Қазақстан Коммунистік халық партиясының (ҚКХП) сайлауалды үгіт-насихат штабының белсенділері Халықаралық әйелдер күні мерекесі күндері де тынымсыз жұмыс істеді. Соның ішінде жастар қанатының белсенділері ардагер аналарды ашық аспан астында құттықтап, оларға қуаныш сыйлады.
Бұл құттықтау Алматының «Сарыарқа» кинотеатры маңындағы саябақта болды. Жастар осы жерге шақырылған ардагер аналарға өз өнерлерін көрсетті, ән айтып, би биледі және шахматтан жарыс ұйымдастырды. Шағын концертте ардагерлерге танымал әндер шырқалып, олардың жастық шақтарын еске түсірді.
Құрметті қонақтарды ҚКХП республикалық сайлауалды штабының мүшелері Галина Баймаханова мен Магеррам Магеррамов та құттықтады. Партияның Алматы қалалық комитетінің жетекшісі Магеррам Магеррамов ардагерлердің арқасында жер бетінде бейбітшілік пен тыныштық орнап отырғанын айтты. Сондықтан жастар ардагерлердің соғыс тылындағы және одан кейінгі еңбектегі ерліктеріне тәнті екенін атап көрсетіп, оларға денсаулық, мейірім және туған-туысқандарының махаббатын тіледі.
«Құрметті ардагерлер, сіздерді көктемнің шуақты мерекесімен құттықтай отырып, өздеріңізге Ұлы Отан соғысы кезіндегі ерліктеріңіз бен ерен еңбектеріңіз үшін ризашылығымызды білдіреміз. Сіздердің қаһармандықтарыңыздың арқасында біз қазіргі бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүріп жатырмыз», – деді ол.
Депутаттықтан үміткер Галина Баймаханова партиялас әріптесінің сөзін қостай келіп, ардагерлердің әлеуметтік мәселелерін шешуге басымдық берілетінін баяндады. «Сіздердің коммунистік идеяның жалғастырушылары ретінде бізге деген көңілдеріңізді жоғары бағалаймыз. Сіздер біз үшін қаһармандар және Отан қорғаушылар ғана емес, бүгінгі таңда біз насихаттап жүрген құндылықтар мен коммунистік партия құрған социалистік дәуірдің тірі куәгерісіздер. Сіздерге өздеріңізді толғандыратын мәселелерді шешуге ыждағаттылық танытуға және жақсы өмір сүруге жайлы жағдай жасауға уәде береміз», – деді Галина Баймаханова.
Ал мереке күнінің қарсаңында Астана қаласында жаңа жастар тобы ҚКХП қатарына қабылданды. Оларға партиялық билеттер салтанатты жағдайда республикалық сайлауалды штабының үйінде тапсырылды. Штаб жетекшісі, V сайланған Мәжіліс депутаты Айқын Қоңыров бүгінгі салтанат жас коммунистердің есінде мәңгі қалатынына үміт білдіретінін айтты. Бүгін жастар адамзат үшін ең озық гуманитарлық идеяларды таратушы және оны іске асыруға тырысушы партияның қатарына өтіп отыр. Сондықтан бұл күн олардың есінде мәңгілік қалуға тиіс, деді ол.
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан».