* Жамбыл − 170
«Ұлы Абайдың құрдасы, көзі тірісінде Гомер атанған алып ақын атамыз Жамбыл дүниеге екі рет туып келген адам: тоғыз ай, тоғыз күнде ана құрсағынан туды, тоқсан жасқа келгенде заман құрсағынан тағы бір туды. Анада алалық жоқ қой, қай баласын болса да мерзімді күні жарық дүниеге әкеледі. Қазақтың Гомерін туғызу үшін заман тоқсан жыл толғатты.
Көне грек Гомерінің қайда туғанына осы күнге дейін жеті шаһар таласады. Қай елден туғаны да осы күнге дейін даулы, қазақ Гомерінің туған елі − Ұлы жүз − Екей. Туған топырағы − Жамбыл тауының баурайы», – деп ұлы жыраудың феномендік сырын тек пен топырақтан, уақыт пен кеңістіктен табатын Ғабаңның – Ғ.Мүсіреповтің «Феномен-Феникс» мақаласында осындай тамаша жолдар бар.
...1936 жыл Жәкеңнің даңқын шартарапқа асқақтатып жатты.
Ол Алматыда өткен қазақ ақындарының республикалық бірінші слетінде әйгілі «Туған елім» жырын айтып, осы жылдың көктемінде тұңғыш рет Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігіне қатысып қайтты.
Жәкең туралы С.Сейфуллиннен бастап, М.Әуезовке дейін, олардан кейін де қаншама көрнекті тұлғалар қалам тербеді. Бәрі де Жамбылдың ақындығын, жыршылығын, әсіресе, суырыпсалма айтыскерлігін ғылыми дәйектермен, жан-жақты талдап, жеріне жеткізіп айтып кеткен. Ол туралы қаншама ақын-жазушылар әдемі естеліктер айтып, асқақтата жыр төкпеді. Ал қарасөзбен жазылған дүниелер өз алдына. Әлбетте, Жамбыл туралы прозалық шығармаларды жазған авторлардың шығармашылық қарымын Әуезовпен салыстыра алмаймыз. Егер Мұхаң дарындас жазушы туып, Жамбыл өмір сүрген орта мен тарихи жағдайлардың тереңіне бойлай алса, онда Жетісу жерінің «Абай жолындағыдай» үлкен полотносы сөз жоқ өмірге келер еді. Оған Жәкеңнің өмір дерегі мен Жетісудың қилы-қилы тарихтары талай мағлұматтар беретініне күмән жоқ. Бұлай болғанда, Жәкең жөніндегі тарихи ақтаңдақтардың кейбіріне нүкте де қойылар ма еді...
1938 жылы «Ардақты Жәке» атты шағын мақаласында: «Кәрілік жеңбеген сені өлім жеңбейді. Сенің атың ұлы заманның ұмытылмас атының бірі екенінде күмән жоқ», деп ағынан жарылған Мұхтар Әуезов тек әділетті айтқан. Талантқа таланттың берер бағасында қаншалықты мүлт болмайтыны оның ақиқатқа суарылуында болса керек.
Мұхаң Жамбыл дәуіріне бүгінгілерден бір табан жақын тұрғанын қаперге алуымыз керек. Оның «Тарих путевкасын берген адам», «Ардақты Жәке», «Джамбул и народные акыны», «Джамбул и народная поэзия», «Халықтың ғасырлық жыры», «Жамбылдың айтыстағы өнері» және «Айтыс өлеңдері» атты мақалалары тек Жамбылдың жеке басын мадақтаған жалаң сөз емес, жалпы ұлт өнерінің өткені мен болашағын саралаған бағалы еңбектері болатын. Ол: «Халық ақыны Жамбыл, тек өз шығармаларымен ғана емес, тарихи-әдеби зерттеу тұрғысынан да, өзгеге ұқсамайтын дара, оқшау бет-бейнесімен де аса зор құбылыс», деп бағалайды. Ал құбылыс деген мәртебелі атақты М.Әуезов кім көрінгенге қосақтап айтпаған. Жамбыл атамызға тек Мұхаң ғана емес, оның талантты шәкірті Ш.Айтматов та осындай баға берген.
Атап айтсақ: «Ауызекі поэзияның көне дәстүріне сүйене отырып, Жамбыл және оның қазақ-қырғыз замандастары шын мәнінде жаңару құбылысын, яғни совет кезінің ақындық дәстүрін туғызды. Егер осыған ой сала қарасақ, мұндай құбылысты − тарихи маңызы бар жайттар дер едім», деп М.Әуезов пікірін қуаттап қана отырған жоқ, жоғарыдағы Ғабаңның «Феномен-Феникс» деген тұжырымымен де үндесіп жатты. Қайта туу − феникс болса, құбылысымыз − феномен емес пе?!
Жалпы, М.Әуезовтің Жамбыл туралы мақаласында, сөйлеген сөздерінде, жасаған баяндамаларында, тіпті, кейбір ол турасындағы аз-маз тоқтала кеткен өзге еңбектерінде болсын, барлығында да теориялық тұжырым, жаңа зерттеушілік бағыт-бағдар жасамай кеткен шақтары аз болған. Жәкең жөнінде естеліктер айтуға академик-жазушының таланты жетпей қалған жоқ. Жамбылдың өзін әлденеше рет көріп, үйінен Л.Соболев екеуі дәм де татқан болатын 1940 жылғы маусым айының бас кезінде М.Әуезов, Л.Соболев, Ә.Тәжібаев үшеуі Жамбылдың жанында үш күндей болып қайтады.
Ал Мұхаң үшін бір көру, көзбе-көз бірер мәрте әңгімелесу естелік қана емес, тарихи-көркем повестің өзіне айналып кететін құбылыс болуы да ғажап емес. Жазушы Жәкеңнің адами болмысын, араласқан ортасын, сөз саптауы мен ақындық қуат-күшін әйгілі «Абай-жолында» зор сүйіспеншілікпен көрсете отырып, оның «Сәлем айт, барсаң Абайға!» дейтін өлеңін келтірген. Оған деген ұлы құрметін ұлы жазушы осылай мәпелеп әкеп, өзінің даңқты эпопеясына енгізгені жайдан-жай болмаса керек.
«Жамбылдың айтыстағы өнері» деген еңбегінде М.Әуезов айтыскер суырыпсалма ақындарды «ақпа-төкпе» ақын деп қарастырады. Ақпа ақындардың негізгі ерекшелігі − эпос тудырушылар екені баса айтылады. Жамбылды осы қатарға жатқызып, оның «Өтеген», «Сұраншы», «Саурық» жырларын мысал ғып атаса, бұнымен қоса оның жыршылық қырына жататын «Көрұғлы», «Манас», «Шораны» айтқандағы төкпелігін де даралап атайды. Кейде Жамбылдың сүре айтыстағы төкпелілігі: «Еуропада болған «Фабльо» үлгісін туғызып кетеді», деп оның өнеріндегі шығармашылық талантының тағы бір қырын көрсетеді (Фабльо – ХІІ ғ. – ХІV ғ. басындағы француз әдебиетінде кең таралған комедиялық немесе сатиралық мазмұндағы шағын көлемді поэтикалық хикаят.).
Халық өз мұңы мен мұқтаждықтарын өткір айтатын Жамбыл сияқты ақындарын қастерлеп отырған. Ал оған бұқараның өмір салты бала күнінен барлық шындығымен көз алдынан өтіп, көкейіне қатталған. Өзі де асып-тасып жатпаған ортадан шыққан, Жамбылдың жастық шағы «Шағым» дейтін өлеңінде бар. Сонымен қатар, бала күнінен ел аралап, ойын-сауық көріп, мақсатты түрде өлең-жыр жаттап, айтыс-тартысқа әуес болған оның әрбір күні болашақ ұлы ақынның шығармашылығына арқау болып қана қойған жоқ, қалың елдің ауыр тұрмысына көзін қандырып, көкірегіне құйып жатты.
Оның есімі қаншалықты мәңгі болса, өлең-жырлары да соншалықты өміршең. Бұған өз заманында заңғар жазушы М.Әуезов те күмән келтірмеген болатын. Ол «Халықтың ғасырлық жыры» атты жыр алыбы Жамбыл қаза болғанда жазған шағын мақаласында: «Халық поэзиясының алыбы болып, жаңғырған жастықтың мол сұлу жырларын төккен Жамбылдың өз өмірі де талай әсем сөз, әдемі аңыз болуға татиды... Жүз жылдық жастығының шағында көңілі тірлікке, өлмеске кеткен ғасырлық жырының өзі болады», деп атап айтқан болатын және ардақтап өтті. Сөз жоқ, ол аңыз адам болды. Рас, аңыздың бойына жамайтын түрлі жамаулары да көп болады. Қалай болғанда да жүз жылдық ғұмырын Жамбыл өлеңге арнады. Соған адал қызмет етті, өмірін «ХХ ғасырдың Гомері» деген ұлы атақпен аяқтады. Ал бұндай өмір ұлт үшін, сол ұлттың әдебиеті үшін мақтаныш сезімін тудырса, сәйкесінше жерқорақ жетесіздердің күншілдігі мен қызғанышын да оятуға себеп болды.
Қазақтың атақты ақыны, Жәкеңнің тұңғыш әдеби хатшысы болған Ә.Тәжібаевтың естелігінде мынадай жолдар бар: «Мінеки! − деді Мұхаң Сәбеңе қарап, екі қолын бірдей жайып, Импровизатордың шеберлігі деген осы. Эпостағы бұрын қолданылып жүрген образдарды қалай пайдаланады! Мүдірмей ағытып, өзінің биік идеялы тамаша жырын табанда тудырып отырғанда, халық байлығы оған алтындай құйылып, жарқылдап жатқан жоқ па? Бұрынғы ұлы ақындар да осылай сөйлеген.
− Ырзамысың олжаңа! − деп Сәбең маған қарады.
− Атамаңыз, Сәбе! − дедім, қуанышымды жасыра алмай. − Құдай жарылқады ғой бізді...
− Дұрыс айтасың, Құдай жарылқады деген осы, − деп Мұхаң қайта көтеріп әкетті. − Бұл − жүз жылдарда бір-ақ көрінетін құбылыс. Гомер деуімізге осы Жәкең ғана сиятын болуға керек...».
Бұл сөз Ә.Тәжібаевтың үйінде Жәкеңді тұңғыш көріп, жырын тұңғыш тыңдаған күні айтылған болатын. Оны айтқан, Жәкеңнің «шоң» баласы М.Әуезов еді.
Әбекеңнің сол естелігінде тағы да мынадай жолдар бар: «Жәкең аққу мінездес екен, − деді бір жолы Мұхаң, − көл де өзінікі, көк те өзінікі екенін жақсы түсінеді.
Бұл − Мұхаңның аузынан сирек естілетін мақтау».
* * *
Жәкеңмен көзінің тірісінде екі рет жолығып, өлең-жыр, дастандарын көп тыңдап, жазып алып, өзінің қазақ әдебиеті жөніндегі бірінші кітабына «Жабай батыры» мен Құлмамбетпен айтысын қосқан қазақтың дауылпаз ақыны Сәкен Сейфуллиннің жамбылтануға қосқан қомақты үлесі бар. Әйтсе де, ол жазып алған жыр-дастандардың бәрі де баспа бетін көрді дегенге толық дәлел жоқ. Оны жамбылтанушылар да жоққа шығармайды. Н.Төреқұлов келтірген Кененнің әңгімесіне қарағанда, Жамбылдан жазып алған Сәкеннің жазбалары аз болмаған сияқты. Ол былай деп еске алады: «Жәкең сілтей берді, сілтей берді. Сәкен де жазғыш екен, қағаздың біраз бетін аударып тастады».
Жалпы, Сәкен Сейфуллин Жамбыл есімімен жиырмасыншы жылдардан таныс әрі ақынмен М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафиндерге қарағанда ертерек араласқан. Оны Жәкеңмен таныстырған ұлы жыраудың шын жанашырлары – Ораз Жандосов пен Шамғали Сарыбаев еді. Шамғалидың 1924 жылғы «Терме» журналында жариялаған Жамбылдың өлеңдері, жыр-дастандары туралы айтқан мәліметтері мен құнды мұралары ақынды қатты қызықтырады. Және Жамбыл есімін Сәкен де алғаш естиді, баспасөз беті де тұңғыш рет тасқа басып жазады. Жамбылдың баспасөзде танылуы, міне, осылай басталған...
Осы тұрғыдан келгенде, Сәкен Жамбыл жөнінде үлкен еңбек жазып, естелік қалдыра алмаса да, оның есімін әдебиет тарихының алтын тақтасына қашап жазған қазақ қалам қайраткерінің бірі болды.
Ал Сәкен туралы Жамбылдың мынадай сөзі бар: «...Ана бір жылы Сәкен келіп қонақ болғанда, көп өлең айтқызды. Жазып алды. Сонда өлеңің өткір екен деген болатын. Ой, ол да бір алғыр ақын еді ғой, шіркін!..».
Сәкен де өз уақытында Жамбыл творчествосының құндылығы мен жиналып жариялануы туралы: «Жамбыл жырлары теңіз түбінде шашылып жатқан маржан сықылды. Оны жинап алып, халқының қолына беру − біздің әрқайсымыздың азаматтық борышымыз», деп ескерткен болатын.
* * *
«1936 жылы мен Ұлы Отан соғысы басталудың екі арасында Жәкең 10000 жолдан артық жыр шығарды», – деп жазады С.Мұқанов өз естелігінде.
Әрі қарай оқиық: «Ұлы Отан соғысының тақырыбына соғыстың төрт жылында Жәкең 3000 жолдан артық жыр шығарды. Халқымыздың отаншылдық намысын күшейте түсуде, совет адамдарының елдегі, майдандағы тамаша ерліктерін сипаттауда Жәкеңнің бұл жырларының тарихи маңызы аса зор», дегенде Сәбең жалаң статистиканы соғып отырған жоқ. Бұлар Жәкеңнің: «Елбіреп екі аяғым дірілдейді, көз жетпей тұрарыма, тұрмасыма», деп 90-нан асып кеткенде жырлаған жыр жолдарының нақты дерегі. Егер мұндай игілікті іс бері айтқанда, 20-жылдарда қолға алынып, хатталғанда біздің әдеби мұрамызға Жамбыл қосқан жырлардың көлемі қазіргіден де қомақтырақ болуы тиіс еді. Және Жәкең жырлаған көптеген жыр-өлеңдердің белгісіз боп қалуына жол бермеген де болар еді. Әлбетте, жаңа ғана патшалық бодандықтан басын азат етіп, коммунистік жаңа бодандықтың бастауындағы түрлі соғыстар мен реформалардың өліара кезеңінде өмір сүрген Қазақстан халық ақындарын дәл біздің заманымыздағыдай ескеріп-елеуге мұршасы болған жоқ. Әйтсе де, Әлихан, Сәкен, Смағұл, Халел, Ахмет, Мұхтар, Сәбит сияқты сол кездегі жас ұлтшылдар өздері басқарып отырған газет-журналдар, қоғамдық мекемелер арқылы халық мұрасын тез және мүмкіндігінше мол жинау мақсатында түрлі қаулылар шығарып, өздері де соған тікелей араласып жатты. Соның нәтижесінде, Ахмет Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы» (1926), Мұхтар Әуезовтің «Әдебиет тарихы» (1927), Халел Досмұхамедовтің «Аламаны» (1928), Сәкен Сейфуллиннің «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары» (1931), Сәбит Мұқановтың «ХХ ғасыр басындағы әдебиет» (1932) сияқты еңбектері дүниеге келді. Мұның бәрі де аталған авторлардың өлмес, өшпес құнды еңбектері болатын. Міне, осындағы Сәкеннің кітабына Жамбылдың біраз дүниелері енгізілді.
Жамбылтануда Ш амғали Сарыбаевтың «Фольклордың білгірі» деген мақаласының орны бөлек. Шамғали Сарыбаев Жәкеңмен тұңғыш жүздесіп, оның аузынан біршама дүниелерді жазып алған көрнекті ғалым, әдебиет нұсқаларын жинастырушы және оның жамбылтануға қосқан ерен үлесі – алғаш мәлімет беруші ғана емес, әуелгі бағалаушысы, іздеушісі, насихаттаушысы болғандығында.
Шамғали Сарыбаев айтады: «Мен Жамбыл ақынды 1922 жылы 9 июньде Ұзынағашта болған Қосшы ұйым мүшелерінің мерекесінде көрдім. Сол мерекеде Жамбыл көп жас ақындардың ұстазы сияқты көрінді. Жамбыл Жабаев сол жылы 68-де еді (жылы қоян). Көп өлеңдер айтушы еді. Жамбыл жасы ұлғайған адам болса да, жаңа тұрмыспен бірге өрлеп келе жатқан ел ақыны. Жамбылдың бұрын-соңғы өлеңдерін жинап алу керек. Жамбылдың ерте уақыттағы өлеңдерінің бірқатарлары мыналар еді:
Көрұғлы (15 күн ұдайымен айтады деседі).
Ерназар-Бекет.
Сүйінбай мен Қатағанның айтысы.
Садыр патша мен Жамбыл патшаның айтысы.
Тезек пен Сүйінбай.
Жамбылдың (өзінің) Құлмамбетпен айтысы.
Шалтабай дастаны.
Абылай ханның Бұқар жыраумен үш жүздің баласын аралағаны.
Шежірелер.
Әртүрлі термелер.
Жамбыл сынды таланттар халық фольклорын елінің өскеніне қарап өрлетіп отыратын тарландар», деп жазды.
Жалпы, Жәкеңнің шығармашылығы жөніндегі «әттеген-ай» дегізетін тұс оның төңкеріске дейінгі дүниелерінің жиналмай, ұмытылған күйінде қалуы екенін көрнекті жазушы Ә.Нұрпейісов те өкінішпен айтқан. Әбекең: «Халық сөзінің алтын қоймасы Жамбыл көкірегіндегі қазынаны түгелдеп алып қала алмағанымыз, әсіресе, революцияға дейінгі творчествосының етек-жеңін жия алмай қалғанымыз өкінішті-ақ. Сонау 1936 жылы Москвада өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігінен шаттанып қайтқан ұлы ақынның өзінің тетелесі Кенен ақсақалға «Көрұғлы» жырының өзі толғайтын нұсқасын алты күн бойына шабыттана жырлап, ақыры шетіне шыға алмай қойыпты. Ал атақты дастанның сол Жамбыл айтқан нұсқасы қайда, ақынның қай кітабына кіріп, қай ғалымның архивінде сақтаулы?..» деп жамбылтанудағы кейбір шетін жайттарға назар аудартады. Әбекең де Жәкеңді өзіне ұстаз, ардақ тұтып қана қоймай, өзінше зерделеп, өзінше ұлықтайды. Оны «жаңа заманның Сыпыра жырауы» деп атаған. Өте тауып айтылған теңеу.
Н.Тихоновтың «Ақындардың атасы» деген эссесі қандай, шіркін! Ол қарасөзбен жазылған ғажап жыр ғой!..
Орыстың атақты қаламгері Тбилисиде өткен Шота Руставелидің тойында Жамбылды тұңғыш рет көргендегі әсерін қандай тебіреніспен жазса, міне, бүгін мен де соны оқып отырып, осы бір әдемі эссені ертең де оқысам, кеудемді дәл қазіргідей шаттық кернейтініне сенімдімін. Мен Н.Тихоновты әкемдей жақсы көріп кеттім. Ол менің бабамды, мен көрмеген тәтемді барлық болмысымен, мінезімен, қасиетімен, дарын-талантымен өзіме және өзгеге тамылжыта айтқан екен, қайта-қайта оқи бергің келеді.
Жамбыл Тбилисиге қазақтың тоқсаннан асқан кәрі шалы емес, сол қазақтың өзі, өнері, рухы, тілі мен ділі боп барып келді. Сол күні залда отырған қазақтың өнер қайраткерлерінің көзіне жас алмағаны кемде-кем.
Иә, Жәкеңнің шатыр-шұтыр мінезі де бар ғой. Мынадай да қызық оқиға болған екен. М.Қаратаев пен Т.Жароков екеуі екі жақтап, Жәкеңе: «Тбилисиде домбырамен бірдеңе айтасыз ғой», деп әдеттегідей тықақтай бастаса керек. Соған қитығып қалған тәтем: «Жоқ! Оқыған өздерің сөйлей беріңдер!» деп шорт кесіпті. Ал Қазақстаннан барған делегаттарда зәре жоқ. Оны М.Қаратаев былай деп жазады: «Байқасам, алдыңғы қатарда блокноты мен қарындашын әзірлеп отырған Тайырдың қолы дір-дір етеді».
Әрі қарай, М.Қаратаев Н.Тихонов көрген сол сәтті былайша еске алады: «Ақын домбырасын қолға алған кезде зал іші тына қалды... Әуелі тамағын кенеп, қанатын қомдаған қырандай аз-кем құнжыңдап, екі иығын бүлкілдетіп, домбырасын қағып-қағып жіберді. Сонан соң, сөзсіз үнін созып бір қайырды да, нөсер жаңбыр секілді сөз бұршағын төге жөнелді. Қарасам, Жәкеңнің бүйрек бетіне күреңітіп қан жүгіріп, маңдайынан шып-шып тер шығып тұр екен. Ақынның саусағымен бірге жауырыны да ойнақшып, жыр тасқынын барған сайын үдете түсті. Қарт дүлдүлдің талай шабысын көріп едім, бірақ бұл секілді шабытпен, бұл секілді құшырлана да құлшына сілтегенін көруім бірінші рет. Түйдек-түйдек түскен теңеу мен образдар, үсті-үстіне төпелеген арынды өлең шумақтары басқа түгіл біздің өзімізді таңғалдырды. Бір замат алда отырған Кенен мен Тайырға көзім түсіп кетіп еді – екеуінің де көзінен жас ағып отыр екен. Жолда айтылған әңгімелер бекер кетпепті. Көбін іліп, көбін ұғып қалыпты сақ құлақ жыршы».
М.Қаратаев сипаттаған сол күні Кенен мен Тайыр шаттықтан көзіне жас алып жылап отырса, сырт көз Н.Тихоновтың көргенін, көңілге түйгенін де көз алдымызға елестетіп көрейікші. Бұл бізге өзара салыстыру үшін қажет. Шындық пен жалғандықтың аражігін ажырату үшін керек.
Сол сәтті Н.Тихонов былайша сипаттайды. «Кенет оның (Жамбылдың – У.Қ.) өзі пайда болды. Тұп-тура солай, сырттан келді деп те, орындықтан тұрды деп те айта алмайсың, шауып келген бетінде асау тұлпардан қарғып түсіп, пайда болғандай, екпінімен президиум мүшелерін ығыстыра жарып өтіп, жарқ етті. Ол мінбеге барған жоқ, құмарта көз тігіп, сілтідей тына қалған бүкіл залды бір шолып шықты да, құлашын сермеп қалып, су құйған графин мен стақандары бар подносты, айналасы қобыраған қағазға толы дәу сия сауытты столдың шетіне қарай ысырып тастады. Шынында да, қазір жасалатын ғаламатына оралғы болатын қажетсіз нәрседей тым-тырақай жағалай қуып тастады.
Президиум мүшелері де екі жаққа ығысып, стол басында ойға шомып асқар таудай ақын Жамбыл ғана қалды… Жамбыл білеу-білеу қошқыл қан тамырлары торлаған етсіз әмірлі қолын алға сермеп, жиылғандарды тыныштыққа шақырды.
Жақ сүйегі шығыңқы жалпақ бетінде парасатты байсалдылық ұйыған, тек екі көзінің ұшқыны екі саңылаудан себелеген сәуледей… Толқынданып еркін төгілген сақалы таң шапағымен шағылысқан құлама тау суындай.
Осынау залда ол пайда болысымен уақыттың өзі тына қалған тәрізді. Үйдің жарлары кері серпіліп, көз алдымызға басқа бір дүниенің келбетін алып келгендей… Ақынның өктем де өр дауысы залды жаңғырта саңқ етті де, бірте-бірте қалықтап барып, қырыл аралас көмей бұрқылға көше келе, бір кезде қоңыраудай сыңғырлап қоя берді. Ол үндерді шаңқ еткен қыран саңқылы бөліп жіберді».
Екі жазушы да Жәкеңнің сол күнгі арындаған шабытын жай сөзбен жаза алмайды. Оның да себебі бар, халықтың ғасырлық импровизациясының құдірет күші де сонда – оны көргенде, оны тыңдағанда арқаланбай, шабыттанбай тұра алмайсың. Сені жырау өз әлеміне магниттей тартып әкетіп, уақыт пен кеңістіктен бір сәтте, бір сәтке ажыратып тастайды. Ақпа-төкпе ақынның нөсердей құйған құдіретті жырының көркем әлемінің тілі біреу ғана – ол өнердің тілі. Ол нәсіл, ұлт таңдамайды. Ол тіл – жалпыадамзаттың тілі, жалпақ әлемге түсінікті тіл.
Оның мірдің оғындай тапқыр, тәмсіл сөздеріне таңырқап бас шайқаған адамдардың соңы да, басы да Н.Тихонов емес. Оған: Л.Соболев, П.Кузнецов, Д.Снегин, М.Тұрсын-Заде, Т.Сыдықбековті қосыңыз. Бұған, Жамбылдың қатарлас, замандас ақындарын айтпағанда, өзіміздің Мұхаң, Сәбең, Ғабаң, Әбділда, Тайыр, Ғали, Сапарғали, Қалмақан, Мұқаметжан, Мәлік, Бауыржан, Нұрғисаны, т.т. қосыңыз. Тізім тым ұзаққа кетеді.
Ал осы Жәкең айтқан жыр туралы сөздерде қаншама тұжырымды ойлар мен пікірлер жатыр. Өнер туралы оқымаған дала академигінің ғылыми ойлары, қазіргі теориялық стильмен айтсақ, жырдың тууын, оның көтеретін жүгін, нысанын, қоғамдық мәні мен маңызын қазақтың қарапайым тілімен түсінікті ғып айтып тұрған жоқ па? Міне, біздің көкірегі қазына, ми қатпарлары өзгеше жетілген, өнерді өмірден алып, өмірді өнерге айналдырған дала философтарының теориялық тұжырымдамалары осылай қалыптасқан.
Ал Н.Тихоновтың тамаша эссесінде мынадай тиянақты тұжырымдама бар. Ол: «Жамбыл– поэзияның ең асыл қасиетін қастерлеп сақтаушы өлең сөздің пірі еді, сол асыл қасиет пен адамның жұптасуы, жұптасқанда да, табиғаттың көз үйренген бір құбылысы тәрізді, кәдімгі жел мен күн, күн мен түн тәрізді түгел сіңісіп кеткен жан еді», дейді. Бұл сөз – сөз. Сараң, талантқа мұраттас бола алмайтын жандардың аузынан мұндай сөздер шықпайды. Бұл – эстет-жазушының аузынан ғана төгілетін әдемі сөздер. Сондықтан да, адам бойынан эстетикалық құндылық іздейтін, өзі де оны әсемдікпен тани алатын кісінің қаламынан ғана осындай ғажап эсселер туады.
* * *
Әр заманның өз «Батырашы» болады. Сол уақытта да күдікшілдіктің күңкіл күбірі Мәскеуге дейін жетеді.
Әлгіндей ақындық азаппен жыр тудырған Жамбылды жамандап, Орталыққа шапқылаған, арызданған өзге емес, өзіміздің ағайын ғой. Өзіміз айтпайтын, айта алмайтын сөздерді, керек болса өзімізге өзгелер айтып тұрса да, Абай айтқандай: «Беріп келсе бір арыз бұтып-шатып, елді алып, Еділді алып есіредінің» желігімен Жамбылға біраз қиянат жасалды.
Ақыры, Жамбылдың ақындығын енді жетпегендей, Мәскеудің алдында ақтап алу керек болды. Айыпталушы – ақын Жамбыл, қаралаушы – аноним, қорғаушылар: Мұхтар Әуезов, Әбділда Тәжібаев, сот – Леонид Соболев болды.
Бұл қазақтың кесапаты...
Л.Соболев Қазақстанға келіп, бір апта Жамбыл Жабаевтың қасында болады. Өлеңін тыңдайды, тақырыптар беріп жырлатады. Кейін Л.Соболев: «Мен қазақ болсам, тек Жамбылмен ғана бірге болар ем, аузынан шыққан сөзін жаза берер ем, жаза берер ем...» деп ішкі сырын да жайып салады. Иә, көргенді, өнерпаз жұрттың, университеттері мен ғылымының іргетасы әбден қалыптасқан, әдебиеті әлемдік ауқымдағы ұлы орыс халқының білімді, мәдениетті баласы осылай сөйлейді. Ал қазақтың күншілдері қазір де ұлы Жамбылға ауыз салғылары келеді. Бірақ тістері батпайды. Өйткені, Жамбыл – «Феномен-Феникс». Ол – құбылыс!
Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры,
ҰҒА корреспондент-мүшесі,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
АЛМАТЫ.