Александр Викторовичпен біз ауданға іссапарға барғанда таныстық. Бұрын да ылғи Ви жайлы естіп жүретінмін. Бірақ, соншалықты мән бере қоймайтын едім. Сөйтсем, аудандағы жастарға үлгі боларлықтай өмір жолы бар екен, атқаратын қызметі де салмақты көрінеді.
...Осы жолғы іссапарда тағы да Ви деген сөз алдымнан шықты.
– Қазір Виге барып қайтайық. Біздің Александр Викторович «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалын басқарады. Аудандық мәслихаттың депутаты. Жиынға қатысып көріңіз, – деді аудан әкімі Бәкір Саматұлы.
Сөйтіп, аты көптен құлағыма таныс Ви деген адамды алғаш рет көрдім. Сәлемдесіп, амандық-саулық сұрасып, ескі таныстарша сөйлесіп жатырмыз. Жүзі жылы, біртоға қарапайым жігіт ағасы екен. Жалпы, бұл ауданда кезінде неміс ұлтының өкілдері көп тұрды. Қазір де бар. Орыстар, украиндар, белорустар қай жерде болсын қазақпен аралас-құралас тұрып келеді. Ал бұл жақта, сонымен қатар, корейлер де тұрады деген ой да жоқ еді бізде.
– Бұл жаққа қалай келіп қалғансыз?
– Үштөбеден. 1952 жылы Талдықорғанның Үштөбе қаласында дүниеге келіппін. Корей халқының өкілдері негізінен сол жақта көп тұрады. Жермен айналысқанды, түрлі көкөністер өсіруді жақсы көреді. Оңтүстік жақ жылы. Үштөбеде бір ауылдай тұрған корейлер ортасында мен де өсіп, ержеттім. Әкем Қиыр Шығыс жақтан. Ата-әжелеріміз қуғын-сүргінді бастан өткерген. Атамыз Ви Ден Хо сол сұрапыл жылдары хабарсыз кетіпті. Әкемізді, тағы бір ұлын жетектеп әжеміз Ақтөбе жағына жетеді. 60-жылдары біз Алматыға көшіп келдік. Әкем Виктор Ви Ден Хо архитектор еді, ол кісі жобалау институтында жұмыс істеді. Ұлым да жолымды қуып, осы мамандық иесі болар деп ойлады.
– Ал сіз?
– Өткенде Елбасы айтқандай, жұмысшы, қарапайым еңбек адамы болу қай кезде де мақтаныш қой. Мектеп бітірген 1969 жылы еңбек жолымды «Жетісу» аяқ киім фабрикасында бастадым. 1970-1973 жылдар аралығында кеңес әскері қатарында азаматтық борышымды өтедім. Ер адамға қажетті барлық жолдан өттім десем де болады. Бірақ, кішкентай күнімнен өнер адамы, әртіс болғым келетін. Сөйтіп жүріп, Құрманғазы атындағы консерваторияға емтихан тапсырамын деп келсем, кешігіп қалыппын. Ойым оқуды бітіріп, Корей театрының әртісі, режиссер мамандығын алу еді. Жас кезімізде бәріміз де арманшыл едік қой. Кейін режиссураға да, әртістікке де ұмтылып көрдім, бірақ жолым болмады. Содан Шымкент педагогикалық институтының мәдени-ағарту факультетінде білім алдым. Соңғы курста жүргенде үйлендім. Оқуды бітіргеннен кейін Кішкентай қызым мен әйелімді алып, Павлодардың Успен ауданына келдік.
– Әйеліңіз успендік пе еді?..
– Жоқ, Татьяна – Ташкенттен. Корей қызы. Сол жаққа қыдырып барып жүргенде, танысып, кездесіп отбасын құрған едік. Успенге институттың арнайы жолдамасымен келдім. Ол кездері сондай жақсы тәртіп бар еді ғой. Қазірдей өзің жұмыс іздеп, әуре-сарсаңға түспейсің. Сөйтіп, Шымкенттен Успенка қайдасың жолға шықтық та кеттік. Келе сала аудандық мәдениет үйіне жұмысқа тұрдым. Мәдениет үйінің әдіскері, директоры, аудандық мәдениет бөлімінің меңгерушісі, 1983-1991 жылдары партиялық қызметте, ішкі саясат бөлімінде жұмыс істедім. Содан бері, міне, 40 жылдан аса уақыт өтіпті, бүгінде мен өзімді успендік санаймын. Ешқайдан «жерұйық», яғни жақсы жер іздеген жоқпыз, іздегіміз де келген жоқ, іздемейміз де. Ұл-қыздарымыз осы жерде туып-өсті, немерелеріміз қасымызда. Бақыт деген де осы шығар.
– Сондықтан да сізді бүкіл аудан халқы еркелетіп, өзіміздің Ви дейтін көрінеді. Қазақшаңыз да жаман емес.
– Елдің пейіліне, ниетіне ештеңе жетпейді ғой. Араласатын достар, көршілер бар, ауыл іші дегендей, қазір тіліміз қазақшаға әбден жаттығып қалды. Бірақ үйде балаларымызбен корей тілінде сөйлесетінбіз. Жуырда ғана Елбасы 1 наурызды Алғыс айту күні деп жариялады. Қазақ жеріне келіп, қаншама өзге ұлт өкілдері пана тапты, кейін бауыр басып кетті. Тіпті, мәңгілікке осы жерде қалды. Осындайда әжем, әкем, анам, көршілер, туыстар – бәрі-бәрі есіме түседі. Үштөбеге келген корейлер де қазақ жерінен қамқорлық көрді. Жалпы, бұл күнді достық, бірлік татулық мерекесі деп білемін. Зайыбым Татьяна Ильинична екеуміз екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірдік. Айтпақшы, қызымыз Иринаның жұбайы, біздің күйеубаламыз Дулат Сүлейменов, қазақ жігіті. Ол аз десеңіз, екінші қызымыз Вераның жұбайы да қазақ, Ерлан Әділғожинов деген азамат. Ал ұлым Всеволодтың әйелі Татьяна – орыс қызы. Вита, Таңнұр, Дарина, Валерия, Анита есімді немерелеріміз бар.
– Бәрекелді! Орта тола берсін, Александр Викторович!
– Біздің ауданда талайлы тағдыр жолымен қазақ жеріне тап болған түрлі ұлт өкілдері аз емес. Неміс ұлты өкілдерінің біразы тарихи отандарына көшіп кетсе де, қазір ел ертеңі жолында еңбек етіп жүрген Александр Касицын, Николай Штрек, Эвальд Руфф сияқты кәсіпкерлер, Дауылбай Сейітқазинов, Сергей Устименко, Олег Устименко, Мәкен Жүнісова, Юрий Петров, Қанафия Нұрмақов, Аманжол Жұмабеков, Елена Бойкова, Қарлығаш Құсайынова, Алексей Кулага, Сагайдак Олинда секілді тағы басқа да жұмыскер успендіктер баршылық. Аудан әкімінің партиялық қабылдау күндерін ауылдарда да өткізіп жүрміз. Жастарымыз да белсенді. Олармен бас қосып, отаншылдық, елсүйгіштік, «Дипломмен – ауылға!», кәсіптік білім, достық, бірлік, басқа да тақырыптарда дөңгелек үстелдерді жиі өткіземіз. Ауданға жас мамандар келіп, қызмет етуде.
– Дәл қазір отаншылдық рух, патриоттық жігер қажет дейсіз ғой?
– Елбасы Парламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауын жариялап, оны барша жұрт қолдады. Мұны дұрыс шешім болды ғой деп ойлаймын. Бұл – елдің әрбір азаматының патриоттығы сынға түсетін кез. Сондықтан, отаншылдығымызды нығайта түсуге шақырамын. 20 наурыз күні бәріміз сайлау учаскелеріне барып, өз таңдауымызды жасайық. Бұл мемлекетімізде дағдарысқа қарсы шараларды іске асыруға зор үлес болмақ. Ендеше, алда жүзеге асырылатын оңды үдерістер әр отбасына жақсылық, береке-бірлік, амандық әкелсін.
– Айтқаныңыз келсін.
Фарида БЫҚАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы,
Успен ауданы