• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
01 Қаңтар, 2011

Дана Абай айтқандай

701 рет
көрсетілді

Елбасымен біргеміз!

Қазақстандықтар Н.Назарбаевтың Президенттік өкілеттігін ұзартуды қолдайды

Жолмұхан ТҮРІКПЕНҰЛЫ, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры. Көп нәрсе басшыға, жетекшіге, істің көзін білетін адамға бай­ланысты екенін нақты өмірде аяқ басқан сайын көресің. Қай салада болмасын, үлкенді-кішілі ұжым­ның басына жақсы адам келсе, үлкен қабілеті бар адал адам келсе, сол ұжым еңсесін көтеріп, құл­­пырып шыға келеді. Іскер адам өзі басқарған шаруашы­лық­ты, ұж­ымды алға сүйрейді. Ал еліңе байланысты бол­ған­да, Тұңғыш Президентіміз Нұр­сұл­тан Әбішұлы Назарбаевтың ұлы көшіміздің тізгінін ұстап от­ырғанына шүкіршілік етіп, ос­ын­дай адамның басшың екенін мақ­тан етесің. Ол жайында басқалар­дың жақсы айтқанына мерейің өсе­ді. Осыдан біраз бұрын Тәжік­стан президенті Эмомали Рахмон­ның: «Назарбаевтай басшысы бар қазақ халқы бақытты ғой» деген сөзін естіп көңіліміз марқайса, мұндай сөздерді қазір әлемнің әр тұсынан, небір дуалы ауыздардан естиміз. Мұның өзі қазір қалыпты жағдайға айналғандай. Бұл жайында толғануға рес­пуб­лика жұртшылығы өкілдерінің еліміздің шығысында бас қосып, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарба­ев­тың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінде ұсыныс жа­са­уы, Қазақстан Республикасы аза­мат­тарына үндеу тастағаны се­беп­ші болып отыр. Бұл шақыруға республика халқы толықтай дерлік қолдау көрсететініне кәміл сенемін. «Толық» демей, «толықтай дер­лік» деп, аз да болса, кейбір қарсы азаматтардың да табы­ла­тынын жасырғым жоқ. Ол да өмір заңдылығы. Олардың өз пікірлерін білдірулеріне мүмкіндік жаса­ған да сол Президентіміз Назар­баевтың басшылығымен орнық­қан тәуелсіз демократиялық мем­ле­кетіміздің пайда болуы. «Айдағаны бес ешкі, ысқы­ры­ғы жер жарады» деген бар. Олар­дың айқайы әжептәуір, бірақ ол­ар­ды қолдайтындар шамалы. Оны өткен президент сайлауы көрсет­кен. Халықтың Нұрсұлтан Назар­ба­евты қаншасы қолдағанын да жұрт ұмытқан жоқ. Сол сайлаудан бері Президенттің беделі халық­аралық ауқымда да, өз ішімізде де бұрынғыдан да артқаны айқын, күмәнсіз. Оны жақында Астанада өткен ЕҚЫҰ Саммиті кезінде әл­ем де мойындады, халқымыздың да көзі жетті. Сол Саммиттен кейін Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бе­дел-абыройы әлем алдында, ха­лық алдында жаңа бір белеске кө­те­­рілсе, соған орай оған қарсылар­дың қатары мықтап селдіреді деп тұжырым жасауға әбден болады. Осындай кезде президент сай­лауы өтер болса, Елбасына дауыс берушілер саны бұрынғыдан да артары күмәнсіз. Соны ескеріп, Нұрсұлтан На­зарбаевтың президенттік өкілет­ті­гін ұзартуға байланысты референдум өткізу жөнінде ұсыныс ай­ты­луы өте орынды. Сайлау өтсе, он­ың айқын басымдықпен жеңіске жететіні шүбәсіз. Сонда мәсе­ле­нің сайлау өткізудей шығыны да, айқай-даңғазасы да мол науқан­сыз шешілгені жөн-ақ дейсің. Осы жерде сөзімізді даныш­пан Абайдың бізге өсиет ретінде қалдырған бір ойын келтірумен тұжырымдауды жөн көріп отыр­мыз. Ұлы бабамыз өзінің отыз тоғызыншы сөзінде қазақтың бой­ындағы жақсы екі мінезді атап көрсетіп, соны жоғалтпауды ай­та­ды. Тыңдайық: «Ол екі мінезі қайсы десең – әуелі – ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көші-қонды болса, дау-жанжалды болса, билік соларда болады екен. Өзге қара жұрт жақсы-жаман өздерінің шаруа­сы­мен жүре береді екен. Ол ел басы, топ басылары қалай қылса, қалай бітірсе, халықта оны сынамақ, бірден-бірге жү­гірмек болмайды екен. «Қой асы­ғын қолыңа ал, қолайыңа жақса, сақа қой», «Бас-басыңа би бол­саң, манар тауға сыймассың, ба­салқаңыз бар болса, жанған отқа күймессің» деп, мал айтып, тілеу қылып, екі тізгін, бір шылбырды бердік саған, берген соң, қайтып бұзылмақ тү­гіл, жетпегеніңді жетілтемін деп, жамандығын жасы­рып, жақсы­лы­ғын асырамын деп тырысады екен. Оны зор тұтып, әулие тұ­тып, онан соң жақ­сы­лары да көп азбайды екен. Бәрі өз бауыры, бәрі өз малы болған соң, шы­ны­менен жетесінде жоқ болмаса, солардың қамын жемей қайтеді?». Бұған қосып-алу артықтау кө­рінеді. Қазақи менталитеті кем­шін­дер ғана мұны түсінбеуі, қа­былдамауы мүмкін. Мен сөзімді оларға арнап отырғаным жоқ, тү­сінетіндерге айтып отырмын. Алматы.

Халық қалауы қапысыз

Махамбет ауданы жұртшылы­ғының Елбасына деген ықыла­сында шек жоқ. Өйткені, Нұр­сұл­тан Назарбаев 2002 жылы Аты­рау­ға сапары кезінде осы ауданға арнайы келді. Жұртшы­лықпен емен-жарқын пікір алы­сып, өті­ніш-тілектерін зейін қоя тыңдады. Сонан соң “Келесі жылы Махамбет баба­мыз­дың 200 жылдық мерей­тойын ЮНЕСКО дең­гейінде атап өтеміз. Соған дейін Махамбет ау­да­нына дейінгі жол аралығы күр­делі жөн­деуден өтеді. Сол кезде тағы да келіп, өздеріңізбен жүз­десемін, батыр ба­бамыздың ме­рей­тойын бірге атап өтеміз” деген еді Елбасы. Айтқандай, бір жылдан соң Ел­басы Махамбет ауданына тұр­ғын­дар қуанышын бөлісуге келді. Аудан жұртшылығын батыр ба­ба­ның мерейтойымен құттықтады. Бұл кезде қос облысты бір-бі­рі­мен жал­ғайтын күрежолға күр­де­лі жөн­деу басталып, Махамбет ау­данына дейінгі аралығына тақ­тай­дай тегіс асфальт төселген еді. Аудан тұр­ғындарының жүздеріне шуақ ұя­лап, Нұрсұлтан Назар­ба­евты ерекше ықыласпен қарсы ал­ғанына куә болғанбыз. Сол ықы­лас әлі де сол қалпында екеніне міне, тағы көз жеткіздік. Ел­басының президенттік өкілет­тігін ұзартуға байла­ныс­ты референ­дум­ның бастамашы то­бының Үндеуін қапысыз қуаттаған жиында махамбеттіктер “Біз әрқа­шан да Ел­басымен біргеміз! Нұр­сұлтан Назарбаев – біздің таңда­уымыз! Пре­зидентпен бірге – абзал болашаққа, жаңа табыстарға, жаңа жеңістерге жетейік!” деген ортақ ұстанымға тоқтады. Аудан­дық мәслихат хат­шы­сы А. Құр­манбаевтың ай­ту­ынша, елімізде іске асырылған ре­формалар мен эко­номикалық өр­леу – Елбасы Нұр­сұлтан Назар­ба­евтың салиқалы сая­сатының жемісі. “Қазақстанда әлем елдері қы­зы­ғатындай саяси тұрақтылық қа­лып­тасты. Таяу Шы­ғыстағы, ал­ыс-жақын шет елдерде дүркін-дүркін дүрбелеңдер мен қақтығыстар орын алса, Қа­зақстандағы әр түрлі этностар арасындағы ынтымақ пен бірлікке сызат түскен жоқ. Біздің еліміз үшін ынтымақ пен бірліктен, тұ­рақ­тылық пен татулықтан қымбат нәрсе болмайды” деген оны ардагерлер кеңесінің төрағасы С. Тәж­бентай, білім бөлімінің әдіскері М. Бекимова, “Жас Отан” жастар қа­натының атқарушы хатшысы Қ. Құл­машев, емхана дәрігері М. Ға­битовтар бірауыздан қолдады. Қазақ мұнайының алғашқы там­­шысы алынған Жылыой ауда­ны­ның тұрғындары Елбасына ұда­йы арқа сүйеп жүреді. Себебі, Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей ықпалымен аудан аумағындағы “Теңіз” кенішін игеруге алғашқы шетелдік инвестор келді. Кенішті игеру үшін құрылған “Теңізшевройлдың” әл­еу­меттік демеуін алдымен осы аудан жұртшылығы көре бастады. Бірлескен кәсіпорынның қаржы­лай қолдауымен Сарықамыс, Кең­арал ауылдары жаңа мекенге қо­ныс аударды. Енді бұл кәсіпорын аудан орталығы – Құлсарыдағы ау­ыз су, канализация құбырларын жаңғыртуды қолға алды. Мұның бәрі Елбасының тікелей тапсыр­ма­сымен атқарылуда деп пайым жасайды жылыойлықтар. – Еліміздің экономикалық өр­кен­деу мен биік белесті бағын­ды­рудағы өрлеуінде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі бар. Шетелден инвестиция тартылды. Егер шетел ин­весторлары Елбасымыз Нұрсұл­тан Назарбаевтың батылдығына сен­бесе, Қазақстан экономи­касы­на ин­вестиция салар ма еді? Ен­ді, міне, экономикамыз өркен жай­ды, Қа­зақстандағы тұрақты­лық жаһан жұр­­тын қызықтырады. Егемендігіміз бен кемелдігімізді жалғастыру үшін біз, ақсақалдар заман тыныш­тығын, ұрпағымыз­дың әлеуетті өм­ір сүруін қалай­мыз. Ол үшін Пре­зидентіміздің өкілеттігін ұзарту жө­­ніндегі референдум өткізуді қол­дай­мын, – деді аудандық ардагерлер ке­ңесінің төр­ағасы Тілеген Кәдіров. Ал Атырау қаласындағы жи­ын­ды ашқан облыстық мәслихат хат­шысы Жалғас Дүйсенғалиев “Одақ ыдырағаннан кейінгі қиын кезеңде Қазақстанда бейбіт өмір сақталып қалды. Елбасының шетелдік инвес­торларды тарту жө­нін­дегі бастама­сы баянды болып, алпауыт компаниялар қазақ еліне озық технология, жаңа техника мен шебер мамандар әкелді. Ел экономикасы дамыды, халықтың әлеуметтік тұрмысы жақ­сарды” дей келе, Нұрсұлтан Назар­баев­тың ұлтаралық татулықты ны­ғай­ту, Қазақстанды әлемдегі көш­бас­­шы мемлекеттер қатарына қосу­да­ғы жемісті еңбегін атап өтті. Мұнайлы өңір жұртшылы­ғы­ның қолдауы мұнымен шектеліп қалмақ емес. Әр ауданда, әр ау­ыл­да, әр ұжымда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жыл­­ғы 6 желтоқсанға дейінгі мер­зімге ұзарту үшін референдум өткізу қа­жеттігін қолдаған жиындар жалға­су­да. Нұрсұлтан Назарбаевтың қа­зақ елінің дамуы, кемел келешегі үшін сіңірген еңбегін орынды ба­ғалаған халық алдағы он жылды Тұң­ғыш Президентпен бірге жал­ғас­тыруды қалайды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы.

Кесімді пікірге қосыламын

Оразбай ӘБІШЕВ, Социалистік Еңбек Ері. Жақында киелі Алтайда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан На­зарбаевтың президенттік өкілет­тігін 2020 жылдың соңына дейін ұзарту жөнінде алқалы жиын бо­лып өтті. Бастамашы топтың бұл ұсынысына бүгінде республика көлеміндегі тұрғындар қы­зу қол­дау білдіруде. Рас, тәуелсіз еліміздің тұрақты түрде дамуына, өркениетті ты­ныш елде өмір сүруімізге Елба­сы­ның қосқан үлесі орасан. Мұн­дай жетістікке Ұлт Көсемінің сарабдал сая­сатының арқасында қол жеткізіп, уыздай ұйыған баян­ды тіршілігімізді төрткүл дүниеге паш еттік. Әлемдік қаржы дағдарысы ке­зе­ңінде де Президентіміз тығы­рық­тан шыға біліп, сала ведом­стволарына нақты міндеттер жүк­теді. Соның нәтижесінде бірнеше жарқын жо­ба­лардың өмірге келуіне және жұмыс орны санының артуына жол аш­ылды. Бұл дегеніміз, халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарып, өнім­ді­лік еселене тү­седі деген сөз. Сарыарқаның төрінде бүгінде заман талабына жауап беретін бір­неше нысандар бой көтерді. Көр­гендердің көзі сүйсінетін ға­жайып осы ғимараттар еңсесі биік елдің мәртебесін асқақтатып тұр. Мемлекет басшысының кезінде Ас­тананы қалыптастыру жө­ніндегі ұтымды ұсынысы осылайша өм­іршеңдігін дәлелдеді. Айта берсем, жақсылыққа то­лы істеріміз жетерлік. Сондықтан осы жетістіктерімізге жетуге тікелей бастамашы болған Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкі­лет­тігін ұзарту туралы кесімді пікірге толықтай қосыламын.

Халқының бағына туған

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың өкілеттігін 2020 жылға 6 жел­тоқсанға дейін ұзарту мақса­тында бүкілхалықтық референдум өткізу жөнінде республи­ка­лық бастама­шы топтың Үндеуі бү­гінде Батыс Қ­а­зақстан облы­сын­дағы Ақжайық ау­даны жұр­тының да басты на­за­рын­ да. «Алдағы онжылдықта да Тұң­ғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге боламыз!» – әл­еу­меттің бүгінгі ниеті де, тілегі де осы. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өкі­леттігін 2020 жылдың 6 желтоқ­санына дейін ұзартуға арналған республикалық референдум өткі­зу жөніндегі бастамашы топтың ұсы­нысын қолдауға арналып ау­дан­дық мәслихат отырысы өтті. Осында жиналған депутаттар мен үкіметтік емес ұйымдар өк­іл­дері, жастар жетекшілері ал­дын­дағы сөзінде мәслихат хат­шы­сы Д.Жақ­­сыбаев былай деді: – Еліміз тәуелсіздіктің 20 жы­лына аяқ басты. Осы жылдар ара­лығында Елбасының басшылығы­мен ғасырға бергісіз жұмыстар атқарылғанын білесіздер. Ел да­муы­ның негізгі құжатына айна­лып отырған «Қазақстан-2030» Стратегиясы нәтижелі орында­лу­да. Нұрсұлтан Әбішұлының беде­лінің арқасында елордамызда ЕҚЫҰ Саммиті өт­іп, Астана Декларациясы қабылданды. Елбасының биылғы тарихи Жол­дауына орай елімізде индус­триялық-инновациялық өрлеу дә­уірі басталды. Бүгіннің өзінде 152 индустриялық жоба іске қо­сыл­ды. Соның ішінде біздің облы­сымыздан 5 жоба бар. Тәуелсіздік жолына түскен сын сағаттарда Елбасымыз өзін қажыр­лы қайраткер, дана саясаткер ретінде көрсетіп, егемен Қазақстан мем­лекетінің негізін қалады. Хал­қы­ның бағына туған ол шынайы Ұлт Көшбасшысына айналып отыр. Еліміздегі жетістіктер Елба­сы­ның бастамасымен қолға алынған бағдарламалардың нәтижесінде жү­зеге асуда. Өзі ұсынған бағдар­ламаларды қалай жүзеге асыруды Елбасынан артық білетін адам бол­мас. Сондықтан Көшбас­шы­мызға мүмкіндік беруіміз керек, дейді батысқазақстандықтар. Болат ЕСҚАЛИЕВ, журналист. Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы.

Сүйер ұлың болса егер

Жақсылық ЫСҚАҚОВ, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы, ақсақалдар алқасының мүшесі. Өз басым Семей жеріне елі­міз­дің барлық аймақтарынан жи­нал­ған бастамашы топ мүше­ле­рінің Қазақстан Республикасы­ның Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаев­тың президенттік өкілеттігін ұзар­туға байланысты референдум өт­кізу жөніндегі шешімін дәл осы­лай болуға тиістідей салқынқан­ды­лықпен, сабырмен қабылдадым. Десек те, арамыздан Ата За­ңымызда жазылғандай Қазақстан Президентінің әрі қарайғы өкі­лет­тігін жалпыхалықтық сайлау ар­қылы неге ұлғайтпасқа деушілер­дің табылуы әбден мүмкін. Иә, Қазақстан Конституциясында Пре­­зидент жайлы арнайы тарау бар. Онда мемлекеттің басшысы, мем­лекеттің ішкі және сыртқы сая­са­тының негізгі бағыттарын айқын­дайтын, ел ішінде және халық­ара­лық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін ең жоғары лауазымды тұлғаның конституция­лық заңға сәйкес жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде бес жыл мерзімге сайла­на­ты­ны айтылған. 1991 жылғы 1 жел­тоқ­сандағы Тұңғыш Президент сайлауын әлі ұмыта қойған жоқ­пыз. Арадағы бес жылдан кейін 29 сәуірде бүкілхалықтық референдум арқылы президенттік өкілет­ті­лік ұзартылды. Бұдан соң екі рет баламалы сайлау өткізілді. Қай-қай­сысы болсын заңға қай­шы ем­ес. Ең бастысы, бұл сайлаулар Н.Назарбаевтың халықтың үлкен қол­дауына ие саяси көшбасшы екенін дәлелдеді. Бұл сенім әлі күнге дейін жойылған емес. Жыл өткен сайын Нұрсұлтан Әбішұлының ұстанған бағытын қызу қолдап, сара саясатын қолдаушылар қата­ры­ның арта түскенін байқау қиын емес. Ал, бастамашы топ Мемлекет басшысының өкілеттігін ха­лық­тық референдум арқылы ұзар­ту­ды ниет етсе – оған әркім құқы­лы. Мұның өзі зайырлы елге тән демократиялық құбылыс, құнды­лық екені даусыз. Талай сайлауды бастан өткер­дік. Тартысқа толы саяси дода­лар­дың бел ортасында жүрдік. Ме­ніңше, бар мәселе сайлауға, болмаса референдумға тіреліп тұрған жоқ. Оны өткізу соншалықты қи­ын да емес. Тәжірибеміз де мол. Сайлау дәл бүгін өтсе де халық таңдауы Тәуелсіз Қазақстанымыз­дың Тұңғыш Президентіне түсері анық. Өйткені, сонау аумалы-төкпелі кезеңде Ел Басшысын қа­пысыз тани білген қазақстан­дық­тар өз тағдырларын оған сеніп тапсырды, аманат етті. Содан бері 19 жыл бойы ыстығын да, суығын да, жеңісін де, жемісін де бірге көріп келеді. Тарих үшін қас-қа­ғым сәт ішінде Қазақстан әлем мой­ындаған елдер санатынан ой­ып тұрып орын алды. Президент­тің зор табандылығы мен орасан күш-жігерінің, ұйымдастыру­шы­лық талантының арқасында тұ­рақ­ты даму жолына түсіп, ұлт­ара­лық және конфессияаралық келі­сім­нің қазақстандық үлгісі қа­лып­тасты. Алға қойған өрелі мақсат­тарымыздың орындалып, страте­гия­лық даму жоспарларымыздың өзара үйлесім тапқаны болашаққа деген берік сенімді ұштай түседі. Тарих бетіне алтын әріптер­мен жазылған Астана Саммиті Ел­басының халықаралық арена­дағы абырой-беделін одан әрі аспандата түсті. Екі күн бойы елордада жаһандық қауіп-қатерлердің алдын алуда аса маңызды мәсе­лелерді талқылап, қоғамдық қау­іп­сіздіктің тың бастамаларын ай­қын­дап берген VІІ Саммит ЕҚЫҰ жұмысына тың серпін берді. Қа­зақстан басшысының еуразиялық интеграциялық және әлемдік про­блемаларды шешу жөніндегі бас­та­малары мен ұсыныстары оған қа­тысушы мемлекет басшылары та­рапынан кең қолдау тапты. Өз басым Нұрсұлтан Әбіш­ұлын көптен бері білемін. Оны қазақтың бағына туған тұлғалы аза­мат ретінде қадір тұтамын. Жа­уапты қызметтерде жүргенде талай рет жүздесіп, іскерлігіне, адами қасиеттеріне тәнті болған едім. Көп жыл Павлодар облыстық атқару комитетінің төрағасы бол­ға­нымда ақыл-кеңестерін беріп, сол кезде-ақ көшбасшылыққа лай­ық екенін мойындата білген-тұғын. Қазақстандықтардың қай-қай­сы­сы болсын еліміздің тұрақты да­муына, экономикалық жағынан қарыштап алға басуына, ұлт­ара­лық татулық пен келісімнің беки түсуіне мүдделі. Алда қаншама іргелі міндеттер тұр. Келешегі кемел елімізді Елбасынсыз елестету мүмкін емес. Хакім Абай «сүйер ұлың болса егер, сүйенерге жарар ол» деп жырлағандай Нұрсұлтан Әбішұлындай Елбасымыз, Көш­бас­шымыз тұрғанда ештеңеге ал­аң­дамаймыз. Солтүстікқа­зақстан­дық­тар қашанда Сізді қолдайды. Біз Сізбен әркез біргеміз! Солтүстік Қазақстан облысы.

Көкейдегі ойды дөп басқан бастама

«Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы Ақтөбе ферроқорытпа зауыты қа­шанда  «бір жағадан бас, бір жең­нен қол шығарып» келе жатқан ұжым. Сондықтан да болар тәу­елсіздіктің елең-алаңында да, әл­ем­дік қаржы дағдарысы етекке жар­масқанда да еңбек ырғағынан жаңылған емес. Кәсіпорында өн­дірісті кеңейтудің алғышарттары жасалып, Елбасының Ақтөбеге са­пары кезінде жаңа цехтың ір­гетасына капсул салып кеткені де күні кеше ғана. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлы зауыт ұжымына үлкен сенім артқан-ды. Сол сенімнің үдесінен көрінуге бағыт ұстанған акционерлік қоғам ұжымы шы­ғыс­қазақстандықтардың үндеуін бір кісідей жылы қабылдады. Осында өткен  Елбасының президенттік өкілеттігін 2020 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзарту туралы республикалық референдум өткізуге байланысты жиында бұл мәселе шын жүректен қолдау тапты. Үш жүзден астам жұ­мыс­шы қатысқан жиынды кіріспе сөз сөйлеп ашқан  зауыттың әл­еумет­тік мәселелер және көлік бөлі­мінің бастығы, бастауыш партия ұйымының төрағасы Жамансары Мақашев тәуелсіздік алған 19 жылда Елбасының экономикалық қуатты, саяси тұрақты мемлекет құра білгенін, бүкіл дүниежүзілік қауымдастықтың Қазақстан атты іргелі елді Нұрсұлтан Әбіш­ұлы­ның көрегендік саясаты нәтиже­сінде танып, мойындағанын атап өтті. ЕҚЫҰ-ға еліміздің төраға­лық еткенін, Астана төрінде ЕҚЫҰ Саммитін бір демде сәтті өткізгенін, Астана Декларация­сын қабылдауға ұйытқы болға­нын тарихи оқиға деп бағалап, Елба­сының әлемдік деңгейдегі сая­сат­шы екеніне тоқталды. Осы бағытта ойын сабақтаған Ақтөбе ферроқорытпа зауытының директоры Мұрат Мұқашев  Пре­зиденттің еліміздегі бірлік пен татулықтың, экономикалық даму мен саяси тұрақтылықтың бірден-бір кепілі екеніне назар аударды. – Біз  Нұрсұлтан Әбішұлын за­манымыздың аса ірі саясаткері деп білеміз. Президенттің өкілет­ті­гін 2020 жылдың 6 желтоқ­са­нына дейін ұзарту жөнінде референдум өткізу туралы бастаманы қуана қолдаймыз. Бұл көптің көкейіндегі көрікті ой екені шын­дық. Қазір еліміздегі ішкі жалпы өнім Орталық Азия мемлекет­те­рінің көрсеткішінен 1,5 есе ар­тық. Елбасының жер бетінде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамта­ма­сыз етудегі орасан еңбегін бү­кіл әлем мойындады. Біздің Президентімізге мемлекетімізді қа­лып­тастыру барысында үлкен жауапкершілік жүктелді. Бұл міндетті қайыспас қара нардай алға тарта білді. Қазақстан экономи­касы Елбасымыздың стратегия­лық көрегендігі, табандылығы мен ерен ерлігі арқасында ны­ғай­ды. Қазір халық Президенттің әл­еуметтік-экономикалық салада жү­­зеге асырған істерінің жемісін көріп отыр. Сондықтан да сүйікті Президентімізге деген сенім мол, көңіл нық, – деді ол. №23 пештің бригадирі Дәукен Райысов, қайта өңдеу цехының бастығы Мырзағұл Құлдыбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы, «Нұр Отан» ХДП облыстық фи­лиалының төрағасы Балғали Ордабаев еліміздің әлемге таны­луын, ертеңімізге деген сенімнің нығаюын, мемлекетіміздің беде­лінің көтерілуін Елбасы есімімен сабақтастырды. Қазақстанды мекендеген барша ұлттар мен ұл­ыстардың бірлігі мен татулығын нығайтудағы қол жеткен жетістікті Нұрсұлтан Әбішұлының көре­ген­дік бастамаларының нәтижесі деп мәлімдеді. Жиында сөйлеу­шілер Елбасының Президенттік өкілеттігін ұзарту арқылы  баста­ған істерін баянды етуге мүм­кін­дік берілетінін баса айтты. «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы Ақтөбе ферроқорытпа зауыты жұ­мысшыларының жиналысында Қа­зақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өкілеттік мерзімін 2020 жылғы 6 желтоқсанға дейін ұзарту жөнінде  бүкілхалықтық референдум өткі­зу туралы бастамасын қолдау бой­­ынша үндеу қабылданды. Үн­деу­де зауыт ұжымының Қазақ­стан­ның Тұңғыш Президенті Нұр­сұлтан Әбішұлы Назар­баевты бар­лық істе де қолдайтыны ай­тыл­ды, ферроқорытушылар қа­зақ­стандықтарды бүкілхалықтық референдум туралы бастаманы қолдауға шақырды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.

Еменнің иір бұтағы

41 жыл әскер сапында жүрген сардар, Халық Қаһарманы, ҚР Әскери инспекциясының Бас қолбасшысы, генерал Ба­қытжан ЕРТАЕВҚА Жаңа жылдық мерекеге санаулы күндер қалғанда жолыққан едік. – Бақытжан Ертайұлы, Сіз Жаңа жылды бейбіт күнде қарсы алудың қадірін білетін адамсыз ғой. – Алдымен мынаны айтқым келеді. Тарихсыз ел жоқ. Біз рухты, абыройлы, намысқой, аруақты халықпыз. Кең байтақ елімізді ата-бабаларымыз, батырларымыз жан беріп, қан төгіп жүріп қорғап, бізге қалдырды. Жеріміздің кеңдігі жөнінен әлемде тоғызыншы орын аламыз. Қандай бақытты ха­лық­пыз! Сол бақыттан айырылмауымыз қажет. Сол ба­қытты алға жетелеп алып келе жатқан біздің Тұң­ғыш Президентіміз. Еліміздің жүрегі – Астана. Осы шешімге бастамашы болған, қиын жағ­дайда шешім шығарған кім? Елбасы! Саяси өкімет шашырап, өзге ұлттың өкілдері атажұртына ауып жатқанда Ас­тананы құруға бел будық.  Осының бәрі тарихтың өне бойында көрген қиыншылықтарымыз бен қасі­ретіміз­дің өтеуі, ата-бабалар аруағы­ның қол­дағаны. Күні кеше ғана Бау­кеңнің басына барып Құран бағыш­та­тып қайттым (24 желтоқсан Б.Мо­мыш­ұлы 100-ге толған күн). Біз осындай ха­лықпыз. Өлі риза болмай, тірі бай­ы­майтындығын білетін халықпыз. Жыл аяқталған сайын алдымен көрген жақ­сылық­тары­мыз­ды айтамыз. Жаңа жыл­да да Алла бізді абы­ройсыздықтар мен келең­сіз­діктерден сақтағай! – Әңгімені өзіңіз елдікке, бүтіндікке бұрып қал­дыңыз. Жуырда сізді Өскемен қаласында Елбасының өкілеттілігін ұзартуды қолдаған ын­талы топтың қатарынан көрдік. Осы бастамаға шын мәнінде не түрткі болды? – Мен сардар ретінде айтайын. Біздің осыған дейін көрген қиыншылығымыз аз емес. Енді осы жақсы күннің жалғасқанын, жетістіктеріміздің кемелдене түскенін қалаймыз. Оны халық та көксейді. Осы күнге бізді жеткізген, көреген көшбасшы бол­ған Елбасы – біздің Жоғарғы Бас қолбасшымыз. Ол кісі бізді жарты жолда қалдырмауы қажет. 2020 жыл­ға ол кісі бізді жеткізуі қажет. Оған дейін де өсер-өнер еліміз бар. Өсіп келе жатқан жастарымыз, буыны бекіп жатқан ұрпағымыз бар. Мен данышпан емеспін. Бірақ бүтінделген кезімізде жаманымызды жасырып, жақсымызды асы­руымыз керек. Бірақ, кемшілігімізді де бетке айтқан жөн. Осыдан жиырма жыл бұрын қандай едік, қазір қандай болдық. Шашырап, тойып тамақ іше алмай қиналған кезеңдер де болды ғой. Қазір әркімнің үйінде екі мәшинеден бар. Ешкім жыртық шапан киіп жүрген жоқ. Қанағат керек. Мұнан да жақсы күндерге қанағатпен, ауызбіршілікпен жетеміз. Ол қанағат бір күндік емес, келешек үшін болуы тиіс. – Тәуелсіздіктің де 20 жылдығына қадам бас­қалы тұрмыз. Өткенге ойшолу жасағанда енді ненің біткенін көксейсіз? – Бұрын әскери округтер болмаған еді. Мен штабтың бастығы болып жүргенде осы ен-байтақ даланы ата-бабаларымыз қалай алып қалды деп ойлайтынмын. Мына жағы Зайсаннан Семейге дейін, Қорғас пен Отарға дейін лық толған әскери бөлімдер болғанымен, басқа тұсымызда әскери округтер болмады. Қазір тәубе, мемлекетіміздің төрт қиырында да әскери округтеріміз бар. Енді әркім өз орнында өз жұмысын сапалы, адал атқарса – қол жеткізген табыстарымыз жалғасады. – Есіңізде қалған ең жақсы Жаңа жыл қайсы? – Әлі есімде, 10 жасымда Жаңа жыл дастар­ха­нынан үлкен тортты көріп қуанғаным бар. Балалық қуаныш қой. Бұл қалай деп, таң қалсаңыз да ай­тайын. Одан кейінгі жақсы бір Жаңа жыл Ауған даласында болды. Қан майданда, бөгде елде жүріп, қазақ жігіттерімен пойызда кетіп бара жатып, мерекені қарсы алдық. «Аға, біздің елімізге Жаңа жыл бірнеше сағат бұрын келді. Еліміздің амандығы үш­ін тілек тілеп, тойлайық», деп жігіттер жү­рек­жар­ды сөздерін айтып, ән шырқап отырғанымыз есімде. Ал биылғы жыл халқымыз үшін де, қара басым үшін де жаман болған жоқ. Ұлым үйленді. Жаңа жылды өз шаңырағымда қарсы алғанды жақсы көремін. – Қандай қиындық көрсем де, әділетсіздікке душар болсам да ешкімді кінәлап, ғайбаттаған емеспін дейсіз. – Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді?! Ау­ырды көрмеген адам, жеңілдің қадірін қайдан біледі. Қандай қыспақ көрсем де, жала жа­былса да Елбасын да, елді де жа­мандаған емеспін. Бірде айт­қа­ным бар екен: «Батыр таққа таласпай­ды, батыр тақты қорғайды». Біз сар­дармыз. Біз сарбазбыз. Елдің тыныш­тығы мен бақуаттылығы үшін қызмет етуге ант берген адамдармыз. Ер адам екі рет ант бермейді. Басыма қи­ын­шылық түскенде адалдығыма сенген адамдар, майдандас жігіттер мені қол­дады. Сы­нақты күндердің өтуін са­быр­мен күт­тім. Талай биікке көтеріліп, талай тө­мен құлдилап, биігіме қаншама рет көтерілдім... – Сіз үшін бүкіл өмір тағдыр талқысы секілді дейсіз ғой. – ...Осыны айтқым келмеген еді. 10 айлығымда әкемнен қалдым, басымнан сипап қамқор болғанын көре алмадым. Бірақ, алақандай ауыл мені тәр­биеледі. Табиғаты мені аялап өсірді. Бауыржандай батырды туған біздің ауылдың табиғаты да ерекше. Шақпақ пен Күйік асуының арасы Баукеңнің мінезі секілді. Сол ауылдан 8 генерал шыққан. Осы ауылдың басталған тірлігі, көтерілетін шаңырағы, тіпті шабылатын шөбіне дейін батасыз жүрмеген. Сол тілек ер балаға да айтылады. Елдің тілегімен, ниетімен жетілдік. – Бір облыстың, бір ауданның немесе ау­ыл­дың батыры болмайды деседі. Батыр ортақ. Бі­рақ, айналып келген әр қазақтың кіндік қаны тамған жері бары белгілі. Кісілікке жетіп, елдің азаматына айналғанда ауылыңызға шапаға­ты­ңыз тиді ме? – Елім маған Халық Қаһарманы деген атақты алмай тұрып-ақ, мен тұрған көшеге атымды берді. Сол ауылыма тырмысып жүріп, мешіт тұрғызып бердім. Сөйтіп, елдің батасын алдым. Біздің ауылда алақандай көпір бар еді. Соны жөндетіп бердім. Осының бәрін жасауға достарым көмектесті, Ауған соғысы ардагерлері болысты. Елдің ықыласымен әкемнің де елге сіңірген еңбегі еленіп, біздің ауыл – Ертай ауылы атанды. Осының бәрі менің жүрегімді әркез жылытып, жігер беріп тұрады. – Соңғы рет қашан қуандыңыз? – Үлкен ұлым кенеттен қайтыс болып кетті. Дүниеден баз кешіп жүргенде жолдастарым сүйін­ші­леп, ұлымның дүниеге келгенімен құттықтады. Сонда қуанғаннан айқайлап, аты Серікжан болсын дедім. Одан кейін Ауған соғысында жүргенде со­ғыстың алғашқы күндері досым, лейтенант Әлім­жан Ерниязов қайтыс болды деген суық хабар естідім. 3-4 сағат өтпей, досың тірі екен дегенде өлердей қуанғаным бар. Соңғы рет ауылға әкемнің аты берілгенде жүрегім жарылардай болды. – Ендігі арманыңыз? – Алладан сұрайтыным, немерелі болсам екен. Бұл бірінші тілегім. Екінші тілегім, әділет – туымыз болса, өтірік – құлымыз болсын. Үшіншісі, жаттан­ды сөз болып көрінсе де, бейбітшілік жалғасып, еліміз соғыс көрмесе екен деп тілеймін! – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Айнаш ЕСАЛИ.

Әлемді таңдандырған тұлға

Біз, Оңтүстік Қазақстан облы­сы­ның ардагерлері бүкіл кең-ба­й­тақ еліміздің барша халқына өзі­міздің өзекжарды сөзімізді арнап отырмыз. Тәуелсіз қазақ елінің, егемен Қа­­­­зақстанның бүкіл дүние жүзі мем­­лекеттері арасындағы абы­рой-беделі барған сайын биіктеп, мерейі артуда. Мыңжылдықтар то­ғы­­сында жаңа, тәуелсіз мемлекет құ­рылды. Бабалар арманы шын­дыққа айнал­ды. Төле би, Қазыбек би, Әй­теке би көксеген, Абылай хан ар­ман­даған, Абай аңсаған абат заман орнады. Еншісі бө­лін­беген біртұ­тас, мыз­ғымас елдікке қол жетті. «Қазақ мемлекет болып тұра ал­май­ды» дегендей кейбір кереғар пікірлер мен болжамдар жоққа шығарылды. Қазақстан халқы татулық пен тұрақтылықтың алтын арқауына айналды. Еліміздегі ерекше тү­сі­ністік пен төзімділік өзара нық сенімге негізделген. Біздің елдің бірлігі – ынтымақты ырысқа айнал­дырудың айрықша үлгісі. Тағдыр табыстырған, тарих тоғыстырған түрлі этнос өкілдері Отанымызды бірге көркейтуде, бір шаңырақтың астында ұрпақ өсіруде. Қазақ елінің дұрыс жол таңдап, болашақты байсалдылықпен болжап, ізгілік пен сенімге негізделген парасатты саясат жүргізуі, тәуел­сіз­діктің жиырма жылында ғасырға бергісіз ғаламат, ғажайып жетістіктер мен жеңістерге жетуі – Ел­басымыз Нұрсұлтан Назар­баев­тың ерен еңбегінің нәтижелері. Әлем­дегі небір беделі биік мем­ле­кет­тер­дің басшылары, аса көр­нек­ті қоғам қай­раткерлері арасында біздің Президентіміз көрегендігі­мен, кемең­гер­лігімен, жаңашыл­ды­ғымен, кү­рес­керлігімен, рефор­ма­торлығы­мен ер­ек­шеленеді. Нұр­сұлтан Назарбаев шын мәніндегі Ұлт Көшбасшысына айналды. Қа­зақстанның жиырма жылда жүріп өткен жолы жеңіл болған жоқ. Күрделі кезеңдерде ерен Елба­сы­мыз, кемел Көшбас­шы­мыз өзінің жанашырлығы арқылы жарқын істерге бастай білді. Бүгінде бүкіл әлем Назар­баев­ты жақсы біледі. Жоғары баға­лай­ды. Керемет құрметтейді. Біздің Президентіміз, Көшбасшымыз ха­лық­аралық деңгейде де тамаша бастамалар көтеріп, дүниежүзілік бейбітшілік пен татулыққа, бүкіл­адамзаттық парасаттылыққа тең­дессіз үлес қосуда. Қазақстан әлі жас, жаңа мемлекет екендігіне қарамастан, ТМД кеңістігі бойынша тұңғыш рет ЕҚЫҰ-ға төрағалық етті. Еліміз­дің мұндай биікке көтерілуі де – Елбасымыздың ерен еңбегінің жемісі. Еліміздің пешенесіне жазыл­ған бақыт. Нұрсұлтан Назарбаев мемлеке­тіміздің басшысы ретінде Қазақ­стан Республикасының ЕҚЫҰ-ға төрағалығын елдің халықаралық беделі екендігінің дәлелі деп қана емес, сонымен бірге, Ұйымға жаңа тыныс, жаңа серпін берудің мүм­кіндігі деп бағалай білді. Соңғы он жылдың ішінде ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің мемлекет, үкімет басшы­лары қатысуымен Ұйым қызме­ті­нің негізгі бағыттарын айқындай­тын, жағдайларды саралап, баға беретін кездесуі мүлде өтпеген екен. Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен мұндай ірі де іргелі Саммит Астанада өтті. Қазақстан Рухы, Астана Рухы, Ұлт Көшбасшысының кемеңгер­лігі күллі әлемнің көз алдында барған сайын биіктеуде. Президентіміздің ішкі саясатта да, сыртқы саясатта да мерейлі түр­де межелеген асулары таңға­жайып. Олардың бәрі де орын­даларына нық сенімдіміз. Әлемнің әйгілі мем­лекеттері де, әлсіз елдері де, халықаралық ұйымдардың барлы­ғы да Қазақстанды Назар­ба­ев­сыз, Назарбаевты Қазақстансыз елестете алмайтынын ашық айтуда. Тәуелсіздік тұғыры нығайып, береке-бірлігіміз бүгінгіден де бекемденбегі үшін бүкіл әлем таң­дана қарайтын текті тұлғамыз, қа­зақтың нұрлы перзенті Нұрсұлтан Назар­баевтың президенттік өкі­лет­тігін 2020 жылға дейін ұзар­туымыз қа­жет. Бұл – еліміздің елдігін, ұлты­мыздың ұлылығын, хал­қымыздың бірлігін танытар қа­сиет. Осы ұсы­ныс-тілегімізді ізгі ниетті, мем­ле­кет­тің мерейлі бола­шағын адалдық­пен аңсайтын, өзін Отанымыздың шын патриоты, шы­найы азаматы деп есептейтін әрбір қазақ және әрбір қазақ­стан­дық қолдайды деген сенімдеміз.

Оңтүстік Қазақстан облысы ардагерлер кеңесі атынан:

Ә.АСАУБАЕВ, Социалистік Еңбек Ері; О.БЕГАЛИЕВ, Социалистік Еңбек Ері; К.БӨРІҒАЗИЕВ, Социалистік Еңбек Ері, Созақ ауданының құрметті азаматы; Ө.ӨТЕТІЛЕУОВ, Социалистік Еңбек Ері; А.СӘТМЫРЗАЕВ, Социалистік Еңбек Ері, Бәйдібек ауданының құрметті азаматы; Б.ШҮКІРБЕКОВ, Социалистік Еңбек Ері, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы; Т.ҚАУЫМБАЕВ, Кеңес Одағының Батыры, барлығы 84 адам қол қойған.

Сырбойылықтар үн қосуда

Қызылорда облысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың президенттік өкілеттігін 2020 жылдың желтоқсанына дейін ұзарту жөнінде референдум өткізуді қолдаушылар қатары күн сайын көбейіп келеді. Бастамашы топтың Өскемен қа­ласындағы жиынында қабыл­данған Үндеуге Жалағаш ауданы тұрғындары алғашқы болып үн қосты. Аудан орталығында өткен жиынға үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, ардагерлер мен кәсіп­кер­лер қатысып, Қазақстанды әл­емдік аренаға алып шыққан Ұлт Көшбасшысының президенттік өкі­леттігін ұзарту туралы референдум өткізуді қызу қолдады. Басқосуда кент ардагерлері ке­ңе­сінің төрағасы Бір­жан Көштаев осыдан 10 жыл бұ­рын Елбасының Жалағаш ау­да­ны­на жасаған сапа­рын есіне алды. – Сол сапарында аға буын өк­ілдерімен тілдескен Елбасы Қа­зақ­станның болашақ бағыт-бағ­дары жайлы байламды сөз айтып еді, – деді ардагер. – Міне, бүгін сол өркенді елдің өрісті тірлігіне куә болып отырмыз. Елінің ең­се­сін тіктеп, әлемге танытқан Елба­сы өкілеттігін ұзарту өзге емес, өзіміз үшін керек шешім. Әркімнің көкейінде жатқан ой­ды дөп басқан бастаманы қол­дау­да Сыр жастары да белсенділік танытуда. Облыс орталы­ғын­дағы «Болашақ» университеті өт­кіз­ген жиында Елбасының білім және ғылым саласын дамытудағы еңбегі баса айтылды. Ел тәу­ел­сіздік алған алғашқы жылдары-ақ Мемлекет басшысы «Болашақ» бағ­дарламасы арқылы қазақстан­дық жастардың шетелде білім алуы­­на жол ашты. Білім беруді басым бағытқа айналдырған қо­ғам мүше­лері екендігін мақ­та­ныш тұтатын Сыр жастары бас­тама­шыл топтың Үндеуін толық қолдайды. Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ, журналист. Қызылорда.

Болашаққа – Елбасымен

Алматы қаласының ұйғыр мә­дени орталығы елдің Тұңғыш Пре­зиденті, Ұлт Көшбасшысы Нұр­сұлтан Назарбаевтың өкілеттігін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінде республикалық референдум өткі­зілуін қолдаған арнайы жиналыс өткізді. Қалалық ұйғыр мәдени орталығының төрағасы Абдуллам Ушуровтың атап өткеніндей, Қа­зақстан ұйғырлары референдум өткізу жөніндегі бастаманы толы­ғынан қолдайды. Аталмыш жина­лысқа қатысқан Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының, «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық бө­лімшесінің, қалалық сайлау ко­миссиясының,  этномәдени бір­лес­тік­тердің, сондай-ақ шығарма­шы­лық және ғылыми зиялы қа­уым өкілдері Елбасы өкілетті­гі­нің мерзімін ұзарту қажеттігі жай­ында баса айтты. Сөйлеу­ші­лер мемлекетіміздің басшысына бүгін таңда балама жоқ екендігін атап көрсетті. Олар елдің келешектегі тұрақты дамуын, бәсе­кеге қабілеттіліктің артуын, ха­лықтың береке-бірлігі мен өркен­деп гүл­денуін Нұрсұлтан Назар­баевтың есімімен байланыс­ты­ра­ды. – Мемлекет басшысы 90-шы жылдары ұсынған көрегендік саясат пен даму стратегиясының ар­қасында біз бүгінде татулық пен тыныштықта өмір сүріп, әлемдік қаржы дағдарысының зардап­та­рын жеңіп шықтық, сөйтіп, жаңа жетістіктерге қарай кәміл сеніммен ілгерілеудеміз,– деп атап айт­ты Абдуллам Ушуров. Өз кезегінде республикалық ұйғыр музыкалы комедия теат­ры­ның шығармашылық ұжымы Ел­басына үнемі көңіл бөліп, қам­қорлық жасап келе жатқаны үшін алғыс білдірді. Театр директоры Әділ Жанбакиев Президенттің тікелей тапсырмасымен өз ғимарат­тарына күрделі жөндеу жүргізіліп жаңартылғанын еске салды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ұж­ым өзінің алғашқы тарих мұ­ражайын ашты. Ондағы жәдігер­лер 1934 жылдың қыркүйегінен бас­талған ұйғыр театрының қа­лып­тасуы жайында сыр шертеді. Алқалы жиынға қатысушылар дербес дамудың өткен 19 жылы Президенттің елді бастап келе жатқан бағытының дұрыстығын айқын көрсетіп бергенін алға тарт­ты. Нұрсұлтан Назарбаев үде­мелі индустриялық-иннова­ция­лық даму бағдарламасын бастап берді, Қазақстанды 2020 жылға дейін дамытудың стратегиялық жоспа­рында алға асқаралы міндеттер қойды. Бүкіл халық үшін аса маңызды нақ осы бағдарла­ма­ларды Тұңғыш Президентіміздің басшылығымен жүзеге асыруы­мыз қажет. Елбасының әрдайым табысқа бастайтынына біз сенімдіміз, дейді олар. Қорғанбек АМАНЖОЛ.

Ерен еңбек үлгісі

Тілеухан ӘБІЛДАЕВ, Туберкулез мәселелері ұлттық орталығының директоры, медицина ғылымдарының  докторы. Қазақстанда кейінгі жылдарға дейін туберкулез мәселесін түп-тамырымен жою жұмысы көп уа­қыт өз шешімін таппай келген еді. Осы бір күр­меуі қиын күрделі мәселеге, әсіресе, соңғы жылдары Е