Бүкіл әлем Халықаралық әйелдер күні мерекесін атап өткен күні таңа ата Атырауға «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызы маңдай тіреді. Пойыз құрамындағы әр сала өкілдерін облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан бастаған жергілікті билік өкілдері қарсы алды.
Теміржол вокзалы алдында «Ән шеру» атты патриоттық әндер шырқалып, шағын митинг те өткізілді. Онда «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызының штаб жетекшісі Әміржан Әлпейісов ел өңірлерін аралаудағы мақсаттың негізгі басымдықтарына тоқтала келіп: «Біздің пойыздың құрамында 30-ға тарта медицина қызметкері бар. Олар тек қабылдау жүргізіп қоймайды, сонымен бірге, жолдама береді. Квота алу мәселесіне де көмектеседі. Олардың арасында жергілікті жерде кездеспейтін кардиологтар, онкологтар, балалар дәрігерлері бар. Бұлардың бәрі де шетелдерде тағылымдамадан өткен, жаңа технологиялармен жұмыс істеуді меңгерген, қазір Астана мен Алматыдағы клиникалар мен ғылыми орталықтарда жұмыс істейтін білікті мамандар. Пойыз құрамында осылар секілді әр салалық министрліктердің білікті мамандары да кеңес береді», – деп мәлім етті.
«Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызы құрамындағы салалық министрліктер өкілдері топ-топқа бөлініп, өздеріне жүктелген міндеттерін атқаруға кірісті. Мәселен, 30-ға жуық білікті маманнан құралған дәрігерлер тобы «Теміржол госпиталі» АҚ ауруханасында әртүрлі сырқаты бар жергілікті тұрғындарды қабылдап, кейбіріне дәрігерлік кеңестер берді. Ал пойыз жетекшісі Ә.Әлпейісов бастаған топ Атырау мұнай және газ институтының студенттер сарайына жиналған өңір жастарымен жүздесті. Мұнда жоғары оқу орындарында оқитын студент-жастардың қатысуымен «Менің жетістіктерім –Тәуелсіздік жетістіктері» атты акция өтті.
– Ата-бабадан қалған ұлан-ғайыр Ұлы Дала елінің келешегі ұлттық құндылықтарынан тәлімді тәрбие алған білімді, білікті жастарымыздың белсенділігімен кемелдене түседі. Шүкір, еліміз тәуелсіздік алғалы бері жан-жақты өркендеп, әлемге танылды. Соның ішінде, жастарымыздың шетелдердегі таңдаулы университеттерде білім алуына да кең жол ашылды, – деді «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызының жетекшісі Ә.Әлпейісов. – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ұстанар басты саясаты – елімізді әлемдегі дамыған 30 елдің құрамына қосу. Бұл үшін, әрине, отандық экономиканы әртараптандыра өркендете беру болса, оған жастардың да қосатын үлесі мол болуы тиіс.
Мұнайлы өңірдегі 17 этномәдени бірлестіктің бас қосатын ортақ шаңырағына айналған Достық үйінде мемлекеттік этносаясат мәселелері мен қоғамдық келісімді, төзімділік мәдениетін және ұлтаралық қатынастарды қалыптастыру мәселелері бойынша семинар-тренинг өтті. Этномәдени бірлестіктердің қатысуымен «Мәңгілік Ел – Болашағы біртұтас ұлт» атты лекция-таныстырылымның маңызы тіптен айрықша деуге болады. «Қазақстан – көпэтносты бір шаңырақ астында тоғыстырған, сонымен бірге, бірлігі мен достығы нығайған мемлекет» деп өңірдегі этномәдени бірлестіктер өкілдерімен кездесуде ой түйіндеген әлеуметтік пойыз жетекшісі Ә.Әлпейісов Атырау облысының кітапхана жүйесіне ондаған кітапты тарту етті. Оның ішінде сирек кітаптар да бар.
– Мұндай кітаптар еліміздің тарихын, Қазақстанды мекен еткен өзге де этностар тарихын тереңірек білуге мүмкіндік береді, – деді ол.
Сонымен бірге, әлеуметтік пойыз құрамындағы салалық министрліктер өкілдері зиялы қауыммен де, іскер топ өкілдерімен де ақжарма кездесулер өткізді. Мәселен, жұмысқа орналасу мен әлеуметтік әріптестік, мемлекеттік қызмет ұсыну мәселелері бойынша кеңес, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру бойынша тапсырыс берушілермен семинар ұйымдастырылды. Ә.Әлпейісов мәлім еткендей, «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызының өңірлерді аралаудағы мақсаты – халықтың мәселелерін шешуге атсалысу.
Кеше «Мәңгілік Ел» әлеуметтік пойызы Мақат ауданында кездесулер өткізіп, Ақтөбе облысындағы Шалқар ауданына аттанып кетті.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
АТЫРАУ.
Суретті түсірген
Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ.