АСТАНА. 10 наурыз. Сирияның Хама провинциясында үкімет әскері арнайы операция кезінде атышулы «Джебхат ан-Нусра» лаңкестік ұйымына мүше 70 содырдың көзін жойды. Бұл туралы РИА «Новости» ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
SANA агенттігінің хабарлауынша, үкімет әскері провинцияның бірнеше елді-мекенін басып алған «Джебхат ан-Нусра» лаңкестік ұйымына қарсы шабуыл жасаған. Операция кезінде әскерилер пулемет қаруымен жабдықталған төрт машина және бір құрышты автомобильдің тас талқанын шығарды.
Айта кетейік, осыдан бір апта бұрын Хама провинциясында аты аталған экстремистік топ әскери бекеттерге шабуыл жасаған. Тойтарыс берген үкімет әскері 28 содырдың көзін жойды. Ал елдің солтүстік-шығысында «Ирак пен Левант» лаңкестік ұйымының экстремистері электр станциясын басып алып, тасжолды жауып тастаған.
Сирияда Башар Асад үкіметі мен оппозициялық күштердің арасында бейбіт келісім орнады. Алайда, бұл келісімнің күші аты аталған лаңкестік топқа жүрмейді.
Аян Әбдуәли.
Дерек: РИА «Новости».
Сурет: news.mail.ru.