Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Макдоналдс» жылдам әзірленетін тағам мейрамханасына барды, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысы «Макдоналдс» корпорациясының Қазақстандағы алғашқы кәсіпорны жұмысымен танысып, еңбек ұжымымен әңгімелесті.
Мейрамхана ауданы 863 шаршы метр аумақты алып жатыр, келушілер үшін отыруға лайықталған 206 орын бар. Оны безендіруге жаңа тұжырымдарға негізделген дизайндар, сондай-ақ, келушілерге қызмет көрсетудегі ең заманауи жүйелер қолданылған.
Компанияның екінші мейрамханасын да 2016 жылы ашу жоспарланған, ал таяу бес жылда тағы 15 мейрамхана ашу көзделіп отыр.
«Макдоналдстың» Қазақстандағы мейрамханаларына азық-түлік сыннан өткен өнім жеткізушілерден келетін болады. Сонымен бірге, жергілікті өндірушілер базасын дамыту жұмыстары жалғасуда.
Мейрамхананың Астанадағы ресми ашылу рәсімі 8 наурызда өтті.
* * *
«Макдоналдс» – қоғамдық тамақтандыру және жылдам қызмет көрсету саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі. Әлемнің 120 елінде компанияның 36 мың кәсіпорны келушілерге қызмет көрсетеді.