Орталық сайлау комиссиясы 2016 жылғы 20 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауға халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттен тағы 37 байқаушыны аккредиттеді.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Марат Сәрсембаевтың мәлімдеуінше, 9 наурызда Орталық сайлау комиссиясы «2016 жылғы 20 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына және мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауына халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттің байқаушыларын аккредиттеу туралы» қаулы қабылдады. Осы құжатқа сәйкес Ортсайлауком Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша сайлауды байқау жөніндегі екі миссиядан, бір халықаралық ұйымнан және бір шет мемлекеттен тағы 37 байқаушыны аккредиттеді.
«Олардың ішінде: ТМД-дан байқаушылар миссиясынан 19 байқаушы, ШЫҰ миссиясынан 8 байқаушы, Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясынан 7 және Украинадан 3 байқаушы бар, – деді М.Сәрсембаев. – Осылайша, 2016 жылғы 9 наурыздағы жағдай бойынша Ортсайлауком үш халықаралық ұйымның миссияларынан (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ, ТМД және ШЫҰ), екі халықаралық ұйымнан (Ислам ынтымақтастығы ұйымы және Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы) және он шет мемлекеттен 345 байқаушыны аккредиттеді. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 2016 жылғы 3 наурыздағы жағдай бойынша 28 мемлекеттен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының 116 өкілін аккредиттеді».
Ортсайлауком шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеуді 2016 жылғы 14 наурызға дейін жүзеге асырады. Сонымен қатар, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 12 және 37-баптарына сәйкес Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауға 451 сайлау бюллетені дайындалатынын белгіледі.
Сондай-ақ, ОСК Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлау жөніндегі сайлау бюллетенінің мәтінін бекітті. Бюллетеньдер Астана қаласының сайлау комиссиясына 2016 жылғы 19 наурыздан кешіктірмей жеткізілуі тиіс.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».