Өскемен қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің түлегі Оңтүстік Кореяның беделді оқу орындарының бірінің грантын жеңіп алды. Сеул Ұлттық университетінде білім алуға ресми түрде шақырту алған Аяужан Ахмадиева корей елінде «Бизнесті басқару» мамандығын меңгермек.
– Бұл мен үшін қуанышты жаңалық болды. Өйткені, Кореяда оқуды мектеп қабырғасында-ақ армандаған едім. Бұл да ел егемендігінің арқасы, – дейді ол.
Корея Республикасы Үкіметінің арнайы грант байқауына қатысқан Аяужан бір орынға 25 адамнан келетін алғашқы турда өзін таныстырып, мінездеме хат пен марапаттамаларын ұсынса, келесі кезеңде комиссия мүшелерінің үміткермен сұхбат жүргізгенін айтады. Ал шешуші кезеңде кореялық жоғары оқу орны тарапынан талапкердің барлық құжаттары қарастырылды. Өскемендік бойжеткен өткен жылы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебін «Алтын белгімен» тәмамдаған болатын. Шетелде білім алуға ұсыныс түскенге дейін Астанадағы Назарбаев Университетте білім алды. Сеул қаласындағы оқуына 1 наурыздан бастап кірісетін Аяужанның айтуынша, шақырушы тарап қазақстандық студентті тегін оқумен қатар, баспана және шәкіртақымен қамтамасыз етпек. Сондай-ақ, Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы ұшақтың жолақы құнын да өтейді.
Аталған білім ордасы ағылшын тілінде оқытады. Ал Аяужанның шет тілін меңгеру деңгейін халықаралық IELTS емтиханын 6,5 балға тапсырғанынан көруге болады. Оқу ережесі бойынша студент алғашқы жылды корей тілін меңгеруге арнайды. Алматы қаласындағы жұмыс сапары аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әлемдегі үйренуге тұрарлық тілдердің бірі корей тілі екенін атап айтқан еді. Сеул ұлттық университеті Кореяның ең ірі жоғары оқу орны және әлемнің 50 іргелі жоғары оқу орындарының санатына енген.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.