• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Наурыз, 2016

Ақтөбе аймағындағы алға басулар

364 рет
көрсетілді

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Ақтөбеге келді. Президент алдымен 2014 жылы мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асырылған «Ақтөбе жылыжай» кешеніне атбасын тіреді. Елбасын мұнда өңірдің озат ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен кәсіпкерлері қарсы алды. Елбасы кешенді аралап, көкөніс өсіру технологиясымен танысты. Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаевқа ауыл шаруашылығын дамытудың өңірдегі негізгі бағыттары, соның ішінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі кешенді шаралар туралы баяндалды. Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті об­лыс­тағы ауыл шаруашылығы өнім­дерін өндірушілермен әңгі­ме­лесті. Нұрсұлтан Назарбаев ғы­лы­ми тәсілдерді қолданудың маңыз-ды­лығына айрықша назар аудара оты­рып, ауыл шаруашылығы сала­сының өнімділігін арттыру қажет­тігін айтты. Мемлекет басшысы планета хал­қының көбейіп келе жатқанына байланысты аграрлық сала өнім­деріне ұдайы сұраныс болаты­нына тоқталды. Сондықтан, ауыл шаруашылығы тауарларын өн­дірушілерді Қазақстан Президенті мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді толық пайдалануға, өндіріске жаңа технологиялар енгізуге және озық халықаралық тәжірибелерді игеруге шақырды. Нысанды аралау барысында облыс басшысы Бердібек Сапарбаев Елбасына аймақта азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге байла­нысты қолға алынып жатқан жұмыстар туралы айтты. – 2016 жылдың қаңтар айында Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қос­та­най облыстарының әкім­дері және «InalcaEurasia» транс­ұлт­тық компаниясы арасында құны 100 млн. еуро инвестиция са­латын ет өндіретін мал шаруа­шы­лығында аймақаралық коопера­ция қалыптастыру жөнінде келі­сім­шартқа қол қойылды. Жалпы қуаттылығы 44 мың малға есептелген бордақылау алаңын құру және облыстағы ет комбинатының қуаттылығын 20 мың тонна ет және ет өнімдерін өңдеуге дейін жет­кізу жөнінде нақты келісім­шарт­тар жасалды, – деп атап өтті Б.Сапарбаев. Аймақаралық кооперация аясында күні кеше қызылордалықтар арзан күріші мен балығын ақтө­бе­ліктерге ұсынды. Бұл бастама ал­дағы уақытта жалғасын табады. Нау­рыз айында Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының кә­сіп­­керлері Ақтөбеге келеді деп күті­луде. Өңір басшысының айтуынша, оңтүстік аймақтардан 70 тонна кө­көніс тікелей жеткізілген. Олардың барлығы импорт тауарларды алмас­тыру, бағаны тұрақтандыру және жергілікті тауар өндірушілерді қолдау мақ­сатында жасалып жат­қан қадам­дар болып табылады. Сонымен қатар, Б.Сапарбаев Мемлекет басшысына облыста өңделетін ет көлемін биыл 20 мың тоннадан 28 мың тоннаға дейін, сүтті 146 мыңнан 162 мың тоннаға дейін, суармалы жерді 12 мың гектардан 18,6 мың гектарға дейін көбейту көзделіп отырғанын жеткізді. Сондай-ақ, шағын ферма құру жөніндегі қанатқақты жоба іске қосылды, аталған жобаны жүзеге асыру үшін 2,5 млрд. теңге қарастырылған, 1200 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Елбасы көкөніс өсіру технологиясымен танысты. Жабық жерде көкөніс өндіретін жылыжай кешені жалпы ауданы 3 гектар аумақта орналасқан. Жобалық қуаты жылына 1500 тонна көкөніс өндіруге лайықталған. Ал өңір басшысы сөз орайында мал биржасын ашу жос­парда бар екенін мәлім етті. Елбасы жылыжай жұмысымен танысып шыққанда оны облыстың бір топ кәсіпкерлері күтіп тұр еді. Нұрсұлтан Әбішұлы олармен жылы жүзбен амандасып, ортақ әңгімеге шақырды. – Хал-жағдайларыңыз қалай, дағдарыс қалай әсер етіп жатыр? – деген Президенттің сауалына ең алдымен «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» облыстық филиалының директоры Гүлжанат Ерғазина: «Былтыр 833 адамға несие бердік, олардың 99 пайызы несиелерін қайтарды, халықтың кәсіпкерлікке деген бетбұрысы жақсы», – деп жауап қайтарды. Ал ауыл шаруашылығының дамып келе жатқанын, саланы дамытуға Үкіметтің қолдауы туралы «Степной» ЖШС директоры Аманғос Төлеуов, «Парижская коммуна XXI» ЖШС директоры Гарик Тертарян әңгімеледі. «Мен Ырғыз ауданынан келіп тұрмын. 1990 жылдары Сіздің шаруашылық құрылымдарын жекешелендіру жөніндегі тап­сыр­маңызға сәйкес жер алып, «Наурыз-СИМ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрдық. Бастапқы кезде қиындықтар болды. Жалақы төлей алмай, өнімдеріміз өтпей, көп кедергілерге тап болдық. Сіз­дің көреген саясатыңыздың арқа­сында барша қазақстандық шаруа­лар сияқты біздің жағдайымыз түзеле бастады. Ескі ет комбина­тын сатып алып, мал сою цехын іске қостық. Ауылдастардың ма­лын өткізетін орынның жоқ екенін ескеріп, биыл 3000 басқа арнал­ған мал бордақылау алаңын аштық. Мақсатымыз – халықты жұмыс­пен қамту және облыс тұрғын­дарын етпен қамтамасыз ету, етті экспортқа шығару», – деді «Нау­рыз-СИМ» жауапкершілігі шек­теулі серіктестігінің директоры Ибрагим Сәрсенбаев. Елбасы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен емен-жарқын әңгімелесіп, саланы дамытудың өзекті проблемаларын алға тартты. Жылыжай кешені және об­лыстағы ауыл шаруашылығы да­муының қысқаша нәтижелерімен танысқан Нұрсұлтан Назарбаев өңірдегі ауыл шаруашылығы кә­сіп­орындарының жетек­ші­лерімен кездесті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың облысқа сапары бүгін әрі қарай жалғасатын болады. Мемлекет бас­шысының «Жастық! Жігер! Еңбек!» атты республикалық жас­тар форумына қатысуы жос­пар­ланған. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.