• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
10 Наурыз, 2016

Жол тарам болса да мақсат ортақ

277 рет
көрсетілді

Еліміздегі Парламент Мәжілісі және барлық дең­гейдегі мәслихаттар сайлаулары науқанына Жалпы­ұлттық социал-демократиялық партияның да қа­тысып жатқаны белгілі. Олардың Мәжіліс депу­тат­тығына 23 үміткер ұсынғаны да баршаға мәлім. Олар жер-жерде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп келеді. Партияның Мәжіліс депутаттығына кандидат етіп ұсынған төрт белсендісі – экономика ғылымдарының докторы Жангелді Шымшықов, «Кенесары хан» қоғамдық қорының жетекшісі, партия мүшесі Уәлихан Қайсаров, блогер Аслан Құрманбаев және партияның Қостанай облыстық филиалының төрағасы Сергей Богатырев Қостанай облысы жұртшылығымен кездесті. Кездесу алдында Қостанай облыстық филиалы сайлаушыларға партияның «Социал-демократ» газеті мен сайлауға шақырған үнпарақтар таратты. Партия белсендісі, Мәжіліс депутаттығынан үміт­кер Жангелді Шымшықов алды­мен сөз алды. Ол еліміздегі сайлау нау­қанына қатысып жатқан саяси партия­лардың қай-қайсысы да қоғамның дамуын, мемлекеттің өсіп-өркендегенін көздейтінін және «билікке батырып ай­тамыз» дегенмен де биліктің де, Жал­пыұлттық социал-демократиялық партияның да илегені бір терінің пұшпағы екенін атап өтті. Ол Қазақстан және дүниежүзі эко­но­микасындағы қалыптасып отырған жағдайға шолу жасады. Шешен эконо­ми­кадағы шикізат өндірудің үлесін азайтып, өңдеу саласын дамы­туға көп мән беру керектігін айтты. Өң­деу кәсіпорындарын дамытудың арқа­сында үлкен табысқа жетуге болатынын көлденең тартты. Бірақ мұны айтуға оңай болғанымен, жүзеге асыру үшін көп күш-жігер жұмсау керек бола­тынын да жасырмады. Сонымен қатар, Жангелді Ерденұлы әр мемлекет үшін экономиканың басымдық бере­тін саласы, тіпті, өндіретін өнім түрі бо­луы керектігін айтты. Қазақстан үшін басымдық берілетін сала ауыл шаруа­шылығы, яғни мал, егін екенін білдірді. – Ұлан-ғайыр жер мал шаруашылығын да,   егін шаруашылығын да дамытуға мол мүм­кіндік береді. Ауыл шаруашылығы өнім­дерін сыртқа шикізат күйінде сат­пай, өңдеу ісін дамыта беруіміз керек, – деді Ж.Шымшықов. Мұнан кейін сөз алған блогер А.Құрманбаев еліміздегі құқық қорғау, сот жүйесіндегі ашықтық пен мөлдірлікті әлі де дамыта түсу керектігіне тоқталды. Ал партия белсенділерінің бірі У.Қайсаров алдымен залда облыстық ішкі істер басқармасының басшысы Жанділда Мақановтың, тағы басқа да әкімшілік қызметкерлерінің отырғанын байқап, «бұл – демократияның көрінісі» деп ризашылық білдірді. Мұнан кейін Жалпыұлттық социал-демократиялық партия белсенділері мен қостанайлық сайлаушылар арасында экономика, әлеуметтік мәселелер жөнінде сұрақ-жауап әңгіме өрбіді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.