• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2016

ЕҚЫҰ ПА сессиясында сөз сөйледі

222 рет
көрсетілді

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған Қазақстан Парламентінің делегациясы Венада ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының қысқы сессиясына қатысты. Делегация құрамында сенаторлар Икрам Адырбеков, Нұртай Әбіқаев, Михаил Бортник, Ләззат Қиынов, Дулат Құсдәулетов бар, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі. Қысқы сессияның ашы­луында сөз алған Қ.Тоқаев ЕҚЫҰ қызметіндегі ең өзекті мәселелер жөніндегі Қазақстанның ұстанымын жария етті. Ол Минск келісімдерінің, әсіресе, Украинадағы шиеленісті реттеу үшін оларды Орындау жөніндегі шаралар кешенінің аса маңызды екеніне назар аударды. Төраға тағы бір «созылмалы» шиеленістің пайда болуына жол бермеу үшін барлық мүдделі тараптарды қарама-қарсы қызыл сөзден тоқталуды және нақты іске кірісуге шақырды. Қ.Тоқаев, сондай-ақ, ЕҚЫҰ ПА аясында Украина бойынша Байланыс тобын құру туралы идеяны қолдау жайында да айтты. Сенат Төрағасы терроризм қатері өршіп тұрғанда, Таяу Шығыстағы ахуал мен көші-қон дағдарысы жағдайында ЕҚЫҰ-ның Астана декларациясында айтылған қауіпсіздіктің бірыңғай және бөлінбес қағидатының өзектілігін атап өтті. Ол Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымын жалпыға бірдей қауіпсіздік мүддесі үшін елдер арасындағы сенімді нығайтуға, сондай-ақ, Президент Н.Назарбаевтың ұсынысы бойынша терроризмге қарсы дүниежүзілік жүйе құру мақсатында күш біріктіруге жәрдемдесуге шақырды. «Өзара сенім мен ынтымақтастық аз болған сайын террористер қазіргі замандағы өркениеттің моральдық-саяси негіздерін бұзуға көп мүмкіндіктер туа бастайды», – деп атап өтті Қ.Тоқаев. Сенат басшысы ЕҚЫҰ ПА депутаттарын биылғы 31 мамырда әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдерінің қатысуымен Астанада өтетін «Діндер терроризмге қарсы» парламенттік конференциясына қатысуға шақырды. «Қазақстан Сириядағы қарулы қақты­ғыс­тарды тоқтату туралы АҚШ пен Ресей арасындағы келісімдерді жақтайды және осы елдегі «нәзік» тұрақтылықты қорғау үшін қатысқан барлық тараптарды оны қатаң орындауға шақырады», – деді Сенат Төрағасы. Қазақстан делегациясының басшысы ЕҚЫҰ форумдарының жұмысына визалық шектеулер арқылы парламенттік делегацияларға шектеу қою тәжірибесімен келіспейтінін білдірді және Парламенттік Ассамблея ортақ саяси жоба рухымен әрекет етуі тиіс деп санайды. Төраға, сондай-ақ, әлемдік экономиканы шайқалтатын санкция­ларды да сынға алды. «Санкциялар – БҰҰ-ның құзыреті және ол ерекше жағдайларда қолданылуы тиіс», – деді Сенат Төрағасы. Қ.Тоқаев парламентшілерді Қазақ­стан­дағы Президент Н.Назарбаевтың бес инс­титуттық реформасын іске асыру туралы және Мәжілістегі сайлау науқаны туралы хабардар етті. Төраға «сайлау ұлттық заңнама мен халықаралық стандарттарға сәйкес ашық және әділетті түрде өтетін болады» деп атап өтті. Венада болған кезде қазақстандық пар­ламентшілер екіжақты кездесулер өткіз­ді. Сенат Төрағасымен әңгіме барысында ЕҚЫҰ Бас хатшысы Ламберто Заньер Ұйымның күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бәрінде, оның ішінде Орталық Азиядағы жағдай, шиеленістерді реттеу, трансұлттық қатерлерге қарсы тұру және еуропалық қауіпсіздік туралы үнқатысуды ілгерілетуде Қазақстанмен өзара іс-қимылдың маңыздылығын атап өтті. Ол, сондай-ақ, Астанадағы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуге Ұйымның үлесін қамтамасыз ету жөніндегі ЕҚЫҰ Хатшылығының ниетін жеткізді. ЕҚЫҰ ПА сессиясы алаңдарында Қ.Тоқаев Ресей Мемлекеттік Думасының Төрағасы Сергей Нарышкинмен, ЕҚЫҰ-ның Германия төрағалығының арнаулы өкі­лі Гернот Эрлермен, Швейцария парла­менттік делегациясының басшысы Филиппо Ломбардимен және басқалармен кездесті. Қазақстандық парламентшілердің Венаға сапары бағдарламасында Австрия басшылығымен кездесу ерекше орын алады. Австрия Президенті Хайнц Фишер Қазақстан Президенті Н.Назарбаевқа ең ізгі тілектерін жолдады. Оның айтуынша, Қазақстан – тұрақты дамып келе жатқан мемлекет. Австрия мен Еуропалық одақ Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға зор маңыз береді. Ол халықаралық күрделі жағдайда сындарлы сыртқы саясат жүргізіп отырған Қазақстан секілді мемлекеттерге ерекше рөл беріледі, деп атап өтті. «Жасыл технологияны» енгізуде елеулі тәжірибесі бар Австрия ЭКСПО-2017 көрмесіне белсенді түрде қатысуға ниеттеніп отыр», – деді Х.Фишер. Қ.Тоқаев пен Австрия Парламенті Федералдық кеңесінің Президенті Йозеф Заллер және Ұлттық кеңесінің Президенті Карл-Хайнц Копфпен кездесулерде парламенттік байланыстардың келешегі талқыланды. Қ.Тоқаев бастаған қазақстандық парламентшілер Австриядағы «Қазақстан достарының ортасы» өкілдерімен кездесуде сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың ауқымды мәселелері талқыланды. Сенат Төрағасы Қ.Тоқаев Ядролық сынаққа жалпыға бірдей тыйым салу туралы шарт ұйымы Дайындық комиссиясының атқарушы хатшысы Ласина Зербомен де кездесті. Қазақстандық парламентшілердің Венаға сапары жалғасуда. Сәулебек БІРЖАН.