• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
01 Қаңтар, 2011

Ислам конференциясы ұйымы және Қазақстан

14106 рет
көрсетілді

Қазақстан Рес­пуб­­ликасы өткен жы­­лы Еу­ро­падағы қа­­­уіпсіздік жә­не ын­ты­­мақ­тас­­тық ұйы­мына төр­аға­лық етті. Жыл ішінде алдын ала жоспарланып, белгіленген ха­лық­аралық ауқымдағы іс-ша­ра­лар­дың бар­лы­ғын жоғары деңгейде, аса ұйым­шыл­дық­пен өткізді. Соның ішінде он бір жыл бойы өтпеген ЕҚЫҰ-ның Саммитін елор­да­мыз – Астана қаласында шақырып, осы­нау ұлы жиынды абыроймен өткіз­ген­дігі Қазақстан басшылығы үшін, барша қазақстандықтар үшін аса жоғары мәртебе болды. Бұл жө­нінде әлемге танымал саясат саңлақтары, мем­лекеттер мен үкіметтер бас­­шылары қос­пасы жоқ шынайы ри­за­шылықтарын, жү­рек­жарды пікірлерін білдірді. Есігін енді аш­қан жаңа 2011 жылдың екінші жар­ты­сы­нан бастап еліміз тағы бір ірі ха­лық­аралық ұйым – Ислам Конфе­рен­ция­сы Ұйы­мына төр­ағалық еткелі отыр. Ислам Конференциясы Ұйымы (ИКҰ) 1969 жылдың қыркүйегінде құрылды деп ай­тылып та, жазылып та жүр. Нақты дерек көз­деріне қарағанда, ИКҰ-ның құрылу та­ри­хы әріден, яғни 1926 жылдан бастау ала­тыны байқалады. Өйткені, осы жылы Бүкіл­әлем­дік ислам конференциясы құрылып, оның ал­ғашқы отырысы Меккеде өткен екен. Одан кейін Конференцияның сес­сия­лары Иерусалим, Карачи және Могадито қа­лаларында шақырылған. Бұл жиындарда мұ­сылман елдері арасында әртүрлі салалар бо­йынша ын­тымақтастық пен өзара іс-қи­мыл орнату мәселелері қарастырылыпты. Ал 1953 жылы аталған Конференцияның ор­нына Ислам кон­ференциясының форумы құрылып, оның оты­рыстары Иерусалимде, сон­дай-ақ бір­қатар араб елдерінің аста­на­ла­рында өткен. Бірқатар деректер бұдан кейін де жоға­ры­да аталған Ислам конференциясы фо­ру­мы­ның атауы бірнеше рет өзгертілгенін, басқа да исламдық ұйымдардың құрыл­ға­нын көрсетеді. Бірақ, бұл ұйымдардың еш­қай­сысы да халықаралық саяси үдерістерге жеткілікті түрде ықпал ете алмаған. Ал мұ­сылман әлеміне барлық Ислам мем­ле­кет­терінің басын біріктіріп, өзара тығыз ынты­мақ­тастық орнату арқылы халық­ара­лық сая­сат­қа ықпал ететін ұйым аса қажет еді. Мұ­ны мұсылман елдерінің басшылары мен дін қайраткерлері жақсы түсінді. Бұған мұ­сыл­ман әлеміндегі ішкі және сыртқы саяси-эко­но­микалық жағдайлар жол бермеді. Оның сәті 1969 жылы түскені тарихтан белгілі. Қысқаша тоқталатын болсақ, 1969 жылы белгісіз біреулер Иерусалимдегі мұ­сыл­­ман­дар­дың «әл-Акса» мешітін өртеп жі­бергенінен әлем жұртшылығы жақсы хабардар. Бұл жағ­дай өз кезінде мұсылман әлемін дүр сілкіндіріп, көпшіліктің орын­ды ашу-ызасын туғызды. Сөйтіп, Сауд Арабия­сының Королі Фей­сальдің бас­тамасымен сол жылдың қыр­күйегінде 26 Ислам мем­лекетінің бас­шы­лары Рабат қаласында (Марокко) бас қосып, мұ­сыл­ман қауымының қасиетті ор­ны саналатын «әл-Акса» мешітіне қатысты жағ­дайды тал­қы­лады. Нәтижесінде олар жа­ңа Ислам ұйымын құру мәселесін нақты шешу үшін Сауд Арабиясының Джидда ша­һа­рында Ислам мемлекеттері сыртқы істер минис­тр­ле­рінің кеңесін шақыру туралы уағ­да­ластыққа қол жеткізді. Ал келесі 1970 жыл­дың ақ­па­нын­да Сыртқы істер минис­тр­ле­рінің кеңесі өтіп, онда жаңа халықаралық орган – Ислам Кон­ференциясы Ұйымы ресми түрде құ­рыл­ды. Ислам Конференциясы Ұйымы құрылған­нан бері өзінің қатарын үнемі арттырумен қатар, қызмет ауқымын кеңейтіп келеді. Ал­ғашқы жылдары ИКҰ-ға 25 мемлекет мүше болса, бүгінде Ұйым Азия, Еуропа, Африка және Оңтүстік Америка құрлықтарындағы 57 мемлекетті біріктіріп отыр. Сонымен қа­тар, ИКҰ-ның жиындарына бес мемлекет жә­не бес халықаралық ұйым байқаушы ретінде қатысады. Оның үстіне Ислам Кон­фе­рен­циясы Ұйымы әлемде БҰҰ-дан кейінгі екінші ірі халықаралық саяси ұйым болып та­былады. Қазіргі кезде жер шарындағы тұр­ғындардың төрттен бірі мұсылман. Мұ­сыл­ман елдеріндегі тұрғындардың жалпы саны 1,532 миллиард адамды құрайды екен. Бұл – жер шарындағы тұрғындардың 22,9 пайызы. Ал Қазақстан адам саны жағынан ИКҰ-ға қатысушы елдер арасында – 23, әлем елдері арасында 62-ші орында тұр. Ислам Конференциясы Ұйымына мүше мемлекеттер аумақтарында табиғи ре­сурс­тар­дың аса мол қоры жатыр. Нақты мәлі­мет­тер бойынша, оның көлемі әлемдегі запас қор­дың 65 пайызын құрайды. Ұйымға қа­ты­су­шы елдер, сондай-ақ әлемде өндірілетін шикізаттың 45 пайызын өндіреді. 2009 жылы олардың ішкі жалпы өнімі 7,5 трлн. АҚШ долларын құраған. Бұл мәлімет мұсылман әлеміндегі елдер өндіретін өнімнің Қытай­дың ІЖӨ-не жақындап қалғанын білдіреді. Біздің еліміздің ИКҰ-ға мүше мемлекеттермен өзара тауар айналымына келсек, 2008 жы­лы ол 10,6 миллиард долларға жетті. Он­ың 8 миллиард доллары – экспорт, 2,6 миллиард доллары – импорт. Тәжірибе көрсеткендей, әлемдік мә­де­ни­ет өзара іс-қимыл мен ынтымақтастықта дами бермек. Ал Исламның бірегейлігі оның ру­­хани кеңістігін жетілдіруге жағдай туды­ра­тындығында жатыр. Осыған байланысты Қа­зақ­стан болашақ зайырлы мемлекет ретінде ұлы мұсылман өркениетінің ажырамайтын бөлігі болып табылады. Өйткені, біздің та­ри­хы­мыз жүздеген жылдардан бері Исламмен тікелей байланыста дамып келеді, қазақ хал­қы­ның рухани мәдениетін одан бөліп қарас­ты­ру мүмкін емес. Тәуелсіз Қазақстан жиыр­ма шақты жылдан кейін ғана мұсылман әле­мі­не алдына аса зор міндет пен мақсат қой­ған іргелі мемлекет болып қайта оралды. Қазақстан Республикасы Ислам Конфе­рен­циясы Ұйымына 1995 жылдың жел­тоқ­са­нын­да Конкариде (Гвинея) өткен Ұйымға мүше мемлекеттер сыртқы істер минис­тр­ле­рі­нің конферен­ция­сында толық құқықты мү­ше ретінде қабылданған еді. Мүше болып қа­был­данған кезден бастап еліміз Ұйымның көп­тарапты қызметіне белсене қатыса оты­рып, ИКҰ-ның рөлін арттыруға және оның өр­кениетті әлемдегі ерекшеліктерін нығай­ту­ға өзінің үлесін қосып келеді. Бүгінде Қазақ­стан, сондай-ақ Ұйым аясында әлеуметтік-эко­номикалық саясатты жүзеге асыру жолы­мен кедейшілікті азайту, білім сапасы дең­ге­йін арттыру, Ұйымға қатысушы елдерде де­мо­кратияны, адам құ­қығы мен азаматтық қо­ғам­ды дамыту мәселелеріне қолдау көрсетіп жүр. Бұл мәселелерде 2005 жылдың 8 жел­тоқ­санында Меккеде Ұйымның жоғары дең­гей­дегі конференциясында қабылдан­ған ИКҰ-ның Онжылдық іс-қимыл бағ­дар­ла­ма­сының алатын орны ерекше болып та­бы­­лады. Аталған құжатта Ұйым қызме­ті­нің ал­дағы он жыл ішіндегі перспек­ти­ва­лары нақты көрсетілген. Осы бағдарламаға бай­­ла­нысты ИКҰ-ның Бас хатшысы Экме­лед­дин Ихсаноглудың Ұйымның Онжыл­дық іс-қимыл бағдарламасының қабыл­да­нуы тарихи және жаңа бетбұрыс екенін, оның та­лаптарын орындау Ұйымға мүше көп­теген елдерді тап келіп отырған қиын­дықтардан алып шығуға негіз болатынын атап көр­се­туі жайдан-жай емес. Бағдарламада, сондай-ақ Ислам әлемі­нің «Жол картасы» рөлін атқаратын бұл құ­жат­та Ұйым елдері арасында ішкі сауданы ке­ңейту арқылы оның көлемін қазіргі 16 па­йыз­дан 20 пайызға дейін арттыру шара­ла­ры да қарастырылған. Осыған бай­ла­ныс­ты Қа­зақ­стан өзінің экономикалық стра­те­гиясын сауда-экономикалық байла­ныс­­тар­ды ынта­лан­дыруға, Ұйымға мүше мемле­кет­термен инвестициялық және техно­ло­гия­лық тә­жі­ри­белер алмасуға ниеттеніп отыр. Бұлардан бөлек еліміз аталған салалар негізінде Қа­зақстанның экономикалық мо­делін дамы­туды насихаттау мақсатында тұ­саукесерлер өткізу мүмкіндігін қа­рас­тыр­мақ. Қазақстан биылғы жылдың екінші жар­­тысынан бастап Ислам Кон­фе­рен­ция­сы Ұйы­­­мына төрағалық ету жауапты жұ­мы­сына кіріседі. Еліміздің осындай аса ірі ха­лықаралық ұйым төрағалығына сай­лануы Ұйымға қатысушы мемлекеттердің елі­мізге көрсетілген жоғары сенімі бо­лып та­бы­ла­ды. Бұл жоғары сенімнің түп негізінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев­тың са­ли­қалы саясатының нә­ти­­жесінде елімізде салтанат құрған этнос­аралық тату­лық, саяси тұрақтылық, дінаралық және конфес­сия­ара­лық келісім жатыр. Сонымен қатар, тә­уел­сіздік таңы арай­лап атқаннан бергі кезеңде табысты жүзеге асырылған реформалар жатыр. Осының барлығы жи­нақ­тала келіп, бір арнаға тоғыса келіп, Қа­зақстанды бүкіл әлемге танытты, та­ны­ту­мен бірге күллі әлем­ге мойындатты. Қазақстан Республикасы ИКҰ-ға мүше мемлекеттер ішінде ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен тұңғыш мемлекет ретінде тарихта қал­ды. Мұны мұсылман әлемі зор мақ­та­ныш­пен қолдады, қуаттады. Еліміз сол үде­ден шыға білді. Ал Қазақстан ИКҰ-ға төр­ағалығы кезінде бірқатар ауқымды іс-шараларды өткізуді қолға алғалы отыр. Оның ішінде Ұйымға мүше мемлекеттер сыртқы істер министрлерінің кеңесі, ден­сау­лық сақтау министрлерінің кездесуі, сон­дай-ақ Бүкіләлемдік ислам эконо­ми­калық форумы бар. Сонымен, еліміз биылғы жылы тағы бір іргелі халықаралық ұйым – Ислам Кон­фер­ен­циясы Ұйымына төр­аға­лық етеді. Елдігімізге, бірлігімізге сын болатын, ұйым­шыл­ды­ғы­мызды әлем­дік қо­ғам­дастыққа тағы бір көр­се­тетін кез табалдырық ат­таған жаңа 2011 жылдың еншісіне тиіп отыр. Бұл төр­аға­лық та асқақ абы­­рой­мен, әлем жұрт­­шы­лығы айта жү­­ретін үйле­сім­ді ұй­ым­­шыл­дық­пен өтеді деген сенімдеміз. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.