• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
19 Ақпан, 2016

Инвестициялық ахуалды жетілдіру мәселелері талқыланды

294 рет
көрсетілді

Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің ұйымдастыруы бойынша Инвестициялар және даму министрлігінің басшылығымен кездесу өткізді. Іс-шараға Парламенттің жоғарғы палатасының депутаттары, Ұлттық экономика министрлігінің, «Кaznex Invest» және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдері қатысты. Жиынды ашқан Сенат Төрағасының орынбасары Ас­қар Бейсенбаев «100 нақты қа­дам» Ұлт Жоспарында өңдеуші өнер­кәсіпке стратегиялық инвес­торларды тарту, экономиканың басым­дыққа ие секторларында бірлес­кен кәсіпорындарды құру, тауарлардың экспортын құру және Қазақстанның әлемдік нарыққа шығуы үшін өңдеуші секторға кемінде оншақты трансұлттық компанияны тарту жөніндегі бағыттарды айқындады. Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстан халқына Жолдауында экономикаға инвестициялар көлемін жыл сайын ұлғайту, тұтастай алғанда 10 жыл ішінде кемінде 100 миллиард АҚШ доллары көлемінде ұлғайту жөнінде міндет қойды», деп атап өтті. Төраға орынбасары Парла­мент­тің бұл тапсырмаларды іске асыру бойынша инвестициялық ахуал­ды жақсартуға бағытталған тиісті заңнамалық актілер қабылдағанын, инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау жөніндегі бірқатар халықаралық келісімдер ратификацияланғанын айтты. «Инвесторлар тарапынан Қазақстанға қызығушылық арта түсуде. Соңғы он жылда жалпы тікелей шетелдік инвестициялар ағыны 219 миллиард АҚШ долларын құрады. Бұл жетістіктерге қол жеткізуге терең ойластырылып құрылған мемлекеттік саясат та ықпал етті», деді А.Бейсенбаев. Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев өз баян­дамасында ағымдағы жағдайға талдау жасай келе, Президенттің жаңа инвестициялық саясатының жариялануы аясында инвесторлармен жұмыс тәсілдерінің өзгергенін атап өтті. Қойылған міндеттерге сәйкес, мемлекет бюджеттік салымдардан алшақтап, жеке инвестицияларды тарту, сондай-ақ, мемлекет-жекеменшік серіктестігі тетіктерін дамыту жағына көбірек назар аударатын болады. А.Исекешев атап өткендей, бұдан әрі Экономикалық ынты­мақ­тастық және даму ұйымының стандарттарымен инвестициялық климатты жақсарту басты бағыт болып табылады. Инвестициялық климатты жақсарту үшін салық және сот әкімшілігін жақсартуға, инвесторлар үшін миграциялық мәселелерді оңайлатуға, әкімшілік кедергілерді одан әрі азайтуға бағытталған егжей-тегжейлі жоспар жасалған. Кездесу барысында министр­ге еркін жаңа өнімдер нарығы­ның мониторингі мәселелері, еркін экономикалық аймақ­тар­дың тиімділігі және шетелдік жұмыс күшін тарту, «Doing Business» рейтингінде, Дүние­жүзілік экономикалық форум­ның жаһандық индексінде Қазақстанның позициясын жақсарту перспективалары туралы сауалдар қойылды. Сенаторлар Ертарғын Астаев, Сергей Ершов, Лаззат Тұрлашов және басқа да пікірталасқа қатысушылар инвестициялық климатты жақсартуға қатысты бірқатар ұсыныстар айтты, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.