Шаһарда 20 мың шаршы метрге жуық алаңда гүлзарлар пайда болмақ
Көкшетау қаласындағы «Зеленстрой» және «Жасыл Ел НС» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері биылғы көктемнен өндіріс ауқымын кеңейтуге ниетті. Жер жібіп, күн жылынысымен қаурыт жұмыстар қолға алынып, қала аумағында 20 мың шаршы метр алаңда жұпар иісті гүлзарлар пайда болады. Сонымен қатар, қосымша 5 мың шаршы метр аумақта көк өскіндер егу де қамдастырылған.
Бұл орайда, барлық өскін мен көкжелек қала көркін аша түсер жоғары талғаммен таңдалуда. Әсіресе, қала қақпасы саналатын теміржол, әуежай, автобекет пен мәдени-көпшілік орындар алдындағы алаңдар алуан түрлі гүлдермен көмкерілу жайы назарға алынды. Бұл мақсатта өскіндердің жеткілікті қоры қамтамасыз етіледі.
Өткен жылы «Зеленстрой» серіктестігі 12 мың шаршы метрге гүл өскіндерін отырғызған еді. Әйткенмен, өңір басшысының тапсырмасымен күз айларында, тағы да 4 мың шаршы метрге балауса гүлдер мен көк кілемдердің отырғызылғандығын айта кеткіміз келеді. ЖШС биылғы міндетті де орындап шығатыны даусыз. Оған «Зеленстройдың» 2600 шаршы метрлік жақсы жабдықталған өскіндер жылыжайы мен өз ісіне берілген мамандары толық негіз бола алады. Жалпы, аталған ұжым соңғы екі жылда 82 миллион теңгенің 1650 мың түп гүл мен жасыл желек көшеттерін отырғызды.
Сондай-ақ, «Жасыл Ел НС» ЖШС 2015 жылы 500 түптен астам саялы ағаш пен 4 мың шаршы метрлік гүл алаңын отырғызуды қамтамасыз еткен. Серіктестік алдағы жылдары өндіріс алаңының ауқымын 10 мың шаршы метрге жеткізуді жоспарлап отыр.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.
Суретті түсірген