Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова БҰҰ Әйелдер ахуалы жөніндегі комиссиясының 60-сессиясына қатысу үшін Америка Құрама Штаттарына барды, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.
Г.Әбдіқалықова онда әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктері аясын кеңейту мәселелері жөнінде баяндама жасайды деп жоспарланған.
Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы 10-12 наурыз аралығындағы сапары аясында Вашингтонда АҚШ-тың ресми адамдарымен, іскер топ өкілдерімен және сараптамалық қоғамдастық өкілдерімен бірқатар кездесу өткізеді. Атап айтқанда, АҚШ-тың Әйелдердің жаһандық проблемалары жөніндегі елшісі К.Рассэллмен, «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқып жатқан қазақстандық студенттермен кездесуі көзделген. Бұдан бөлек, Мемлекеттік хатшы «Жанды дауыстар» жаһандық әріптестігі» халықаралық үкіметтік емес ұйымының гала-қабылдауында болып, аталған ұйымның президенті Э.Нельсонмен кездеседі және «Жаһандық көшбасшылық жолындағы марапат» сыйлығы лауреаттарын марапаттау рәсіміне қатысады.
Мемлекеттік хатшының Вашингтонға сапары Ақ үйдің, Мемлекеттік департаменттің, Конгрестің, сондай-ақ, АҚШ-тың іскер және қоғамдық топтарының өкілдері, дипломатиялық корпус қатысатын «Наурыз» мейрамына арналған мерекелік іс-шарамен қорытындыланады.