Қазақ және түрік баспасөзі «Қазақ елі» деп аталатын жаңа басылыммен толықты.
Ыстамбұлда жарық көрген бұл журналдың алғысөзінде Қазақ-түрік білім және зерттеу қауымдастығының президенті Серкан Дінчтүрік: «Құрметті оқырмандар, Қазақ-түрік білім және зерттеу қауымдастығының бастамасымен жарық көрген «Қазақ елі» атты журналымыз қазақ және Түркі әлеміне пайдалы болуына тілектеспін... Бұл басылым қауымдастығымыздың іс-шараларын, қоғамдық өмірде болып жатқан жаңалықтарын құрметті оқырмандарға жеткізіп, арамыздағы жетістіктерді таныстыра отырып, мәдениетімізден де үзінділер ұсынатын болады. Түрік әлемінде болып жатқан күнделікті жаңалықтарды да зерттей отырып, сіздерге жеткізеді», – деді.
Айта кетейік, журналдың алғашқы санында Еуразия Ұлттық университетінің журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры Намазалы Омашевтың «Қазақ елі», Қазақстанның Түркиядағы елшісі Жансейіт Түймебаевтың Қазақстан мен Түркияның байланыстары туралы, Қазақ-түрік білім және зерттеу қауымдастығының құрметті төрағасы Якуп Жанның «Мақсатымыз Қазақ еліне лайықты жастар тәрбиелеу», Еуразия түрік қауымдастығы федерациясының төрағасы Исмаил Женгиздің «Түркі әлемінің жарқын келешегі», Хызырбек Гайреттулахтың «Көш», Құддус Чолпанның «Зуқа батыр» деген мақалалары жарияланған.
Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ.