• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
10 Наурыз, 2016

Жүзінен шуақ төгілген

350 рет
көрсетілді

Кейде кескін-келбеті мен жүріс-тұрысы, мінезі мен адами қасиетінің жаныңа жақын болғаны сондай, өзіңе көптен етене таныстай көрініп жүретін адамдар болады. Әдетте, мұндай кісілер қаншалықты жоғары лауазымды қызмет атқарғанымен, қарапайым да жайдары жүзінен танбай, жан-жағына жылы шуағын шашып, төңірегін шапағатына көмілдіріп жүреді. Мен білетін сондай толымды тұлғаның бірі – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқу және оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Гауһар Алдамбергенова. Ол Сырдың бойындағы Жа­лағаш деген аудан орталығында бір қауым елге сыйлы болған Төремұрат деген қарияның отбасында бойжетіпті. Осы ша­ңырақта Ақбөпе атты аяулы анадан өмірлік өнеге алыпты. Ата мен ананың берген тәлімді тәрбиесінің арқасы шығар, бір үйдегі үйелменді-сүйелменді 4 ұл мен 4 қыздың бәрі жоғары білім алып, өмірден өз орындарын тауыпты. Және бір таңғаларлығы, ағайындылардың көпшілігі білім-ғылым саласына бет бұрып, салада айтарлықтай жетістіктерге жетіп жүр екен. Менің бұлардың ең кенжесі – біздің кейіпкеріміз Гауһар Төре­мұратқызын жақыннан тани бас­­тағаныма 5-6 жылдай уақыт болыпты. Рас, бір қарағанда, қа­тал­дау болып көрінетіні де бар екен. Бірақ мұнысы өзіне қа­пысыз жарасатын. Себебі, білім-білігінің жоғарылығы көп ұзамай аңғарылып қалатын, парасат-пайымы биік екені де білініп тұра­тын. Осыған қарап-ақ біз сөз етіп отыр­ған қайраткердің әділдіктің адамы екенін ұғынуға болар еді. Ал осы оқу орнына келіп, қыз­мет ете бастаған жылдарымнан бері оқу және оқу-әдістемелік жұ­мыс жөніндегі проректордың өзінің лайықты орнындағы тұлға, ұй­ым­­дастырушылық қабілетінің өте жоғары, ұжымның жанашыр бас­­шы­ларының бірі екенін біле түстім. – Мен Гауһарды адам ретінде де, ұстаз ретінде өте жоғары ба­ғалаймын. Ол оқу орнындағы оқу үдерісін ұйымдастырып отыруда орасан зор жұмыстар атқарады. Кісімен тіл табыса алатын да қа­сиеті бар. Ол алдына келген бар­лық адамның мәселесін шешіп бере алмауы мүмкін, бірақ кімді де болса жылы сөзімен қарсы алып, шығарып салып тұратын қасиеті оны қашанда жақсы адам, жақсы басшылар қатарынан көрсетіп келеді, – дейді ол туралы академия профессоры, белгілі жазушы-драматург Дулат Исабеков. – Гауһарды бұрыннан танимын. Сонда байқағаным, ол қашаннан студенттердің үл­кен жетекшісі сияқты. Үнемі солар­дың жағдайын жасап жүре­ді. Өз ай­наласындағыларға ешқан­дай қысым жасамайды, бәрін ақыл-парасатпен шешеді. Ұйым­дастырушылық қабілеті өте зор. Білімді. Ол сонымен бірге, ба­рын­ша таза, адал адам болуымен де көптің құрметіне бөленіп жүр, – дейді академияның келесі бір профессоры, белгілі режиссер Есмұ­хан Обаев. Еңбегін сәтті қорғағаннан кейін 2000 жылдың қарашасында оған педагогика ғылымдарының кан­дидаты ғылыми дәрежесі бе­рілді. 2008 жылы Абай атын­дағы ҚазҰПУ-ға «Жалпы педаго­гика» мамандығы бойынша док­торантураға түсті. 2010 жылы арнайы диссертациялық кеңесте «Қазақ халық педагогикасында қыздарға моральдық-этикалық тәрбие беру» тақырыбы бойынша докторлық диссертация қорғады. 2011 жылдың желтоқсан айында ғалымға педагогика мамандығы бойынша профессор атағы берілді. Гауһар Алдамбергенова бү­гінде 80-нен астам ғылыми ең­бектің авторы. Олардың арасында нөлдік емес импакт-факторы бар, шетелдік баспаларда жарық көрген жарияланымдар да жетерлік. Біз білетін Гауһар Алдамбергенова өзін алдына әрдайым биік мақ­саттар қойып, соған жету жолында іздену мен еңбектенуден талмайтын биік мұраттардың адамы ретінде көрсетіп келеді. Оның мұндай өнеге тұтарлық қастерлі қасиет­терінен өзі қызмет етіп келе жатқан ұжым ұтпаса, әсте ұтылған емес. Жаңагүл СҰЛТАНОВА.