Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде ел экономикасына инвестициялар тарту шаралары туралы баспасөз мәслихаты өтті. Оған «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ өкілдері қатысты.
«Бәйтерек ҰБХ»-ның жүз пайыз еншілес ұйымы болып табылатын «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ басқарма төрағасы Алмас Ағыбаев пен басқарма төрағасының орынбасары Дәурен Оңаев аталған компанияның ел экономикасына құйған инвестицияларының көлемі жайында айтып берді.
«Қазына Капитал Менеджмент» АҚ соңғы жылдары шетелдік серіктестермен бірлесіп Қазақстанда тікелей инвестициялар нарығын дамытумен белсенді айналысып келеді. Қазіргі таңда жалпы қоржында 13 тікелей инвестициялар қоры, соның ішінде Қазақстанға 300 млрд. теңгеге жуық инвестиция салатын міндеттемесі бар 10 белсенді қор бар», деді А.Ағыбаев.
«Қазына Капитал Менеджмент» АҚ Президенттің бастамасы бойынша 2007 жылдың мамырында құрылған болатын. Оның негізгі қызметі Қазақстанда тікелей инвестициялардың тиімді нарығын дамытуға ықпал ету. «Қазына Капитал Менеджмент» акционер ретінде мемлекетаралық қорларға қатысады. 2013 жылдың тамызынан бері «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ «Бәйтерек» компаниялар тобының құрамында.
2015 жылы қорларға салынатын «Қазына Капитал Менеджмент» инвестициялары 27 млрд. теңгені құраса, 2007 жылдан бастағанда «Қазына Капитал Менеджмент» қызметінің бүкіл кезеңіндегі барлық инвестициялардың 35 пайызын құрады. Осы 2015 жылғы инвестициялардың басым үлесі қазақстандық жобалық компанияларға салынды. Яғни, барлығы 12 жобаға инвестиция салынса, соның ішінде 10 жобаға Қазақстанда инвестиция салынды. Соның нәтижесінде ҚКМ инвестициялық қоржынындағы қазақстандық жобалардың үлесі 65 пайыздан асты.
«Атқарылған жұмыстардың соңғы екі жылында басқарушы холдингтің Қазақстан инфрақұрылымдық қоры, Baiterek Venture Fund, Almex-Baiterek Fund секілді жалпы мөлшері 42 млрд. теңге болатын қорлар құру бастамасын іске асырдық. Барлық стратегиялық портфель ішінен аталған қорлардың үлесі үштен бірін құрайды», деді компания басшысы.
«Қазына Капитал Менеджмент» АҚ-қа қатысатын қорлар қызмет кезеңінде жалпы сомасы 1 млрд. 83 млн. доллар болатын 56 жобаны қаржыландырған. 2016 жылы компания қазақстандық инфрақұрылым қорын аймақтық көлемде кеңейтуге, сондай-ақ, қазақстандық жобаларға инвестиция салудың жоғары қарқынын арттыруға қатысты жұмыстарды жалғастыруды жоспарлап отыр.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».