• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2016

Сатира сардары

443 рет
көрсетілді

Шығыс Қазақстанның Өске­ме­нінде, облыстық «Коммунизм туы» газетінің редакциясындағы мәдениет бөлімінің меңгерушісі болып жүрген кезімде бөлмеме қара мұртты азамат кіріп келіп: – Кіруге бола ма? Сәлеметсің бе? – деді. Бастық атаулының көбі шам­көс болады ғой, оның «...сіз бе?» де­мей, «...сің бе?» дегеніне қитыға қалып: – Кіріп, сәлемдесіп, содан кейін «кі­руге бола ма?» дегеніңіз қалай? – дедім. Тығыршықтай бейтанысым тымп етіп шығып кетті де, есікті екі-үш рет тықылдатып, сәл ашып, мұрны мен мұрты ғана көрініп: – Кіруге бола ма? – деді нығыз дауыспен. – Болмайды! – дедім, қайтер екен деген сыңаймен. Есік жабылды. 15-20 секөнт өтті. Тым-тырыс. «Өй, анау қалжыңды қақпайтын бар болғыр екен ғой», деп іштей күліп, тұрып барып есікті ашсам, оным «сырттай» күліп тұр: дөңгелек көзі күлімдеп, екі езуі кетер жақтарына кеткен. – Неге тұрсыз, кірмейсіз бе? – дедім, еріксіз еліге күліңкіреп. Ол бетін қалыбына келтіріп: – Сені күтіп тұрмын, кірем ғой, – деп қолын ұсынды. Екеуміз қалайда жадырай қалып, қатар күлдік. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна». Екеуміз әзілдің «әмірімен» бейтаныстан кәдімгі танысқа айналып, әңгімеге кірістік. Менің бұл естелігіме «тартқан» әзіл деректер көзіқарақты қазаққа танымал қаламдас інім Ермаханның (Шайхыұлының) ірі-шағын, өлең-қарасөз шығармаларынан жиі ұшы­расады. Оқып отырып, не өз басымнан кешкендей, не өзгеден естігендей көңілденемін. Иә, ауырлау ойға ерік беруім сирек, себебі, Ермахан әзілге жомарт, сықаққа сараңдау. Жасы 50-ге енді ғана толған Ерма­ханды «жігіт!» демегенде ше?! Енде­ше: «Күлкі пішенің мен егінің еселене молайып, және бір 50-ді емін-еркін еңсеретін бол!» деп құттықтап, әлгі әзіл деректеріне оралайын. Мысалы, көп кейіпкерлері арасындағы екеуі былай десіпті: – Жұмыстан неге кешіктің? – Бәрі де кемпір-шалдың кесірі. – Неге? – Автобуста отырсам, бір шал мінді. Орнымды қимай, көзімді жұма қойған едім, көзім ілініп кетсе керек, төрт аялдама өтіп кетіппін. – Жасанды әзіл ме? Жо-ға!.. – Жасы үлкен адамның алдында мәдениетті болғаныңыз жөн шығар. – Қызметі үлкен болмаған соң, бәрібір емес пе? Авторынша сәл «майыстырып» айтсам: бұл – ақиқаттың майынан суырылған қылшық әзіл. Ермаханның осы екі мысалы ой­ып алынған «Біртүрлі кітап» жи­на­­ғы көпқабатты үйге ұқсайды. Оның «пә­тер­леріндегі» тұрғындарды түріне, тіліне, дініне, шеніне... қарап айқын­дау, сірә, «Айқын» газетінің «Жа­ты­­п­атар» бетінде жантайып жат­қан Ер­­­маханның өзіне де, әй, оңай бол­маған шығар! «Мағынасы майыс­қан мақалдар», «Халтуралық хабарландыру», «Коммерциялық кеңес», «Пародия», «Жыни жұлдыз жорамал», «Түстен туған түйдек-түйдек тіркестер», «Ойалогия, пікіризм, көз­қарасис», «Тың тәржімелер», «Пе­рекур», «Шымшып алар шымшымалар», «Сатиралық жаңылтпаштар» деп топтауынан-ақ қаламының «қара терге малынғаны» байқалып тұр. Әсіресе, «Сандалған сауалда». Мәселен, Қожанасыр облысының Т.Қожекеев ауданындағы К. Әмір Бек ауылынан (қалай екен?!) Әзіләлі Сатирин мырза сонау бір жылдары жолдаған: – Екеумізге, то есть Бауыржан үшеумізге ортақ нағашы, жұрттың жиені, сатира арланы, «Тамаша» тарланы Құдайберген Сұлтанбаев ағамыз депутат болғалы да біздің қысыр сиырымыз екі туды. Ылғи да «Хабардан» оның депутаттар арасында адам сияқты отырғанын көріп қаламыз. Енді оның шығарған күлдіргі заңдарын қашан оқ-е-е-п күліп отырамыз?» деген сауалына: – Мың болғыр Әзеке! Біздің Құдекеңсіз-ақ «күлдіргі» заңның біразы шығып қойыпты. Бірақ, ол да қайтпады ғой. Сонда да болса, оны азсынып, Құдекең қазір «Күлетін жерде күлмей, күлмейтін жерде күлетіндер туралы» заңның жобасын дайындап жатыр. Таяу арада бекітіліп қалады. Осы заңның сөзіне сазгер-депутаттар ән шығарады. Оны келесі сессияда әнші-депутаттардың орындауында тыңдап қаласыз», деп жауап қайтару «екі жерде екі – төрт» бола қойсын ба?! Немесе: – Алдына қозы қарын байлап, қара басын күйттеген парақор, жемқор басшы көрсем, еңіреп жы­лағым келеді. О дүниеде тозақ күтіп тұрғанын қаперлеріне алар ма екен, шіркіндер?! Соны айтшы, карағым! Асан ҚАЙҒЫ. Жер планетасы, Подвал ауданы, Жеті қат жер бөлімшесінен, делініп келген тым ауыр сұраққа: – Жаның жәннатта болғыр, Асан ата! Бұл жалғаннан қайғы арқалап кетіп едіңіз. Обал-сауабы жоқ қайғы­сыздарға о дүниеде де қай­ғырып жатыр екенсіз-ау, жарықтық!.. Сауалыңызға оралсам, әлгі креслода туылған, ешкімге қайырымы жоқ басшылардың ішкен-жеген, жиған-терген мал-мүлкінде халықтың нақақ көз жасы бар. Соның әсері сізге тиіп жүрген ғой. Арам дүние о дүниеде қоңызға айналары рас болса, тәубеге сонда келер. Дертке дауа Алладан болсын!» деп жұбату айту үшін кім болу керек? Ермахан болу! Оқырмандарына күлкі кілкіген ­бір­неше кітап берген әрі ақын, әрі жазу­шы Ермаханның «Эпиграмма» («Кәу­кен Кенжетаевқа», «Асанәлі Әші­­мов­ке»...); скетч; еліктеу («Ақ­там­­­бер­­ді жырауша», «Жұмекен Нәжі­ме­­­­де­­нов­­­­ше», «Тұманбай Молда­­ға­­­ли­ев­­­­­­­ша», «Мұқа­ғали Мақатаев­ша»...) ең­бек­тері де ерекше тартымды. Эпи­г­рам­­­маларынан бірер үзінді оқылық: Нұртілеу ИМАНҒАЛИҰЛЫНА ...Ток болушы ед айтқан әрбір сөзінде, От болушы ед әшки үсті көзінде. «Бақуатты болыңыздар!» деп жүріп, Бай-билікті болып кетті өзі де. Қайнар ОЛЖАЙҒА ...Кенде емес құрметтен де, қадірден, Ада емес жұрт көрсеткен жәбірден. «Шарайнаның» ұстаса да құлағын, Бірақ өзі көрінбейді кадрден. Кенде емес иманнан да шырайдан, Хабарлары жанған бейне шырағдан. Бойында бар қасиеті жапонның, Түр-әлпеті аумаса да қытайдан. Сағымбай ҚОЗЫБАЕВҚА ...Сөйлемейді тиісіп, Көрген емес кейісіп. Жігітпен де, қызбен де Амандасар сүйісіп. Ашық-жарқын жүреді, Сөзге құлақ түреді. Әңгіме айтып «от души», Аузын басып күледі. Біздің әзіл-сықақшылар ауылында журналшы талантын да танымды ете түсіп жүрген қаламгерлеріміздің бірі – осы Ермахан. Оның «Ағынан жарылсақ...» деп аталған сұхбаттар жинағы – өз алдына бір әлем! Кәукен Кенжетаев, Хакімжан Наурызбаев, Мұзафар Әлімбаев, Серік Қирабаев, Қалмұқан Исабаев, Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Мол­дағалиев, Қалихан Ысқақ, Үмбетбай Уайдаұлы, Марат Тоқашбаев, Нұрлан Өнербаев, Роза Рымбаева, Темірғали Көпбаев, Асқар Наймантаев... зия­лы қауымның жиыны 47 өкілі Ермаханмен емірене сыр шертіскен. Көпшілік құлағына кезінде жетпеген қуаныш пен реніш, сүйініш пен күйініш тұнып тұр. Бір ғана дерек келтірсем, атақты мүсін­шіміз, Қазақстанның халық сурет­шісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты болған профессор Хакімжан Наурыз­баев басынан кешірген жағдаят­тар – оқырманды толқытар, тебірен­т­ер ро­манға жүк. Сұхбаттың «Абай­дың ес­керт­кішін алып тастауға дейін барды» деген тақырыбы-ақ бір төтен­ше, тосын оқиға болғанын бірден аңғартады. Хакеңнің аса елеулі, тарихи еңбе­гінің бірі – Алматыдағы Ұлы Абай ес­керт­кіші. Оның жасалуы, бүгінгі ор­ны­на қойылуы, ол орнынан көшірі­ле­ жаз­дауы... жә, тәптіштемей-ақ қояй­ын, тар­тымды хикаятқа бергісіз жайт. Оқы­­ңыздар, ешқайсыңызды өкін­дірмейді! Ермаханның мына жинағында Қадыр Мырза Әлімен сұхбаты бар. Танымпаз інісінің ақын Абай хақын­дағы сауалына Қадыр: «...Абай – ұлт­тың ақыны. Ал ұлттың ақыны сол өзі­нің ұлтына ғана тән болады да, басқа ұлтқа қанша тықпаласаң да сіңбейді. Дүниежүзінде ұлы ақындар көп, ал ұлт ақындары санаулы ғана» деген. Абай аруағын әспеттеудің тың үлгісі! Түйін. Оқырман қауымды ойлы, оралымды әзіл-сықаққа кенел­тіп жүр­ген Ермахан үлкен-кіші замандас­та­ры­ның: ел, халық, тарих, қоғам, адам­гершілік, келешек жайындағы ғанибет ой-толғамдарын бек ынталы көңілмен қағаз бетіне түсіріп, бүгінгі-ертеңгі жас ұрпақтарымызға рухани сый етіп ұсынып, азаматтық парызын абыроймен атқаруда екенін анық көрсетіпті. Бәрекелді, қадірлі қаламдас інім, сатира сардары – өміріңнің күнгейі көп, жайлауы кең бола түссін! Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты. Алматы.