Кеше Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос шетелдегі сайлау учаскелерінің жұмысын ұйымдастыру мәселелері жөнінде брифинг өткізді.
Төраға орынбасарының сөзіне қарағанда, 2016 жылғы 20 наурызда партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттары сайлауында, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттары сайлауында дауыс беру, жалпы алғанда, 9 840 сайлау учаскесінде өтеді. Дауыс беру күні Қазақстаннан тыс жерде болатын азаматтар да өздерінің сайлауға қатысу құқығын іске асыра алады.
«Ол үшін шет мемлекеттердегі Қазақстан Республикасы өкілдіктерінің жанында Сыртқы істер министрлігінің аумағындағы сайлау округіне қатысты сайлау учаскелері құрылады, – деді В.Фоос осы мәселеге байланысты. – Сайлау заңнамасына сәйкес шет мемлекеттердегі Қазақстан Республикасы өкілдіктерінің жанындағы сайлау учаскелері бойынша сайлаушылар тізімдеріне тиісті шет мемлекетте тұратын немесе ұзақ мерзімді іссапарда жүрген және Қазақстан азаматының төлқұжаты бар барлық азаматтар енгізіледі. Сонымен қатар, еліміздің шет мемлекеттерде жеке шақыру бойынша, қызметтік, іскерлік және туристік сапарларда жүрген азаматтары, олар учаскелік сайлау комиссиясына жүгінген және Қазақстан Республикасы азаматының төлқұжаты болған жағдайда, сайлаушылар тізімдеріне енгізіледі».
Төраға орынбасары брифингте 2016 жылғы 4 наурыздағы жағдай бойынша түрлі шет мемлекеттердегі консулдық есепке Қазақстан Республикасының 14 мыңнан астам азаматы қойылғанын да атап өтті. «51 шет мемлекеттегі Қазақстан Республикасы өкілдіктерінің жанында 65 сайлау учаскесі құрылды, 25 учаске Азия елдерінде, 4-еуі Оңтүстік және Солтүстік Америкада, 1-еуі Африкада, 20-сы Еуропада, 15-і ТМД-да. Ал шетелдік учаскелерде Қазақстан Республикасының азаматтары партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттарын сайлауда ғана дауыс бере алады», – деді төраға орынбасары В.Фоос.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».