• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2016

АДАМ ӘЛЕУЕТІ: уақыт және мүмкіндік

633 рет
көрсетілді

«Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласы өзінің маңызы жағынан біздің есімізге 1997 жылы жасалған атақты Жолдауды салды. Ол Жолдауда елімізде ашылған мұнай кен орындарының, басқа да минералдық-шикізаттық ресурстардың беретін пайдасына сүйене отырып, ел экономикасын жедел дамыту, соның нәтижесінде әлемнің дамыған 50 елінің қатарына қосылу міндеті алға қойылған болатын. Ал «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың аса маңызды бағыттары туралы әңгіме қозғалып отырған бұл мақалада ендігі кезекте отандық экономиканы дамытудың басты құралы ретінде мұнай мен басқа да минералды шикізат ресурстары емес, адам капиталы алынған. Халық тұрмысын қалай жақсартамыз? Елбасының осы мәселе бойынша алға қойып отырған мақсаты соңғы кездері әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде барған сайын белең ала түскен басты трендтермен әбден үндес. Жуықта болып өткен Давос форумында әлемнің ірі экономикалық сарапшылары мен ғалымдары осы уақытқа дейін кез келген елдің экономикалық дамуын айқындаушы басты көрсеткіші болып келген ІЖӨ көрсеткіші жөнінде әңгіме қозғап, елдердің ендігі дамуында басты негізге тек осы көрсеткіштің ғана алынуы мүлдем жеткіліксіз екендігін, себебі, ендігі кезекте бұл көрсеткіштің өзі экстенсивті дамуды қамтамасыз ету құралына айналғандығын қадап тұрып айтты. Сарапшылардың пайымдауынша, ІЖӨ-нің жалпы өсім деңгейі ел ішіндегі дамудың нақты жағдайын аша алмайды. Сондықтан бірқатар сарапшылар халықтардың бай мен кедейге бөлінуі барған сайын белең ала бастаған қазіргі әлемде бұл тәжірибеден бас тартып, оның орнына халықтың жалпы тұрмысын жақсарту мәселесіне қарай ойысуы қажеттігін алға тартты. Әрине, бұл мәселе аяқ астынан көтеріліп отырған жоқ. Әлемнің алдыңғы қатарлы саясаткерлері мен экономистері мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жағдайына ықпал етудің тетіктері, бүкіл материалдық игілік көздері мен ақыл-ой ресурстары бірте-бірте мемлекет қолынан сусып шығып, әлемнің әр шалғайында табысты жұмыс істеп жатқан трансұлттық корпорациялардың, түрлі қаржы топтарының қолына қарай ойыса бастағандығын бұрын да байқаған. Бұл үдеріс әбден өрши келе бай елдің халықтарының да тұрмыстық аражігінің ашылуына, яғни біреудің байып, екінші біреудің кедейленуіне алып келуі мүмкін. Сондықтан дамыған елдерде қазіргі күні мемлекеттің табыстылығы орта тапқа жатқызылатын халық үлесінің көбеюімен, азаматтардың кіріс құ­рылым­дарының өзгеруімен (тамаққа, тұрғын үйге, білімге және басқа да қажеттілікке жұмсалатын шығындар құрылымдары), сондай-ақ, Джинни коэффициентімен (ең бай және ең кедей адамдар кірісіндегі айырмашылықтар) айқындала бастады. Міне, бұл өлшем­дердегі жаңа жетістіктер жалпы эконо­микалық өсімге де оң ықпал ететіндігі айқын. Сол секілді Елбасының «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы сынды ұзақ мерзімге арналған саясатынан және сол саясатты жүзеге асырудың тиімді құралы болып отырған 5 институттық реформа бойынша «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарынан туындайтын міндеттер елімізде орта таптың көбеюіне барынша жағдай туғызуды көздейді. Ал елімізде қолға алынған индустрияландыру ісі ел жағдайын көтере келе осы мақсатқа қызмет ететін болады. Жалпы, Жер бетінде постиндус­трия­лық қоғамды құру ісіне белсене кіріс­кен адамзат қауымының алдыңғы қатарлы елдері оны құрғақ жерден орнатып жатқан жоқ. Ол қоғам қазіргі индустриялық негіздерден өсіп шығып келеді және адамзатты шикізатқа тәуел­діліктен құтқарудың, интенсивті дамуға қол жеткізудің өзіндік бір жолы болып та­былады. Оның экономикалық тұрғы­дан беретін пайдасы да өте зор болмақ. Мә­селен, белгілі бір түсінік қалыптастыру үшін айта кетейік, жаңа ақпараттық технологияларды жасаушы Apple компания­сында шамамен алғанда 80 мың адам еңбек етеді екен. Осы 80 мың адам 2014 жылы 39 миллиард доллардың пайдасын берген. Ал құрамында 460 мың адам еңбек ететін атақты «Газпромның» бір жылда беретін пайдасы ең әрі кеткенде 5-6 миллиард доллар ғана. Мұндағы тағы бір үлкен айырмашылық, Apple адамзат ұмтылып отырған жаңа қоғамды құру ісіне қатысушы компания болса, «Газпромның» шикізат ресурстарын өндіруші компания екендігі белгілі. Шикізат көзін тегін пайдаланып отырғанның өзінде «Газпромның» Apple көтерілген қазіргі биікке шыға алуы қиын. Себебі Apple-нің басты байлығы оның мамандары, яғни адам капиталы болып табылса, «Газпромның» басты байлығы шикізат көзі болып табылады. «Газпромды» шикізаттан айырса, ол өмір сүре алмайды. Индустрияландыру мақсаты – еңбек өнімділігін арттыру Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен елімізде қолға алынған жаңа индустрияландыру ісінің төтенше маңызы бар мәселе екендігі анық. Бірақ қоғамымызда осыны дұрыс түсіне білу жағы әлі де жетіспейтіндей. Осыған индустрияландырудың екін­ші бесжылдығының алдында тұрған мақсаттар мысал бола алады. Орта мер­зімді сипаттағы бұл мақсаттардың негізгі мәні еңбек өнімділігін арттыру болып табылады. Еңбек өнімділігін арттыру үшін өндіріске автоматтандырылған технологиялар енгі­зілуі қажет. Ал бұл технологиялар адам күшін аз қажет етеді. Міне, осындай технологияларды енгізу нәтижесінде әлем бойын­ша өнер­кәсіптік салада өндірілетін өнім көлемі өсе түскенмен, керісінше, осы үде­ріске қатысатын адамдар саны қыс­қарып келеді. Мәселен, АҚШ-та осындай себептерден 2008-2014 жылдар аралы­ғында өнеркәсіптік секторда еңбек ететін адамдардың саны 1 миллионға азайды. Әлемнің дамыған елдерінде бастау алып отырған осынау ұзақ мерзімді трендке енді елімізді индустрияландыру бағытында жүзеге асырылу үстіндегі жұмыстар арқылы біздің Қазақстан да қосылды деп есептейміз. Міне, осы тұста бізге жаңа индустрияландыру бағдарламасы алдында тұрған басты мақсатты дұрыс саралап алу қажет се­кілді. Біздің ойымызша, мұндағы бас­ты мақсат – елімізде әлемдік бәсекеге қабі­летті өңдеу секторын қалыптастыру. Рас, елімізде индустрияландыру бағытында жаңа кәсіпорындар ашылған сайын жаңа жұмыс орындары пайда болып жатады. Бірақ халықты жұмыспен қамту мақсаты жаңа индустрияландыру бағдарламасының негізгі міндеттерінің бірі ретінде қарастырылмауы керек. Өйт­кені, кез келген өнеркәсіптік салада елі­мізде бұрынғыға қарағанда авто­мат­тандырылған, өндірісті басқару тетік­тері компьютерлік желілер арқылы жүргі­зілетін жаңа кәсіпорындар іске қосыл­ған сайын сол салада еңбек ететін адам­дар саны бәрібір азая береді. Демек, индус­трияландырудың екінші бесжыл­дығы аясында қолға алынған осы үдеріс екін­ші жақтан алып қарағанда халық­ты еңбек­пен қамту мақсатына қара­ма-қайшы келеді. Сондықтан да қазір­гі күні индустрияландыру бағдарла­ма­ла­рынан халықты еңбекпен қамтуды өсіру жөніндегі көрсеткіштерді алып тастаудың мүмкіндіктері қарас­тырылуда. Халықты еңбекпен қамту мәселесін мемлекеттік саясаттың басқа бағыттары аясында, мәселен, әлеуметтік қорғау, инфрақұрылымдар құрылысы, урбани­зация, қызмет көрсету саласын дамыту се­кілді бағдарламалар аясында қарас­тыру көзделуде. Міне, осы жерде бізге индустрияландыру мен жалпы кәсіпкерліктің ара­жігін де ажыратып алу қажет-ақ. Иә, жүріп жатқан индустрияландыру үдерісі еліміздегі кәсіпкерлік қозғалысты дамытып қана қоймай, сонымен қатар, оны жаңа сапаға көтереді. Оның үстіне, жаңа индустриялық бағыттағы кәсіпорынды ашушы адамның өзі кәсіпкер болып табылады. Бірақ мұның өзі еліміздегі кәсіпкерлердің бәрі бірдей индустриялық кәсіпорынның иесі болады деген сөз емес. Шын мәніне келгенде, кәсіпкер сөзінің мағынасы өте кең. Мәселен, шағын сауда дүкенін ұстаушы немесе сағат жөндеуші, етікші адамдар да кәсіпкер болып табылады. Бірақ олар индустриялық кәсіпорын иесі емес қой. Демек, мемлекет елдегі еңбек өнім­ділігін арттыру үшін бірінші кезекте индустриялық кәсіпорындардың дамуына, олардың жаңа технологияларға қол жеткізуіне және осы бағыттағы менеджерлік корпустың қалыптасуына қолдау көрсетуі керек. Өйткені бұл мә­селе эко­номикамыздың бәсекелестік қабі­летінің артуына, еліміздің заман ағы­мынан қалмауына ықпал етеді. Ал жалпы кәсіпкерлік дегеніміз – қалың көпшілік. Кәсіпкерлікті дамыту дегеніміздің өзі сөздің тура мағынасына келгенде, халықтың өз қолын өз аузына жеткізу, яғни шұғылданатын кәсіп тауып беру деген сөз. Бұл жалпы бұқара халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететін мәселе.  Кәсіпкерлікке – кең өріс Демек мемлекеттің жүзеге асырып жатқан саясаты бойынша еліміздегі кәсіпкерлердің үлестік мөлшері қазіргідей 20-25 пайыз ғана емес, жалпы бұқара көпшілікке айналуы керек. Елімізде жұмыс істеуге қабілеті бар әрбір он адамның 7-8-інің өз кәсібі немесе маманданған жалдамалы жұмысы, яғни тіршілігінің өз көзі болуы керек. Абай атамыздың «Сенде бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан», деген өсиеті дәл осы жерге тура келетіндей. Демек, индустрияландыруға екпін берумен қатар, халықтың басым бөлігін жұмыспен қамтитын шағын кәсіпкерлікті дамыту ісі де мемлекет үшін аса өзекті мәселе. Сондықтан, бұл жерде әңгіме тек индустрияландыру туралы ғана емес, сонымен қатар, Президенттің «Қазақстан-2050» Стратегиясында және «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» мақаласында Үкіметтің алдына қойған тапсырмаларын дұрыс саралау тұрғысынан да болып отыр. Мәселен, еліміздегі кейбір білікті сарапшы мамандар 2025 жылға дейінгі ұзақ мерзімді экономикалық саясатты біз «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың аралық кезеңі ретінде айқындап алуымыз қажет деген ой айтады. Олардың ойынша, бұл кезеңдегі мемлекеттің бас­ты мақсаты – экономиканың жаңа драй­верін іске қосу, яғни индустрияландыру ісіне ерекше екпін беру. Ал оған біз кә­сіп­керліктің қарқынды дамуы арқылы ғана қол жеткізе аламыз. Кәсіпкерліктің қарқынды дамуы қазақстандық орта таптың кеңеюі мен өсуі үшін жақсы негіз қалайды. Яғни, бұл жерге келгенде индус­трияландыру мен кәсіпкерлік бірі-бірін­сіз өмір сүре алмайтын егіз ұғым секілді. Көптеген сарапшылардың атап көр­сеткеніндей, елімізде кәсіпкерліктің кеңі­нен қанат жаюы үшін ең басты қажеттілік – билік органдарының өз міндеттеріне барынша адал болуы. Әсіресе, сот билігінің әділ болуы кәсіпкерлік үшін ауадай қажеттіліктердің бірі болып табылады. Сот билігі қуатты құрал және әділдіктің негізгі өлшемдерінің бірі ретінде қарастырылған елде ғана кез келген азамат кәсіп жасауға батылдықпен бара алады және өз еңбегінің жемісін көреді. Міне, сондықтан да Елбасының мақаласында негізгі екпін түсірілген сот жүйесін реформалау ісі қазіргі күні еліміз үшін ерекше маңызға ие болып отыр. Сот жүйесін реформалау кәсіпкерлер арасындағы нақты бәсекенің артуына ықпал етеді. Еліміздің сот жүйесіне кәсіпкерлер, жалпы халық нақты сенген жағдайда ғана мемлекеттік органдарда жиі кездесіп жататын кереғар шешімдердің туындау көздері тұйықталады. Фискальдық және ақша-несие саясатына деген көзқарас пен ұстанымдар да өзгереді. Ол «нәрді сығып алудан» экономиканы ынталандыру бағытына қарай ауыса бастайды. Ақыр аяғында осылай трансформацияланудың синергетикалық тиімділігі жеке кәсіп­керлікті дамыту үшін негізгі алғы­шарттардың бірі болып табылатын жемқорлық деңгейінің төмендеуіне және инвестициялық ахуалдың жақсаруына ықпал етеді. Елбасы стратегиясында адам ресурс­тарының сапасын жақсарту мәселесі әлеуметтік жүйені трансформациялау арқылы жеке қарастырылған. Бұл жүйе медицина мен білім беру және тұрмысы нашар топтарға көмектесу бойынша қажетті деңгейді қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар, еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы да болуы тиіс. Адам капиталы дегеніміз нақты мәніне келгенде, бұл – қазіргі заманғы талаптар бойынша жұмыс істей алатын, шет тілін (әсіресе, ағылшын тілін) меңгерген, денсаулығы дұрыс экономикалық белсенді адамдар тобы. Міне, нақ осы капитал еліміздің шынайы экономикалық ресурсына айналған кезде барып қана біз шикізатқа тәуелділіктен құтыла аламыз. Біз­дің теңізге шығар жолы жоқ ел екенімізден туындайтын олқылықтар да ысырыла түседі. Бұл айтылған ұзақ мерзімді міндеттер­дің бірқатары «100 нақты қадам» аясында қазірдің өзінде орындалуда. Дегенмен, осының барлығын қандай да бір құжат түрінде, мәселен, «Қазақстанның ұзақ мерзімді экономикалық саясаты» секілді шартты атауға ие болатын құжат түрінде бекітілгені жөн секілді. Мұнда бірақ бір-біріне байланысты болып келетін әртүрлі міндеттер мен салалық саясаттың және ведомстволық жоспарлардың орындалу жолдары нақты айқындалуы қажет. Дағдарыстан кейінгі даму Қазіргі өмірдің қалыптасып келе жатқан шындығына байланысты бір ескеретін мәселе – соңғы онжылдықтары шикізат ресурстарын сату жағдайының жақсаруынан туындаған Үкіметтің және Ұлттық банктің экономикалық блоктағы бөліп берушілік рөлінен бас тартатын кез жетті. Бұл саясат шикізат экспортынан түскен кірістер мен ақшаның артығын алып, оларды мемлекеттік органдар мен өңірлер арасында бөлумен шектеліп келді. Бұл модель артық ақша болған кезде жұмыс істеп тұрды. Ал қазіргі күні мұндай артық кіріс жоқ. Демек, мемлекеттік органдардың жұмыстың жаңа прадигмасына жедел көшуі – бұл еліміздің қазіргідей дағдарыс қаупі төнген кезеңде біздің неғұрлым дұрыс бағытқа бет бұрғандығымызды білдіреді. Бұл жерде әңгіме дағдарыстан кейінгі дамуға негіз қалыптастыру туралы болып отыр. Бизнес пен мемлекеттік секторда шығындарды оңтайландыру, тиімсіз шығын көздерін негізгі капиталға инвестициялау бағытында қайта бөлу және қызметкерлердің тиімділігі, маркетинг бағытында бірқатар жұмыстар тұр. Мұнда автомобиль өндірісінің, агрохимияның, мұнай химиясының, түсті металлургияның сала құраушы ірі жобаларын жалғастыру және аяқтау, соның ішінде мемлекеттің тікелей көмегін көрсетуді жалғастыру қажет. Бюджеттік қаражат өнімділік пен экспортты ынталандыруға, менеджменттің біліктілігін арттыруға, кадрларды әзірлеуге, аддиативті технологияларды (роботтандыру, автоматтандыру, цифрландыру және тағы да осындай технологияларды) енгізуге бағытталуы тиіс. Елбасы алға қойған экономика сала­сындағы реформаларға байланысты отандық кәсіпорындардағы шығындарды азайту мақсатында өндірісті жаңарту бағытында ынталандыру қажеттігі пайда болуда. Әрине, олардағы өндіріс құралдары мен жүйелері жаңарған кезде еңбек өнімділігінің артып, осыған байланысты өндірістен босаған кадрларды қайта оқыту және еңбекке орналастыру мәселесі бас көтереді. Қазіргі есептеулер бойынша еңбек өнімділігінің 10 пайыз артуы металлургия саласында 8 мың, химия саласында 2 мың қызметкердің жұмыстан босауына алып келеді. Сонымен, былайша айтқанда, өндірістегі тиімділік «құнының» әлеуметтік салаларға артатын салмағы жоғары болып табылады. Осыған қарағанда «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағ­дарламасы аясында кадрларды қайта оқыту және «Нұрлы Жол» аясында жол құрылысына қайта бағыттау жұмыстары жалғасады. Осы ретте ірі кәсіпорындармен бірлесе отырып олардың айналасында негізгі өндірісті жабдықтау және оған қызмет көрсетумен, сондай-ақ, жартылай өңделген шикізат түрлерін дайын өнімге айналдырумен шұғылданатын шағын және орта кәсіпкерлік белдеуін құру қажеттігі пайда болатындығы түсінікті. Бұл жерде жергілікті биліктің әкімшілік ресурстары неғұрлым толығырақ пайдаланылғаны жөн. Әрбір әкімге өңірдегі ту ұстаушы кәсіпорындардың қасынан осындай белдеулер құру жөнінде нақты тапсырмалар берілуі қажет деп ойлаймыз. Экспорттың жаңа сценарийлері 2008 жылмен салыстырғанда 2014 жылы өңдеуші өнеркәсіп өнімдерінің экспорты 13 пайызға немесе 2,5 миллиард долларға дейін төмендеп кетті. Алайда, талдаулар бұл төмендеудің экспортқа шығарылатын базалық металдар бағасының төмендеуінен туын­­да­­ған­дығын көрсетеді. Өйткені, метал­лургиялық өнімдер өндірісінің көлемі 28 пайызға төмендеген. Экспорт көлемінің 13 пайызға төмендеуіне осы жағдайдың әсері мол болады. Ал, осыған керісінше, металлургиялық емес өңдеу секторы өзінің экспорт көлемін 1,1 миллиард долларға арттырып, 16 пайызға өсе түскен. Бұл жаңа индустрияландыру бағдарламасының тиімділігін көрсетеді. Сондай-ақ, бұдан елдің экс­порт­тық қоржынның бірте-бірте әрта­рап­тандырылып келе жатқанын, сыртқы рыноктарға шығып, бәсекеге түсуші қазақстандық кәсіпкерлер қатарының арта түскендігін байқауға болады. Бұл трендті алдағы уақытта сақтап қана қоймай, оны одан әрі күшейте түсу өте маңызды болып табылады. Осы ретте біз осы мақалаға мәліметтер жинау барысында «Индустрияны да­мытудың қазақстандық институты» АҚ-тың осы экспорт бағытында жасаған бірқатар қызықты талдауларына кез болдық. Институт сарапшыларының индустрияландыру бағдарламасы аясында жасаған талдаулары елімізде экспорттық әлеуеті неғұрлым жоғары 5 саланың бар екенін көрсеткен. Олар – тағам өн­дірісі, түсті металлургия, автокөлік жасау, электротехника және мұнай-газ химия­сы. Осылар бойынша Бүкіләлемдік банктің мамандарымен бірлесе отырып «гравитациялық модельдер» деп аталатын әдістемелік әзірленіпті. Бұл модельдер төмендегідей факторларды айқындайды: алдымыздан ашылуы мүмкін рыноктардың көлемі мен мүмкіндіктерін, логистикасы мен негізгі сипаттамаларын (тілі, ақша саясаты, тарихы, құқықтық заңдылықтарын) және басқа да факторлар. Осы факторларға жасалынған талдаулар есепке алынған жағдайда олар сыртқы рыноктарда қазақстандық үлесті арттыруға көмектескен болар еді. 2019 жылға таман өнеркәсіптік өндіріс көлемін және тек ҮИИДМБ-ның басымдық берілген 14 секторы бойынша ғана экспорт көлемін 10 миллиард долларға дейін арттыруға әкелер еді. Институт мамандарының пікірінше, мұнай-химия, машина жасау, түсті металлургия салаларындағы экспортқа бағытталған, трансұлттық корпорациялармен бірлесе отырып іске асырылған ірі жобалар 3,5 миллиард долларға дейін қосымша экспорттық түсім алуды қамтамасыз етеді. Егер тағам және электротехникалық өндірістерді алсақ, 2019 жылға таман олардың экспортынан тиісінше 2,5 және 1 миллиард доллардың қосымша кірісін алуға болады. Институт мамандарының талдауы біздің өңделген өнімдерімізді негізгі импорттаушы, металлургия мен мұнай салаларын қоспағанда, бұрынғысынша Ресей болып отырғандығын көрсеткен. Осыған байланысты сарапшылар жоғарыда сөз болған 10 миллиард долларды есепке алмағанның өзінде қосымша әлеуетті экспорттың 7 миллиард долларын осы елдің қаратуға болатындығын болжаған. Әрине, Ресей секілді үлкен елден өзіңнің «әділетті үлесіңді» алуға қол жеткізу – бұл оңай дүние емес. Ол үшін Үкімет, мемлекеттік органдар, әкімдер болып, жан-жақты жұмыла жұмыс істеу қажет деп ойлаймыз. Жалпы, «Индустрияны дамы­тудың қазақстандық институты» АҚ Инвестициялар және даму минис­трлігінің тапсырмасы бойынша өндеу өнеркәсібінің даму мүмкіндіктеріне қатысты тағы да бірқатар қызықты зерттеулер жүргізіпті. Бұл зерттеулер математикалық, экономикалық және статистикалық талдаудың алдыңғы қатарлы әдістемелеріне негізделген және шынайы жүргізілген. Осындағы материалдармен таныса келе бірінші бесжылдықта атқарылған жұмыстардың қорытындылары мен нәтижелері туралы түсінігіміз біршама кеңейе түсті. Екінші бесжылдықта жекелеген мақсаттар мен өлшемдердің өзгеру себептерін де неғұрлым айқынырақ ұға түстік. Осы мақаланың жазылуына бір есептен алғанда аталған зерттеулермен танысуы­мыз да түрткі болғандығын атап өтсек артық болмас. Сондықтан мұндай пайдалы зерттеулер тек жиі жүргізіліп қана қоймай, сонымен қатар, бизнесмендер мен кәсіпкерлерге кеңірек мәлім болғанын да қалар едік. Өйткені, бұл зерттеулер өңірдегі кәсіпкерлер мен шенеуніктерге өнеркәсіптің даму проблемаларының қаншалықты терең екендігін ашып көрсетеді және оларды еңсерудің жолдарын дұрыс таңдауға жәрдемдеседі. Түйін Жаппай индустрияландыру саяса­тының арқасында алып Қытай бас-аяғы ширек ғасырдың ішінде қарыштай дамыған өнеркәсіпті елге айналды. Қытайдың заманға сай индустрияланған кәсіпорындары жаңа заттарды жасап шығаруда бүкіл әлемнен тапсырыстар қабылдауға кірісті. Мәселен америкалық Apple компаниясы өзінің әлемде кеңінен тарап кеткен iPhone смартфондарын Америкада емес, Қытайда шығарады. АҚШ-тың өзінде смартфонның моделі мен дизайны және бағдарламалық қамту бөлігі әзірленіп, ол Қытайдағы Foxconn фабрикасына жеткізіледі. iPhone осы фабрикада жасалады. Құрамында 1,2 миллионнан астам адам еңбек ететін бұл фабрика тек Apple-нің ғана емес, Батыс елдерінің басқа да алдыңғы қатарлы компанияларының тапсырыстарын орындауымен аты шығып келеді. Осыған қарап, кейбіреулер Батыс елдері өзінің индустриялық негіздерінен айырылып барады, кешікпей бұл елдер тығырыққа тіреледі деп байбалам салуда. Негізінде олай емес. Батыста қазір жаңа еңбек бөлінісі жүріп жатыр. Батыс елдері өздерінде ең тиімді, болашағы бар және экологиялық қауіпсіз өндіріс орындарын құрып, ескі өндірісті Азияға көшіруге ұмтылыс танытуда. Осындай саясаттың нәтижесінде АҚШ интеллектуалдық өнім өндіретін елге айналып келеді. Өндірістік технологиялар дамып, әлемге кеңінен тарай бастаған қазіргі кезеңде интеллектуалдық өнім дегеніміз, бұл – рентабельділігі ең жоғары өнім. Постиндустриялық қоғамның қалыптаса бастауының алғашқы белгісі. «Цифрлық революция – бұл қазіргі әлем құрылымы үшін елеулі сынақ. Мысалы, цифрлық державалар 2020 жылға қарай 5 миллион жұмыс орнынан айырылуы мүмкін. Сондықтан біз баршаға қолжетімді білімге – балабақшадан бастап кәсіби білімге, қызметкерлерді оқытуға кеңінен инвестиция салуымыз қажет. Бұған мемлекет қана емес, әрбір адам қатысуы тиіс. Бизнес болашақты ойлауы керек, оқытып, жұмыс орындарын аша отырып, бос қаражатын соған салуы керек», деді Қазақстан Президенті «Нұр Отан» партиясының жуықта болып өткен кезектен тыс ХVІІ съезіндегі сөзінде. Иә, бұл өте ойландыратын мәселе. Демек, біз ендігі кезекте заманның жаңа сынақтарына жауап беру үшін адам ресурстарын дамыту ісіне ерекше назар аударуымыз қажет. Ол үшін мемлекет адал билік пен әділ сот жүйесін қалыптастыруы керек. Оның алғышарттары бізде бар. Ол – Елбасының 5 институттық реформа бойынша «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары. Мұндай бастаманы Қазақстанның ТМД көлемінде бірінші болып қолға алғанына қуанамыз. Енді Үкімет осынау мемлекеттік қолдауға сүйеніп, отандық бизнестің жаңа шоғырын және білікті менеджментті қалыптастыруға бірінші кезекте мән беруі керек. Бұған қазіргі жүріп жатқан жекешелендіру, жаңа индустрияландыру бағдарламалары арқау бола алады. Өз кезегінде бизнес Отанға адал қызмет етуге тиіс. Оның екі-ақ шарты бар. Бизнес иесі бірінші кезекте білікті және патриот болуы керек. Түркияны қазіргі деңгейге жеткізген – кәсіпкерлері мен халқының іскерлігі және патриоттығы. Осындай қасиет түркі әлемі атажұртының иесі біздің қазақ халқының бойында да бар деп есептейміз. Бауырым дегенде бауыры езілетін біздің халықтың бизнес өкілдері қазіргі мемлекеттік саясаттың қолдауына сүйене отырып жаңа кәсіпорындарды құруы керек және жұмысшыларға жақсы жалақы төлеуі керек. Бұған біздің елімізде толық мүмкіндік бар деп есептейміз. Әлемде жер ресурстары мен шикізат байлығына Қазақстандай бай ел аз. Бизнес иесінің жұмысшыға жасаған жақсылығы осының есебінен-ақ қайтады. Сондықтан бізге қазіргі индустрияландыру саясатын одан әрі жалғастыру және оның амалдарын жылдан жылға жетілдіре беру керек. Біз осылай еткенде ғана адам ресурстарын толыққанды және жеделдете дамыта аламыз. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».