Атырау облысында да әр деңгейдегі мәслихаттар депутаттығына ұсынылған кандидаттарды тіркеу аяқталды. Облыстық аймақтық сайлау комиссиясының төрағасы Асау Ибрашевтың мәлім етуінше, 134 округ бойынша ұсынылған 433 кандидаттың 414-і тіркеуден өтті. Олардың ішінде облыстық мәслихатқа 27 сайлау округі бойынша ұсынылған 90 кандидаттың 87-сі, ал Атырау қалалық мәслихатына 19 сайлау округінен ұсынылған 65 кандидаттың 62-сі тіркелген. Аудандық мәслихаттарға 278 кандидат ұсынылып, олардың 265-і тіркеліпті. Барлық деңгейдегі мәслихаттарға ұсынылған кандидаттардың арасынан 19 кандидат өз өтініштерін кері қайтарып алған.
Мәслихаттарға ұсынылғандардың арасында 365 (88%) кандидаттың жоғары білімі бар, ал арнайы орта біліммен – 35 кандидат (8%) және орта біліммен – 14 кандидат (4%) сайлау додасына түскелі отыр. Кандидаттардың кәсіби мамандығы туралы айтар болсақ, дәрігер – 21 адам (5%), инженер – 74 адам (17%), білім беру саласының қызметкері – 103 адам (24,9%), заңгер – 42 адам (10%) және басқа мамандықты меңгергендер үлесі 174 (44%) адамды құрайды. Саяси партиялардан 139 кандидат бар, олардың арасында 134 кандидат «Нұр Отан» партиясынан, 3 кандидатты Қазақстан Коммунистік Халық партиясы, екеуін «Ақ жол» демократиялық партиясы ұсынған.
Атырау мәслихаттарының депутаттығынан үміткер кандидаттардың арасында 297 ер адам (72%) және 117 әйел адам (28%) болса, олардың 275-і өзін-өзі ұсыныпты. Кандидаттардың орташа жасы – 44.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
АТЫРАУ.