпкерлікті қолдауы, оны қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ету болып табылады», – деп, бұл саланың маңыздылығын айрықша атап өтті. Тараздық кәсіпкер Нұрлан Аханов 1998 жылдан бастап хал­уа шығарумен айналысып келеді. Дәмі тіл үйіретін Нұрланның өндірген халуасын бүгінде Жам­был, Оңтүстік Қазақстан облысы және Алматы қаласының тұрғындары тұтынады. Жалпы, былайғы жұрт халуаны тек шемішкеден жасалады деп ойлайды. Бірақ, бұл тәтті жең­сік тағамға күнбағыстан бөлек жүгері сірнесі, қант және мейіз қосындысы қосылады екен. Ал кәсіпкер халуа дайындауға қажетті қоспалардың бәріне отандық өнімдерді пайдаланатынын айтады. Мысалы, аталған кәсіпорын күнбағысты Жуалы, Меркі, Шу және Т.Рысқұлов ауданының шаруаларынан сатып алады. Сондай-ақ, қант пен мейізді Тараздан, ал жүгері сірнесі іргеміздегі Алматы қаласынан жеткізіледі. – Жұрт халуаны дайындап, тұтынушыға ұсынудың өте күрделі екенін біле бермейді. Мәселен, шемішкені қабығынан тазалап, кептірудің өзі жұмысшыларға едәуір күш түсіреді. Әйтсе де, «ше­­­гірткеден қорыққан егін екпейді» деп қарап отырған жоқ­пыз. Мысалы, бірнеше жыл бұрын өндіріске ИСО-9001-2000 халықаралық сапа менеджменті жүйесін енгіздік. Сондай-ақ, кә­сіпорынға халықаралық «Халал» сапа стандарты сертификатын алдық. Бұдан бөлек, өткен жылы Қытайдан жаңадан құрал-жабдық сатып әкеліп орнатып, өндірісті дамытуға күш салып отырмыз. Аталған құрал-жабдықтың ар­қасында жылына 150 тонна тауар өндіруге мүмкіндік алдық, – дейді Нұрлан Шүкіржанұлы. Қазіргі таңда «Аханов» жеке кәсіпорнында 17 адам екі қолға бір күрек тауып, еңбек етіп жатыр. Нұрлан Шүкіржанұлының айтуын­ша, олардың орташа жалақысы 40-50 мың теңгенің айналасында. Кәсіпорын басшысы бәсекеге қабілетті болу үшін алдағы уа­қытта одан әрі ширай түсу керек екенін айтады. Себебі, Қазақ елі Еуразиялық экономикалық одаққа кіргелі бері бәсекелестік бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жоғарылаған. – Біздің болашақтағы жос­парымыз бәсекеге төтеп беретіндей өнім шығарып, тығырықтан шығу болып отыр. Ол үшін біз­ге халуаның бағасын түсіріп, ке­рісінше, оның сапасын арттыру керек деп ойлаймын. Оның үстіне халуа күнделікті тұтынатын тауарлар сияқты жоғары сұранысқа ие емес. Мысалы, облыста 50 шұжық шығаратын цех жұмыс жасайды екен. Ал халуа шығаратын небәрі бір-ақ цех бар. Кезінде бізбен бірге иық тірестіріп, екі цех халуа өндірген болатын. Алайда, олар бәсекеге төтеп бере алмай, жабылып қалды. Біз аталған әріптестеріміз сияқты нарықта жұ­тылып кетпес үшін, осы кезден бастап дұрыс қадам жасауымыз керек, – дейді кәсіпкер Нұрлан Аханов. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.