• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
01 Наурыз, 2016

«Мәңгілік Ел» саябағы – ақсуаттықтардың сүйікті сейіл орны

564 рет
көрсетілді

Тарбағатай ауданының орталығы – Ақсуат ауылының көркеюі мен өркендеуі ауданымыздың, өңіріміздің, тіпті, еліміздің жылдан жылға дамып, гүлденіп келе жат­қанының бір көрінісі деп білеміз. Кез келген аудан орталығы шеттен келетін меймандар үшін өңірді таныстыратын негізгі елді мекен болып табылады. Соңғы жылдардың бедерінде ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң өзгерістерден бөлек, туған жеріміздің келбеті мен мәдениеті күннен-күнге өзгеріп, түрленіп келеді. Мәселен, Ақсуат ауылында көптеген көшелер асфальтталып, жарық шамдары орнатылды. Ауылдың әр тұсында көз тартарлық көрікті ескерткіштер қойылды. Оның басым бөлігі ел мен жер тарихымен үндес. Елордамыздағы «Бәйтерек» монументінің кішігірім нұсқасы тура ауыл орталығында менмұндаласа, Тарбағатай жерінің қайталанбас рельефінің көрінісі іспетті «Бөрітастаған» ескерткіші алыс жолдан келген жолаушыны аудан орталығына кіреберісте қарсы алады. Қазақтың қадірлі жөн-жоралғысымен, тәуелсіз еліміздің асығы әрдайым алшысынан түссін деген ниетпен Қазақстандағы ең алып асықтың ескерткіші Ақсуат ауылына орнатылды. Сондай-ақ, бір жыл бұрын пайдалануға берілген «Мәңгілік Ел» саябағы ауылымыздың келбетіне, көркіне айналған айрықша нысан екенін айтқымыз келеді. Бұрын аудандық мәслихат, аудандық білім беру бөлімі және аудандық зейнетақы төлеу орталықтары аулаларының кейбір назардан тыс бөлігі қоқысқа толып жататын. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін аудан әкімі Ділдәбек Оразбаевтың тапсырмасымен бұл алаңдар толығымен тазаланып, бүгінде аудан халқының мәдени демалыс орнына айналды. «Мәңгілік Ел» саябағының жалпы көлемі – 2175 шаршы метр. Саябақтың орта тұсында шіліңгір ыстықта маңайына салқын леп сыйлап, көңіліңізді көтеретін субұрқақ орналасқан. Қазіргі заманға сай толығымен жарықтандырылып, абаттандырылған демалыс аймағы, әсіресе, балаларымыз бен неме­релеріміздің көзқуанышына айналып отыр. Мұнда балалардың балғын шағын есте қалдыру мақсатында арнайы доңғалақты пойыз жүреді. Бүлдіршіндерді шағын вагондарына отыр­ғызып алатын жылжымалы пойыз 15 аялдамада тоқтап, жергілікті жер бедерімен таныстырады. Яғни, саябақ аумағындағы әр аялдамаға аудан көлеміндегі географиялық ­атаулар берілген. «Тарбағатай тауы», «Маңырақ жо­тасы», «Бөрітастаған», «Шорға өзені», «Ырғыз­бай ата кесенесі» іспетті ауданның бел­­гілі жер атауларына ие бекеттер балаларды бір жа­­ғынан туған өлкемен таныстырса, екін­ші жа­ғынан шат-шадыман шаттыққа бөлейді. Аталған саябағымыздың «Мәңгілік Ел» атануында терең мән бар. «Отан отбасынан басталады», «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деп халқымыз бекер айтпаған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әлемнің 30 дамыған елінің қатарына қосылуға жетелейтін «Қазақстан-2050» Стратегиясы мен «Мәңгілік Ел» идеясы өзектілігінің бір ұшы өскелең ұрпақты тәрбиелеуде жатыр. Сондықтан, шалғайдағы шекаралық өңірде еліміздің биік мақсат-міндеттерімен қабысқан қабырғалы жобалардың қолға алынуы қарапайым тұрғындарды шын мәнінде қуанышқа бөлейді. Халық игілігі – ортақ қуаныш. Сондықтан, балалардың риясыз көңіліне қанат байлаған жергілікті ел тізгінін ұстаған азаматтарға алғыс айтамыз. Мұқан САХАРИЕВ, Тарбағатай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы. Шығыс Қазақстан облысы.