• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
23 Ақпан, 2016

Ақтөбеде «Алтын адамның» өнімдері сатыла бастады

410 рет
көрсетілді

АҚТӨБЕ. 23 ақпан. Ақтөбе қаласындағы «Мәдениет» сауда үйіндегі «Алтын адам» киімдері сатылатын орын ашылды. Отандық өнімдер ілінген бутиктің салтанатты ашылу салтанатында қала әкімі Бекбол Сағын мен облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов лента қию рәсімін жасап, сөрелердегі тауарларды көріп шықты. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Қазақстандық дизайнер Айжани Нұрланова қала әкіміне отандық өнімдерді таныстырып, Астанадан Ақтөбеге қатынау қиын болғандықтан, өнімнің жаңа үлгісін емес, бұрынғы үлгілерін әкелуге тура келгенін, алдағы уақытта тауарлардың түрлері толықтырылатынын айтты. Отандық өнімдердің бағасы кім-кімге де қолжетімді болмақ. Ер-азаматтарға арналған костюм-шалбарлар 30-60 мың теңге шамасында. Сауда орнында «Алтын адам» отандық брендінің костюм-шалбарларынан басқа, ер-азаматтардың көйлектері, сондай-ақ, Қарағандыда дайындалған аяқ киімдер сатылуда. Әзірге сауда орнында үш адам жұмыс істейді. Егер ақтөбеліктер тарапынан отандық өнімге деген сұраныс жоғары болып жатса, болашақта облыс орталығынан «Алтын адам» фабрикасы өндірген өнімдер сатылатын жеке дүкен ашу ойластырылуда. «Алтын адам» фабрикасының өкілдері Ақтөбеде сауда орнын ашып қана қоймай, қаладағы бірқатар оқу орындарындағы дизайнер мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттерге, сондай-ақ, кәсіп ашуға ниетті адамдарға арнай дәріс оқып, бизнес-коучинг ұйымдастыруды да қарастыруда. Сатыбалды Сәуірбай. Дерек, сурет: egemen.kz.