• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Наурыз, 2016

Аналарға арналған төсбелгі

421 рет
көрсетілді

Биыл Барқытбел бауырында ана­ларға айрықша құрмет көрсетіліп, «Тарбағатайдың алтын анасы» төсбелгісі тап­сырылды. Шы­ғыстың шека­ралық шалғай өңірінде елге еңбегі сіңген, тәрбиелі ұл мен өнегелі қыз өсірген аналар қауымына арналған айрықша төсбелгіні аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев табыс етті. Батыр аналардың балалары «Туған жерге – тағзым!» акциясы бойынша өздері өскен өңірдің өркендеуіне үлес қосып келеді. Ерекше марапатты осы өңірдің ыстығына күйіп, суығына тоңып, шыңдалып өскен азаматтарды тәрбиелеген аналарға деген құрмет ретінде қабылдаса болады. Ананың аялы алақанымен алғадай азаматқа айналған олар туған жерлерін ұмытпай, бірі ауыл көшелерін асфальттаса, тағы бірі жарықтандыру жұмыстарын жүргізіп, басқа да әлеуметтік мәселелердің шешімін табуға көмек қолдарын созып жүр. Осының арқасында аудандық бюджеттен 22 миллион теңге үнемделді. – Алып та, ақын да, ғалым да анадан туады. Біз ауданымыздағы аналар мен әжелерімізге құрмет көрсету мақсатында аталған төсбел­гіні ұсынып отырмыз, – деді аудан әкімі Ділдәбек Оразбаев. Жәнтікей ауылының тұрғыны Тыныштық Айтжанова 33 жыл бойы физика пәнінен сабақ берді. Қазір 8 бала өсіріп, 14 немере сүйіп отыр. – Балалардың бос уақытын тиімді пайдалануға, көңілі сүйген ісімен айналысуына мүмкіндік бердік, – дейді «Алтын алқа» иегері. Бұл әулеттің балалары 1,5 миллион теңгеге мектептің бір сыныбын жөндеуден өткізіп, жаңа құрал-жабдықтар алып берген екен. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы.