Сенат бюросында палатаның кезекті отырысының күн тәртібі келісілді, деп хабарлады Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.
Сенаторлар Ақпарат саласындағы қылмыстық әрекетке қарсы іс-қимыл бойынша Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылы туралы хаттаманы; құқықтық актілер туралы; заңнамаға құқықтық актілер мәселелері бойынша түзетулерді; төрелік туралы; тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы; теміржол жолаушылар көлігі мәселелері бойынша заң жобаларын талқылайды.
Заңнамаға төрелік мәселелері бойынша; тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу мәселелері бойынша; рұқсат беру құжаттарын қысқарту және рұқсат беру рәсімдерін оңайлату мәселелері бойынша; мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша; ғарыш қызметі мәселелері бойынша; мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша түзетулер бірінші оқылымда талқыланады. Депутаттар заңнамаға экологиялық мәселелер бойынша және халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша түзетулерді екінші оқылымда қарайды.
Бюрода, сондай-ақ, «Бір жағынан, Қазақстан Республикасы мен екінші жағынан, Еуропалық одақтың және оған мүше мемлекеттердің арасындағы кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетіне беру жөнінде қаулы қабылдады.